Референдум • 19 Мамыр, 2022

Мүгедек адамдарға қажетті жағдай жасалады

313 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Орталық референдум комиссиясы офлайн және онлайн форматта оқыту семинарларының сериясын жал­ғастыруда. Бұл жолғы семинар қоғамдық бірлестіктердің өкілдеріне арналып, онда мүгедек жандардың мәселелері қаралды.

Мүгедек адамдарға қажетті жағдай жасалады

Референдумды ұйымдас­тырудың құқықтық негіздерін, «Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын, республикалық референдум алдындағы үгіт жұ­мыстарын жүргізу тәртібін түсін­діруді мақсат тұтқан семинар жұмысына 150-ден астам адам қатысты. Сондай-ақ жиын­да БҰҰ мүгедек жан­дар­­дың құқықтары туралы Кон­венциясының негіз­гі қағидат­тары туралы хабардар ету, рес­пуб­ликалық референдум өткізу кезінде мүмкіндігі шектеулі азаматтардың құқықтарын іске асыруды қамтамасыз ету мәсе­лелері талқыланды.

Оқыту семинарының жұмы­сына ОРК мүшелері, Қазақ­стандағы БҰҰ Даму бағдар­ла­ма­сының өкілі, ОРК жанын­дағы мүгедектердің құқық­тарын іске асыру жөніндегі жұмыс тобының мүшелері, Еңбек және әлеуметтік қорғау, Әділет министрліктерінің, сон­дай-ақ мүгедек жандардың қо­ғамдық бірлестіктерінің өкіл­дері қатысты. Сондай-ақ бейнеконференция байланысы режімін­де іс-шараға мүгедек жандардың құқықтарын қорғау жөніндегі өңірлік ҮЕҰ өкіл­дері, аумақтық комиссиялардың мүшелері және мүмкіндіктері шектеулі адамдармен жұмыс істеуге жауапты жергілікті атқа­ру­шы органдардың өкілдері қатысты.

Іс-шараның модераторы – Орталық референдум комиссия­сының мүшесі Шавхат Өтемісов комиссияның маңызды міндет­терінің бірі мүмкіндігі шектеулі азаматтардың құқықтарын қам­тамасыз ету бойынша барлық қа­жетті жағдайды іске асыру екенін атап өтті.

Жергілікті атқарушы орган­дарға сайлау учаскесінде да­уыс беруге арналған үй-жайды, дауыс беруге арналған пунктті жа­рақ­тандыру жөніндегі нұс­қау­лыққа сәйкес, референдум учас­келерінде мүгедек адам­дарға жағдай жасауды қамта­масыз ету жөнінде қажетті ша­ра­­лар қабылдау тапсырылды. Қазір­­гі таңда референдумның 10013 учаскесінің басым көп­ші­лі­гі пандустар және так­тиль­ді көр­сеткіштермен жаб­ды­қ­тал­ған. Іс жүзінде барлығы­на кресло-арбаларды пайда­ланатын азаматтардың қажет­тіліктерін ескере отырып, дауыс беруге арналған кабиналар қарастырылған.

Дауыс беру күніне учаске­лер­дің дайындығы мәселелерін бақылауда ұстау, оның ішінде инватакси, сурдоаудармашыларды тарту және т.б. сияқты мүге­дектігі бар азаматтарға ыңғайлы болу үшін қосымша шаралар әзірлеу тапсырылды.

Комиссия мүшесі Шавхат Өте­місов мүгедек жандардың құ­қық­­тарын қамтамасыз ету мәсе­ле­л­ері­мен айналысатын бар­лық қо­ғам­дық бірлестікті жерг­ілік­ті атқарушы орган­дардың учас­ке­лерді жарақтан­дырудың қосым­ша шараларын қабылдауға шақырды.

Жиында БҰҰ Даму бағдарла­масының Қазақстандағы Тұрақ­ты өкілінің орынбасары В.Времиш, ОРК жанындағы мүгедектер­дің құқықтарын қамтамасыз ету жөніндегі жұ­мыс тобының мү­шесі, Сенат депу­таты Л.Қалтаева, Еңбек және халықты әлеуметтік қор­ғау министрлігінің комитет төр­ағасы Е.Нұрғалиев, Әділет министрлігінің департамент директоры Н.Жамаладин, «Арба» тірек-қимыл аппаратының қызметі бұзылған мүгедектер азаматтарды қолдау қоғамы» ҚБ төрағасы, Батыс Қазақстан об­лыс­тық мәслихатының депутаты Г.Батпақұлова, «Пандус ОК» ЖШС құрылтайшысы, Ақтөбе қалалық мәслихатының депутаты Ш.Жұлдызбаев, сондай-ақ мүге­дектердің қоғамдық бірлес­тіктерінің, жергілікті атқарушы органдардың басқа да өкілдері сөз сөйледі.

Сондай-ақ іс-шара шең­берін­де Орталық референдум комис­сиясы аппаратының қыз­мет­кер­лері «Республикалық рефе­рен­дум алдындағы үгіт», «Референдум өткізуді ұйым­дастыру», «Референ­думды ұйым­дастыру мен өткізудің құқықтық негіздері» тақыры­бында баяндама жасады.