Кеше Мәскеуде Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Бақытжан Сағынтаевтың қатысуымен Еуразиялық экономикалық комиссияның (ЕЭК) кезекті отырысы өтті, деп хабарлады ҚР Премьер-Министрінің баспасөз қызметі.
Отырысқа қатысушылар осы жылдың 15 сәуіріндегі Қазақстан, Ресей және Беларусь Үкіметі басшыларының кездесуі барысында қол жеткізілген, келісімдер шеңберіндегі Еуразиялық экономикалық одақ (ЕАЭО) туралы келісім жобасын дайындаудың көкейкесті мәселелерін талқылады.
Атап айтқанда, келісім жобасын жасау барысында әріптес елдермен бірлесіп мәселенің түйінді аспектілері, сонымен қатар, мемлекеттердің өзара мүдделерін қанағаттандыруға және интеграцияны одан әрі дамытуға бағытталған ережелер талқыланды.
Бұдан бұрынғы қол жеткен жетістіктерді есепке алып, келісім жобасын дайындаудың негізгі мәселелері мұнай мен мұнай өнімдерін жөнелту, газ тасымалдау, автокөлік тасымалы, темір-жол тарифтерін қолдану және ауыл шаруашылығын мемлекеттік қолдау салаларында өзара іс-қимыл перспективаларын анықтады.
Кеңеске қатысушылар кеше сауда саясаты, техникалық реттеу және санитарлық-фитосанитарлық шаралар мәселелерін ойдағыдай талқылады.
Өнеркәсіп, агроөнеркәсіп, валюта салалары, қаржы рыноктарын қамтитын экономиканың шешуші секторларында ортақ түсіністікке келіп, бұл салаларды өзара тиімді дамыту мүмкіндіктері келісім жобасына енгізілді.
Сондай-ақ, бәсекелестікті дамыту, көлік, энергетика және табиғи монополиялар салаларындағы ынтымақтастық мәселелері қаралды.
Тұтастай алғанда, келісім жобасын дайындау барысы туралы мәселені талқылау қорытындысы бойынша, өзара тиімді әріптестіктің түйінді аспектілері бойынша елеулі нәтижелерге қол жеткізілді.
Экономикалық интеграцияны дамыту бағытындағы бірлескен жұмыс мемлекеттердің тең құқықты әріптестік қарым-қатынас әлеуетін тиімді пайдалану бойынша ынтымақтастығы мен ниетінің жоғары деңгейде екенінің жарқын көрсеткіші болып табылады.