Қазақстан • 19 Мамыр, 2022

Ыстанбұлда ортақ оқулықтар таныстырылды

499 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Ыстанбұл қаласында Халықаралық Түркі академиясы, Түркі мемлекеттер ұйымы және Түркия Ұлттық Білім министрлігінің қолдауымен түркі елдерінің ортақ оқулықтар жөніндегі конференциясы өтті, деп хабарлайды Egemen.kz.

Ыстанбұлда ортақ оқулықтар таныстырылды

Алқалы жиынның ашылуына Түркі мемлекеттер ұйымының Бас хатшысы Бағдат Әміреев, Халықаралық Түркі академиясының президенті Дархан Қыдырәлі, Түркия Ұлттық білім министрінің орынбасары Петек Ашкар,  сондай-ақ  мүше мемлекетттердің өкілдері, білім және ғылым саласының үздік мамандары мен сарапшылары қатысты.

16-18 мамыр аралығында өткен басқосуда Халықаралық түркі Академиясы әзірлеген ортақ география, ортақ әдебиет, ортақ тарих оқулықтары таныстырылды. Түркі елдерінің орта мектептерінде  оқытылатын  кітаптардың соңғы нұсқалары сарапшылардың талқысынан өтіп, бірегей нұсқасы қабылданды.

д

Конференцияның ашылу салтанатында Түркия Білім министрінің орынбасары Петек Ашкар «Ортақ түркі тарихы» дәрісі 2018-2019 оқу жылынан бастап Бастауыш білім беру мекемелерінің апталық кестесіне енгізілгенін атап өтті. Соған сәйкес, 8-сынып оқушылары оны таңдау пән ретінде оқи алады.

Министр орынбасары келтірген деректерге сүйенсек, 2018-2019 оқу жылында шамамен 30 мың, 2019-2020 оқу жылында шамамен 38 мыңға жуық оқушы «Ортақ түркі тарихын» таңдаған. 2020-2021 оқу жылында шамамен 48 мың, 2021-2022 оқу жылында шамамен 49 мың бала аталған пәнді оқуға шешім қабылдаған.

Петек Ашкардың айтуынша, келесі оқу жылынан бастап пәнді орта мектеп деңгейінде оқытуға шешім қабылданған. Сонымен қатар орта білім беру ұйымдарында қолданылатын апталық сабақ кестелеріне «Ортақ түрік тарихы» пәнге қосымша «Түрік әлемі географиясы» және «Ортақ түрік әдебиеті» пәндері қосылған. Оны 9-шы сынып оқушылары элективті пән  ретінде оқымақ. Бұдан бөлек, 2022-2023 оқу жылдан бастап 10 және 11 сыныптар кестесіне қосылады.

Министрдің орынбасары Петек Ашкар Чалыстай конференция нәтижесінде қабылданатын шешімдер түркі әлемі жастардың білімді, табысты, ілімімен бөлісетін, ортақшыл, өзін-өзі таныған, мәдени құндылықтарды құрметтейтін адам болып өсуіне зор үлес қосатынын атап өтті.

Спикер сөз соңында Халықаралық түркі Академиясы әзірлеген ортақ география, ортақ әдебиет, ортақ тарих оқулықтары 2022-2023 жылдан бастап мүше мемлекеттерде оқытыла бастайтынына сенім білдірді.

д

Халықаралық түркі Академиясының президенті Дархан Қыдырәлі осындай оқулықтар арқылы ортақ тарихымызды, әдебиетімізді, географиямызды үйретумен шектелмейтінімізді жеткізді.

«Ұлы көшбасшы Мұстафа Кемал Ататүрік «тіл – көпір, тарих – көпір» деп айтқандай, біз түрік әлемінде көпір салып жатырмыз. Менің ойымша, бұл көпірдің іргесі берік болуы керек. Ортақ оқулықтар жобасы 2012 жылы Мемлекет басшыларымыздың тапсырмасымен басталды. Ортақ түркі тарихы ретінде басталған жоба ортақ түркі әдебиеті және түркі әлемі географиясы оқулықтарына жалғасты.

Ортақ мәдениетімізді, географиямызды, ортақ кеңістікті, тарихымызды және ортақ өткенімізді түсіну тұрғысынан әдебиеттің ерекше маңызы бар. Бұл оқулықтар ешбір елдің тарихы, географиясы, әдебиеті емес. Әр елдің өз оқулықтары бар. Мұндағы мақсат – ортақ түсінік қалыптастыру», деді Д.Қыдырәлі.