17 Сәуір, 2014

Қазақстандағы қаржы секторының дамуы тұрақты

358 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
16-04-01 Кеше Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев өткізген кеңесте Ұлттық Банктің есебі қаралды, деп хабарлады Президенттің баспасөз қызметі. Кеңеске Президент Әкім­ші­лігінің Басшысы Н.Нығ­ма­тулин, Ұлттық Банк төрағасы Қ.Келімбетов, Премьер-Ми­нистрдің орынбасары – Қа­р­жы министрі Б.Сұлтанов, Прези­денттің экономикалық мәсе­ле­лер жөніндегі көмекшісі Е.Орын­­баев, Экономика және бюд­­жеттік жоспарлау министрі Е.До­саев, сондай-ақ, Ұлттық Банк төрағасының орынбасарлары қа­тысты. Кеңес барысында еліміздің қар­жы секторының қазіргі мә­се­лелері мен міндеттері талқы­ла­нып, Ұлттық Банктің 2013 жылғы және 2014 жылдың алғашқы тоқ­санындағы есебі тыңдалды. Мемлекет басшысы жалпы бүгінгі күні елдегі қаржы сек­торының дамуын тұрақты деп сипаттауға болатынын атап өтті. – Экономикадағы несиелер өткен жылмен салыстырғанда 13%-ға өсті. Халықтың де­по­­зит­терінің көлемі 10 триллион теңгеге жетті. Біздің эко­но­­микалық қауіпсіздігіміздің кепілі болып саналатын Ұлттық қор­дың қаражаты бір жыл ішінде 22%-ға дерлік артып, 70 миллиард долларға ұлғайды. Зейнетақы активтерін Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына біріктіру үдерісі аяқталды. Сақтандыру нарығы да өсіп жатыр, оның активтері есепті кезеңде 18%-ға артты. Қаржы саласын одан әрі нығайтуда жүйелі қадамдар жасау үшін Ұлттық Банк Үкіметпен бірлесіп, Қаржы секторын дамытудың 2030 жылға дейінгі тұ­жырымдамасын әзірлеуде. Бұл жұмысты биылғы маусымға қарай аяқ­тау керек, – деді Нұрсұлтан Назарбаев. Қ.Келімбетов Ұлттық Банкке жүктелген міндеттердің орындалу барысы туралы, атап айтқанда, қаржы-несие саясатын іске асы­ру және қаржы жүйесінің тұрақ­тылығын қамтамасыз ету жөнінде баяндады. Кеңес қорытындысында Мемлекет басшысы Ұлттық Банк пен Үкіметке екінші деңгейдегі банктер портфеліндегі жұмыс істемейтін несиелер деңгейін азайту, банк секторын Базель III капиталы стандарттарына өткізуді қамтамасыз ету, қаржылық қызмет көрсетуде тұтынушылар құқығын қорғауды күшейту және олардың сапасын арттыру, сондай-ақ, құнды қағаздар нарығын дамыту жөнінде бірқатар тапсырмалар берді. ----------------------------------------- Суретті түсіргендер С.БОНДАРЕНКО, Б.ОТАРБАЕВ.