17 Сәуір, 2014

Жұмыс жоқ емес, құлық жоқ

383 рет
көрсетілді
15 мин
оқу үшін

Бүгінде талап пен еңбекті серік еткеннің қарны тоқ, көйлегі көк

Қазір қайсы қиырға қарасаңыз да, қайсы ауылға ат шалдырсаңыз да «жұмыссызбын!» деген азаматты кездестіре қалуыңыз бек мүмкін. Олар неге жұмыссыз? Оның түрлі себептері бар. Ал енді сол жұмыссыздың бәрі заман талабына сай жұмыс істеп, экономиканың әр кетігінде толассыз еңбек етсе қандай ғанибет!? Ел жағдайы жақсарып, қазіргіден де ірі қадаммен ілгерілей түсер ме едік. Әзірше олай болмай тұр. Әсіресе, қазақ жайлаған қиырға қарасаң, «жұмыс жоқ!» деген желеудің жалауы желбіреп көрінеді. Жумыс-5 Жиырма бірінші ғасырда, қазақтай кең даласы бар елде, құнарлы қойнауы түрлі асыл қазыналарға толы жерде аз ғана халыққа неге жұмыс табылмайды? Осының сырын, себебін білмек мақсатпен Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің Жұмыспен қамту департаментінің бастығы Нұржан Қалдыбатырға жолығып, жұмыссыздықтың мән-жайын анықтауға тырыстық. Сөйт­сек, Қазақстанда еңбек қолы, жұмыс күші керісінше қат екен. Дәл осы кезде еліміздің кез келген қаласында немесе ауылында тірлік қыламын деген адамға түрлі мүмкіндіктер жасалып жатыр. Тіпті, мынадай кәсіп ашып, өзімді өзім жұмыспен қамтымақпын десеңіз, сол істің қыр-сырын үйренуге мемлекет есебінен оқытып, оған барып-келер жол шығыныңызды өтеп, мұнымен бірге белгілі мөлшерде стипендия да төлемек. Қала былай қалып, ауылдағы ағайынға бұдан артық нендей жағдай керек? Тіпті, кәсібіңді меңгертумен қоймай, келешек бизнесіңді қалай құрып, қалай жоспарлауға дейін көмектесіп, кіріс пайдаң мен шығыс шығыныңды дұрыс есептеуді де үйретеді. Негізі өткен жылдың соңына дейін «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасының аясында 110 мыңға жуық адам мамандық игеру, біліктілігін арттыру, қайта даярлау курстарында оқыған. Онда, біліктілігін арттыруға 3, қайта даярлауға 6 ай уақыт кетсе, мамандық игерудің мерзімі 1 жыл екен. Былтыр 66 мыңнан астам азамат осындай оқыту орталықтарын бітіріп, олардың 84 пайызы тұрақ­ты жұмыс орындарын тауып, қызмет етіп жатыр. Департамент бастығына қандай мамандықтарға сұраныс көп екендігі туралы да сұрақ қойдық. Оның айтуына қарағанда, елімізде барлық дерлік мамандықтарға сұраныс бар. Ауылды жерлерге мұғалімдер мен дәрігерлер, сондай-ақ, агрономдар мен мал дәрігері секілді мамандар керек. Ауыл шаруашылығында механизаторлар мен басқа да кәсіп иелеріне жұмыс бар. Ал қалада, ірі кәсіпорындарда көптеген мамандар жеткіліксіз екен. Басқаларын былай қойғанда, қазақ ұлтының құмар мамандықтары экономистер мен заңгерлер де жетіспейтін көрінеді. «Ірі компаниялар мен фирмалар білікті экономистер мен заңгерлерге зәру», дейді Н.Қалдыбатыр. Шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту жөнінде биылғы жылдың басынан бері Үкімет пен Ұлттық кәсіпкерлер палатасы, сондай-ақ, тиісті демеуші қорлар айтып келеді. Қазіргі күнде бизнес-кеңес орталықтары облыс орта­лықтарымен қатар, аудандарда, монақалаларда да құрылып, халыққа қызмет көрсете бастады. Ол жөнінде палатаның төрағасы Абылай Мырзахметов «Шағын және орта бизнесті қарқынды дамыту үшін қазақстандық әрбір отбасыға өзіміз барып, оның мән-маңызын дұрыстап ұқтырғанымыз жөн болар еді. Бірақ дәл солай істеу мүмкін емес. Сондықтан, бизнес туралы бейне-баяндарды теледидардан тек айналдыра бермей, халыққа шағын кәсіптің пайдасы мен оны жасаудың қыр-сырын тереңірек түсіндіру мақсатында осы орталықтар құрылып жатыр», дейді. Кәсіпкерлер палатасы төрағасының осы сөздері, адамзат тарихында ең ұзақ өмір сүрген Осман империясы ыдырағанда, соның қирандыларынан Түркия атты жаңғырған, жаңа тұрпатты елдің негізін қалаған Ататүріктің шағын кәсіпкерлікке қатысты сөзі мен ісі ойға оралды. Алып империяның орталығына жан-жақтан шабуылдаған жауларына тойтарыс беріп, жаңа аяққа тұрып жатқан мемлекеттің бойы­нан мін іздеп андалаған теріс пиғылдағыларға тосқауыл қойған Ататүрік, бұдан былай түріктердің жуан білек, қуатты қолдары қаруды емес, кәсіпті меңгергенін қалайды. Сөйтіп, елді дамытудың жаңа жолына түседі. Соның бірі – халықты шағын және орта бизнеске баулу болады. Тіпті, сол замандағы ұғым бойынша ерлермен тайталаспай, ірі кәсіпорындардағы еңбекке араласа алмай үйде отырып қалған қыз-келіншектерді де шағын бизнеске тартуға үндейді. «Шағын бизнес әр түрік үйінің есігін қағып, отбасының игілігіне айналсын», дейді. Содан былай, бойында дарыны, санасында безбенді ойы мен қолында өнері бар қыз-келіншектер ұлттық қолөнерге ден қойып, оны бизнеске айналдырып, үйде отырып-ақ шағын кәсіппен шұғылданған. Нәтижесінде, түрік­тердің тұрмыстық және кәде­сый бұйымдары алыс-жақын шетелдерге тарап кетті. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың  отбасылық бизнес туралы айтқандарын дұрыс ұққан жан адамның да екі қолын алдына сыйдырып, бос отыра алмасы анық. Аталған министрліктің де негізгі айтары осы. Қазір өз ісін ашып, жұмыс істеймін деген адамға көмек көп. Кәсібін жаңа бастағалы отырған адамға 3 млн. теңге жеткіліксіз болар. Өйткені, істің бастауында көп нәрсе қажет. Мысалы, ауылды жердегі азамат мал немесе егін шаруашылығымен айналысқысы келсе, оған техника мен бірқатар жабдықтардың керек екені рас. Оларсыз ісін бастай алмайтыны аян. Ал техника мен жабдықтардың бағасы белгілі. Бұл сұрағымызды министрліктің Жұмыспен қамту департаментінің жетекшісі мен Ұлттық кәсіпкерлер палатасының төрағасына да қойдық. «3 млн. теңгені аз демес едім. Батыс елдерін анық білмеймін, ал ТМД мен Балтық жағалауындағы мемлекеттерде 20 мың АҚШ доллары былай тұрсын, 1-2 мың долларды місе тұтып, сонымен-ақ өз кәсібін бас­тап жатқандар бар екенін білеміз. Көрші елдердегі әріптестерімізбен, осы жұмыспен қамту және шағын бизнеспен шұғылданам дегендерге жасалатын қолдау-демеулер жөнінде әңгіме болғанда, олар біздің жұмысымызды жоғары бағалайды», деді Н.Қалдыбатыр. Департамент бастығының сөзіне зер салсақ, шағын немесе орта бизнеспен айналысуға пәлендей арнайы білімнің де қажеті жоқ. Ал бизнес жоспарды жасауға мамандар көмектесіп, керек болса, сол салаға арналған оқыту курсына жолдайды. Ол жерде оқытумен бірге, айлық іспетті жәрдемақы, сондай-ақ, жолақыңды қатар төлеп отырады. Десе де, бүгінгі күнде бұрынғыдай әркім қалаған курсына оқытыла бермейтін болыпты. Себебі, таңдаған кәсібіне оқыған көп адам ол сала бойынша жұмыс таба алмай қалуы ықтимал екен. Сондықтан, бұдан былай сұранысқа қарай оқыту көзделіп отырған көрінеді. Мәселен, құры­лысшының өзі ондаған маман­дыққа бөлініп кетеді. Бұған дейін соның үш-төртеуі бойынша ғана маман дайындалып келген болса, ендігіде жұмыс беруші фирмалар мен компаниялардың сұранысына қарай маман дайындалатын болады. Сонда бір сала бойынша артық маман дайындауға кететін шығын үнемделіп, қайта даярлау курсынан шыққан адамның біліктілігіне жұмыс берушінің дауы да болмайды. Себебі, мамандарды қайта даярлайтын оқыту орталықтары мен компаниялар келісімшарттар жасағанда, осыған дейінгі кем­шіліктер жетілдіріліп, басы ар­тық­тары жойылады. Сөйтіп, екі тараптың пысықтауының нәти­жесінде сапалы мамандар дайындалып, оқыту курсын аяқтап шыққан әр азаматқа жұмыс орны алдын ала дайын тұрады. Сондай-ақ, оқыту шығынының денін жұмыс берушінің өзі өтейтін болады. Енді өз ісін ашқысы келе­тіндерге қайта оралсақ. Ұлттық кәсіпкерлер палатасының төр­ағасы А.Мырзахметов мемлекет тарапынан берілетін кө­мектерді саралай келіп, ауыл халқына пайдалы бизнес туралы әңгімеледі. «Біріншіден, кәсібін кезең-кезеңмен дамытам деген адамға мемлекет беріп отырған 3 млн. теңге аз емес. Бұл қаражатты тиімді пайдаланып, бизнесінің болашағын анықтай алған кәсіпкерге берілген несиенің бір бөлігін субсидиялау шарасы да бар. Сондай-ақ, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі ұсынып отырған, бизнес орын тебетін, яғни шағын болмаса орта кәсіпорын салынған жерге қажетті инфрақұрылымды мемлекет есебінен жеткізіп беру шарасы кәсіпкерлерге өте қолайлы болғалы тұр. Өйткені, көп жағдайда кәсіп ашуға қарағанда, оған инфрақұрылым жеткізу әлдеқайда қиын әрі шығыны мол болып жатады. Екіншіден, кәсіп ашарда тек мемлекет ұсынған несиеге ғана емес, түрлі даму қорларының шағын және орта бизнеске қарастырған бағдарламаларына да зер салған жөн. Олар бойынша қала түгілі ауыл кәсіпкері де 15 млн. теңгеге дейін жеңілдетілген несиеге қол жеткізе алады. Біз бұл істі тәжірибеде көргеннен соң айтып отырмыз. Мәселен, 15 млн. теңгеге 600-700 басқа дейін асыл тұқымды қой сатып алуға болады екен. Бұл деген бір отар қой. Мұнша қойдың жыл сайынғы өсімдерінің етін, терісін, жүнін соңғы шегіне дейін өңдеп, базарға шығарып отырса, жыл сайын қанша пайда түсіп тұратынын пайымдай беріңіз», деді палата төрағасы. Ал «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ-тың басқарма төрайымы Ләззат Ибрагимова «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы туралы айтты. «Бұл елдік шара 2010 жылы үдемелі индустриялық-иннова­циялық даму бағдарламасы аясында іске қосылды. Сөйтіп, кәсіп­керлерге гранттар беру, сыйақы мөлшерлемесінің бір бөлігін субсидиялау, несиелерді кепілдендіру, кәсіпкерлерді бизнеске оқыту, бизнесін жүргізуге сервистік қызметтер көрсету шаралары біріздендірілді. Бұлар бірнеше кезеңдерге бөлініп, жүзеге асырылып келеді. Мәселен, 2010-2011 жылдары кәсіпкерлердің назарын аударған және олар үшін ең тартымды тетік субсидиялау болды. Келер жылы бағдарлама кепілдендіру амалымен толықты. Сөйтіп, бұл шара шағын және орта бизнестің несие алу үшін қажетті кепілдендіру мәселесін тиімді шешуге бағытталды», деді басқарма төрайымы. Бағдарламаның өткен жылғы жүзеге асыру кезеңі кәсіпкерлерге көп пайдасын әкелді. Онда кәсіп­керлердің заңды құқықтары жетілдіріліп, еліміздің барлық өңірлерінде кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталықтары ашылған. «Бір терезе» қағидасы бойынша жұмыс істейтін ол орталықтар бизнеске қолдау көрсету жөніндегі мемлекеттік бағдарламалардың бәрі туралы тегін ақыл-кеңес бе­реді. Ал ағымдағы жылы, кә­сіп­керлікті қолдау қызметтері елі­міздегі барлық аудан орталық­тары мен моноқалаларда көрсетіле бас­тайтынын жоғарыда айтып өттік. «Даму» қорынан алынған мә­ліметтерге қарағанда, өткен уақыт аралығында кәсіпкерлерді мемлекеттік қолдаудың түрлі әдіс-тәсілдері әбден жетілдіріліп, жоғары деңгейге көтерілген. Мысалы, алғашқы жылы 135 жоба бойынша кәсіпкерлермен субсидия туралы шарт жасалған болса, былтыр 1 271 жобаны субсидиялау шартына қол қойылыпты. Бұл сандарға қарап, бастапқы көр­сеткіш 9 есеге өскенін есептеу қиын емес. Бұйыртса, «Даму» қоры биыл субсидияланатын жобалардың санын 1500-ге жет­кізуді көздеп отыр екен. Осы арада, қордың кепілдік беретін игі шаралары туралы да айтып өткен дұрыс. 2010 жылғы қанатқақты тәжірибесінде тек 3 кәсіпкердің жобасына ғана кепілдік берілген. Соңынан бұл тәсіл жетілдіріліп, оған деген сұраныс артыпты. Нәтижесінде, өткен жылы 137 жоба кепілдендірілсе, биылғы сенім кепілімен 500-ге тарта жоба қамтылмақ көрінеді. Айтқандай, шағын кәсіпкерлікті орта бизнеске айналдыру шарасын да ұмыт қалдырмайық. Шағын шаруаны толық игеріп, ісін өрлетіп алған адамның өрісін кеңейткісі келері анық. Ұлттық кәсіпкерлер палатасы кәсіпкерлікті дамытудың бұл игі шарасын да назардан тыс қалдырмаған. Нәтижесінде, бизнесмендерді қосымша оқы­туды қарастыратын интернет арқылы білім беру жүйесін іске қосқалы отыр екен. Оның жөн-жорығын арнайы құрылған кеңес орталықтарынан білуге болады. Ал таяуда ел Үкіметі «Рұқсаттар және хабарламалар туралы» және «Қазақстан Республикасының кейбiр заңнамалық актiлерiне рұқсат беру жүйесi мәселелерi бойынша өзгерiстер мен толық­тырулар енгiзу туралы» заң жобасын Парламенттің қарауына ұсынған болатын. Бұл заң кәсіпкерлікке тұсау болар көптеген кедергі-шідерлерді қиып, бизнестің еркін өрістеуіне барлық жағдайды жасайды деген үміт бар. Елімізде кәсіпкерлікке рұқсат беретін құжаттардың бәрі бірінші рет бір заңға енгізілді. Мұндай шара кәсіпкерлерге өте ыңғайлы. Бұрын олар түрлі кодекстер мен салалық заңдарға шашылып кеткен болатын. Содан кәсіпкер рұқсат қағазының қайсысын қай жерде, қалай істеу керектігін білмей шабылып жүретін еді. Ең бастысы, бұдан былай кәсіпкерді тексеруге берілетін рұқсат қағазының әрқайсысы заңмен бекітілетін болады. Бұл орын алып жүрген түрлі бейбастақтықтарға тыйым салады. Естеріңізде болса, бұған дейін тексеру рұқсат қағаздарының санын 30 пайыздан, екі рет қысқартуға Мемлекет басшысы арнайы тапсырма берді. Бірақ одан нақты нәтиже шықпады. Керісінше, бұрынғыдан да көбейе түскені мәлім. Алда қабылданатын жаңа заң осындай келеңсіздіктердің орын алуына жол бермейді, деді А.Мырзахметов. Осы айтылғандардан жасалар түйін, елде жұмыс жоқ емес, сол бар жұмысты атқаруға құлық жоқ. Егер бойкүйездіктен арылар болсақ, екі қолға бір күректің табылары анық. Нұрбай ЕЛМҰРАТОВ, «Егемен Қазақстан».
Соңғы жаңалықтар