Естеріңізде болса, өткен сенбіде Буффало қаласындағы Tops Friendly Market супермаркетінде белгісіз біреу дүкендегілерге оқ жаудырған болатын. Соның салдарынан 10 адам қаза тауып, үшеуі ауыр жарақаттанған. Құрбан болғандардың 11-і қара нәсілді, қалған екеуі ақ нәсілді.
Шаһар билігі оқиғаны «өшпенділік пен нәсілдік негіздегі зорлық-зомбылық экстремизмі» деп сипаттады. Құқық қорғау органдарының өкілдері шабуыл жасаған содыр арнайы киім киіп, автоматты қарумен келгенін айтты. Ол супермаркет алдында төрт адамды атып тастапты. Оның үшеуі қаза тапса, біреуі аман қалған. Содан кейін ол супермаркетке кірген. Өзін тоқтатпақ болған күзетшіні атып тастаған. Сөйтіп дүкенде сауда жасап жүрген тағы 8 адамға оқ жаудырған.
Пэйтон Гендрон есімді содыр көп ұзамай-ақ қолға түсті. Жергілікті полицияның хабарлауынша, күдікті 18 жастағы ақ нәсілді. Ол шабуылға әбден дайындалған көрінеді. Қара нәсілділер мекендеген ауданға келер бұрын арнайы әскери киім киіп, қару-жарағын сайлап келген. Тіпті, басына киген каскасына видеокамера орнатып, әрекетін онлайн эфирде көрсеткен.
Буффало мэрі Байрон Браун қайғылы жағдайға байланысты пікір білдірді. Оның айтуынша, кез келген қауымдастық мұндай оқиғамен бетпе-бет келуі мүмкін. Ал Эри округінің шерифі Джон Гарсиа содырдың әрекетін зұлымдыққа балады.
Қолға түскен күдікті бірінші дәрежелі кісі өлтірді деген айыппен жауапқа тартылады. Сондай-ақ оны кепілсіз қамауға алған. Алдағы аптада сот отырысы өтеді.
Осы оқиғадан кейін Нью-Йорк штатының бас прокуроры әлеуметтік желі компанияларының кей адамның радикалдануына қатысты тергеу бастады. Тергеу кезінде әлеуметтік желілердің оқиғаны стрим жасау, тарату немесе жоспарлау үшін қаншалықты пайдаланылатынын зерделемек.
Штат губернаторы Буффалодағы шабуылға әлеуметтік желілер кінәлі деп мәлімдеді. Технологиялық компанияға сын айтушылар олардың қарулы қылмыскердің зорлық-зомбылыққа шақыратын жазбаларын жоюға асықпайды деп кінәлады.
«Буффалодағы террорлық шабуыл жек көрушілікті тарататын және насихаттайтын онлайн форумдардың әсері мен қаупін тағы бір рет көрсетті», деді Нью-Йорк штатының Бас прокуроры Летития Джеймс.
Күдікті Пэйтон Гендрон Google-де манифест жариялап, Amazon-ға тиесілі Twitch-те әрекетін тікелей эфирде көрсеткен. Соңғысы атыс басталғаннан кейін екі минут ішінде стримді өшіріп тастағаны, видеоны жоюға тез әрекет еткенін хабарлады. Алайда осы екі минут видеоның басқа жерге тарауына жеткілікті болды.
Көп ұзамай басқа әлеуметтік желілерде видео қызу тарала бастады. Түпнұсқа бейненің үзіндісі Streamable деп аталатын сайтта жарияланған екен. Оны сайттан өшіріп тастағанға дейін үш миллионнан астам рет қаралған. Бұл бейненің сілтемесін жұрттар түсірілімнен бірнеше сағат өткен соң Facebook пен Twitter желілері арқылы жаппай бөлісе бастады.
Буффалодағы атыстан кейін көп ұзамай-ақ АҚШ президенті қалаға барып, қаза тапқандарға арнап гүл шоқтарын қойды. Осы рәсім кезінде сөйлеген сөзінде Ақ үй басшысы ақ нәсілділердің үстемдігін уға балады. Сондай-ақ мұндай түсінікті билікке, саяси пайдаға ұмтылатындардың әрекеті деп мәлімдеді.
«Америкада зұлымдық жеңбейді. Бұған уәде беремін. Өшпенділік басым түспейді және ақ үстемдікке жол жоқ. Ақтардың үстемдігі деген – у. Бұл у денемізде жайылып, саясатқа өтті. Көз алдымызда іріңдеп, таралуына жол берілді. Енді оған жол жоқ. Қайталап айтамын, жол жоқ. Америкада ақ нәсілділердің үстемдігі идеологиясына орын жоқ екенін барынша анық және күшпен айтуымыз керек. Ешқашан. Мұны айтпау, айыптамау сыбайласқа айналдырады. Үнсіздік – сыбайластық. Сыбайластық. Біз үнсіз қала алмаймыз», деді Байден.
Айта кетерлігі, кейінгі кезде жауыздық әрекетін тікелей эфирде тарату белең алып барады. Осыдан үш жыл бұрын Жаңа Зеландиядағы Крайстчерч қаласында содыр екі мешітте 51 адамды өлтіру әрекетін Facebook-те тікелей эфирде таратқан еді. Сол жылдың қазан айында Германиядағы содыр жаппай атыс әрекетін Twitch-те тікелей эфирде таратқан.