Аймақтар • 19 Мамыр, 2022

Қаратау бөктеріндегі «Қымызмұрындық»

437 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

«Қымызмұрындық» – атадан балаға мирас болып келе жатқан игі дәстүрдің бірі. Бұл ежелден қалыптасқан жазға қарай бие байлап, алғашқы қымыз ішу рәсімі. Оған ауыл ақсақалдары мен өзге де сыйлы қонақтар шақырылады. Көпшілікке арнап ақ дастарқан жайылып, бата жасалады. Дәстүрге сай, биыл бұл үрдіс Әулиеата өңірінде өз жалғасын тапты. Талас ауданының «Жұрындысай» балалар лагерінде облыстық «Қымызмұрындық-2022» этно-фестивалі өтті. Аталған іс-шараға Жамбыл облысының әкімі Нұржан Нұржігітов қатысты. Сондай-ақ этно-фестивальге Тараз қаласы мен өңір аудандарынан жүзге жуық ардагер шақырылған.

Қаратау бөктеріндегі «Қымызмұрындық»

Қарт Қаратаудың бөктерінде өткен игі іс-шара барысында келушілерді ақ жау­лықты әжелер қазақы қонақжайлық пейіл­мен шашу шашып қарсы алды. Қы­мыз әзір­леушілер қымыз баптау барысындағы тәжі­рибелерімен бө­лісті. Ал қонақтар ыстық бауыр­сақ пен қымыздан дәм тат­ты. Сонымен қатар ардагерлер «Ауыз тию», «Биебайлар» рәсім­деріне қатысып, арнайы ұйым­­дастырылған түрлі салт-дәстүрлер мен спорттық жарыстарды, қолөнер көрмелерін тамашалады. Қариялар көпшілікке ақ батасын беріп, елдің тыныштығы мен амандығын тіледі. Аталған іс-шара барысында таластық өнер­паздар өнер көрсетті. Қаратау аспанын ән кернеп, күй қалықтады. Жиында халықаралық Qazaqstan Dauiri жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің бас директоры, Жам­был облысының Құрметті аза­маты Сәуле Мешітбайқызы сөз алып, іс-шараның маңыздылы­ғына тоқталды. Сон­дай-ақ, қазақтың ұлттық сусыны қымыздың қадір-қасиеті жайлы ойын ортаға салды.

Жиналғандар ғасырлардан ға­сырларға жалғасып келе жатқан ұлттық құндылықтарды құрметтеп, дәстүрді дәріптеген елдің алға озатынын атап өтті. Сондай-ақ қасиетті сусын қымызды ұлттық брендке айналдыру, оны кең көлемде насихаттау, ол үшін елімізде «Қымыз­мұрындық» дәстүрін атап өтуді жалпыхалықтық сипатқа айналдыру секілді ұсыныс-пікірлерін ортаға салды.

 

Жамбыл облысы