Клуб мүшелерімен бірге қоғам қайраткерлері, саясаттанушылар референдумға қатысты маңызды мәселелерді көтеріп, жалпыхалықтық дауыс беру елдің саяси жүйесіне қалай әсер ететінін талқылап, ой жарыстырды.
Іс-шараны «Қазақстандық қоғамдық даму институты» КеАҚ басқарма төрағасы Қазыбек Майгелдинов жүргізді. «Референдум азаматтардың мемлекеттік басқаруға неғұрлым кең қатысуын көздейтін, халықтың қолдауымен еліміздің жаңа саяси жүйеге көшуіне барынша ықпал етуге бағытталған», деді ол өз сөзінде.
Журналист, Amanat партиясы саяси бюросының мүшесі Мақсат Толықбай Жаңа Қазақстан ұранының күн тәртібінен түспей тұрғанын, алайда бұл бастаманың алдымен заң, құжат жүзінде сөйлеу керектігін алға тартты.
«Қоғам нақты қадамдарды күтеді. Сондықтан референдум билік үшін емес, алдымен халық үшін керек. Референдумға барғанда ақпарат біліп бару маңызды. Себебі, Конституцияның 33 бабына толықтырулар енгізілмек, бірақ ертең дауыс берерде осы өзгерістерді қолдайсың ба деген сұраққа «иә» және «жоқ» деген екі жауап қана болады. Бүгінде референдум бойынша түсінікті тілмен жазылған қысқаша бейнероликтер әлеуметтік желілерде жақсы пікірлер жинауда. Түсіндіру жұмыстары бойынша әлеуметтік желілердің де мүмкіндігін пайдаланған дұрыс», деп референдумның өтуі қоғам үшін маңызды екенін атап өтті. Саясаттанушы Ислам Кураев: «Референдумға халық қатысу үшін, оларға үгіт-насихат жүргізу керек. Сарапшылар қауымдастығы референдумда дауыс беруге шақыра отырып, халыққа бұл мүмкіндіктің не беретіні туралы ашып айтуы қажет. Сонда халық референдумға барады. Халыққа қарапайым тілмен түсіндіру өте маңызды» деді.
Ал Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясы Әкімшілік басқару департаментінің директоры Жанат Чукеев референдум еліміз үшін іргелі өзгерістерге жол ашады деп санайды. «Конституциялық реформа – қоғамды демократияландырудың шынайы қадамы. Бұл референдум суперпрезиденттік модельден Парламенттің рөлін күшейту, халықтың елді басқаруға қатысуын кеңейту, азаматтардың құқықтарын қорғаудың конституциялық тетіктерін күшейту сияқты іргелі өзгерістерге жол ашады», деді сарапшы. Сонымен қатар «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының ресми өкілі, журналист Әйгерім Есенәлі «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасының көрінісі референдум екендігін айтты.
«Жаңа Қазақстан дегеніміз – әділеттілік ережелері қалыптасқан қоғамы бар мемлекет. 2019 жылы алғаш сөз еткен «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасының өмірдегі, практикалық көріністерінің бірі – референдум. Әрбір азаматтың мемлекеттік құрылымның, реформалардың, даму механизмдерінің бір бөлшегі, қозғаушы күші ретінде жауапкершілігін арттыруда үлесі зор тарихи процесс оң нәтижелерге бастайтынына сенейік», деп атап өтті қордың ресми өкілі. «Еліміздің әрбір азаматы саяси реформаларға қатысуы тиіс. Референдумның мақсаты да сол, мемлекет азаматтардан құралады, референдум халық үнін есту жолындағы тиісті механизм», деді Елбасы Академиясы жобалық кеңесінің басшысы Болат Бұхарбай.
Отырысқа қатысушылар референдумды өткізу идеясын қолдап, Конституцияға енгізілетін түзетулер жобасы саяси институттардың құрылымдық қайта құруларын қамтитынын атап өтті. Іс-шара Референдумды қоғамдық қолдау республикалық штабының қолдауымен өткізілді.