Атап айтқанда, депутаттар «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қытай Халық Республикасының Үкіметі арасындағы Ядролық материалдарды, радиоактивті материалдарды, радиоактивті қалдықтарды және радиациялық-қауіпті заттарды заңсыз өткізуді болғызбаудағы өзара іс-қимыл жөніндегі келісімді ратификациялау туралы» заң жобасын қабылдады.
Құжат жөнінде баяндама жасаған Премьер-Министрдің орынбасары – Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаевтың айтуынша, Келісімді ратификациялаудың артықшылығы көп. Мәселен, ядролық, радиоактивті материалдарды, радиоактивті қалдықтарды, радиациялық-қауіпті заттарды кеденнен заңсыз өткізуге жол бермейді. Бұл мақсатта кедендік бақылау саласындағы ынтымақтастық кеңейтіледі. Заманауи технологияларды енгізу мәселелері бойынша ынтымақтастық жасалып, бірлескен оқу-жаттығулар мен оқыту семинарлары өткізіледі.
«Радиациялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласындағы Тараптардың халықаралық мiндеттемелердi орындауын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Атап айтқанда, Тараптардың кедендік шекарасындағы өткізу пункттерінде радиациялық бақылау жүргізіледі. Азаматтарының радиациялық қауіпсіздігі қамтамасыз етіледі.
Мемлекеттердің заңнамасына сәйкес әкелуге тыйым салынған ядролық, радиоактивті материалдарды, радиоактивті қалдықтарды, радиациялық қауіпті заттарды Тараптар мемлекеттерінің аумағына әкелуге жол берілмейді. Яғни радиация аясы белгіленген нормалардан асатын әкелу елінен тауарлар мен көлік құралдарын тасымалдауға қатысты Тараптар мемлекеттері заңнамасының талаптары сақталмаған жағдайда, мұндай тауарлар екінші Тарап мемлекетінің аумағына әкетілмейді», деді Е.Жамаубаев.
Ведомство басшысының сөзіне сүйенсек, кедендік бақылау кезінде тауарлар мен көлік құралдарының сәулелену деңгейінде айырмашылық болса, онда бірлескен бақылау жүргізіледі. Бірлескен радиациялық бақылауды жүргізу тәртібін Тараптар мемлекеттері кеден органдарының өкілдерінен және оқу орталықтарының мамандарынан тұратын бірлескен жұмыс тобы айқындайды.
«Қабылданған заң жобасы ядролық және радиоактивті материалдарды кедендік шекарада заңсыз өткізудің алдын алуға арналған. Құжат Қазақстан Республикасы мен Қытай Халық Республикасы арасындағы біріккен іс-қимылдардың құқықтық негізін қалыптастыруды көздейді. Алдағы уақытта бұл заң екі мемлекет арасындағы кедендік бақылауға қатысты ынтымақтастықты одан әрі дамытуға оң үлесін қосады деп сенеміз», деді Мәулен Әшімбаев.
Сонымен қатар сенаторлар «1992 жылғы 13 наурыздағы Салық саясатының келісілген принциптері туралы Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттер үкіметтері арасындағы келісімнің қолданысын тоқтату туралы хаттаманы ратификациялау туралы» заң қабылдады. Бүгінде бұл Келісімге қол қойылғанына 30 жыл уақыт өтті. Қазіргі таңда құжат, оның ішінде Келісімнің қолданылу мерзімін ұзарту туралы өтінімдердің болмауына байланысты өзінің өзектілігін жоғалтты. Соған байланысты ТМД-ға мүше мемлекеттер Келісімнің қолданысын тоқтату туралы шешім қабылдады.
Бұдан бөлек, сенаторлар ел Президентінің ұсынымы бойынша Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының судьясы Ерден Әріповті басқа қызметке тағайындалуына байланысты қызметінен босатты.
Отырыс кезінде сенаторлар өздерінің депутаттық сауалдарын да жолдады. Сенатор Рысқали Әбдікеров Премьер-Министр Әлихан Смайыловтың атына жолдаған депутаттық сауалында лифтілердің нашар жағдайына және оларға қызмет көрсету деңгейіне қатысты проблемаларды атап өтті. Сенатор 2012 жылы лифт саласын лицензиялау алынып тасталғанына тоқталып, соның салдарынан жауапкершілігі төмен компаниялар пайда болғанына наразылық білдірді.
«Қазақстан Республикасы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі мен Қазақстан Лифтшілері ұлттық қауымдастығының мәліметтеріне сүйенсек, 2018-2022 жылдар аралығында елімізде лифт ақауынан 13 төтенше жағдай тіркеліп, оның 8-і қайғылы жағдаймен аяқталған. Бүгінгі күні, еліміздегі көпқабатты тұрғын үйлерде шамамен 30 мыңнан астам лифт болса, соның 4 мыңнан астамы жөндеуді немесе ауыстыруды қажет етеді. Әсіресе Павлодар, Қарағанды, Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан, Ақтөбе облыстарындағы тұрғын үйлердің лифтілері әбден тозған. Сондықтан бұл мәселе жұртшылықты қатты толғандырады», деді Р.Әбдікеров.
Сенатор сонымен қатар отандық лифт жасаушыларды қолдауды күшейтудің маңызын атап өтті. Ресми деректер бойынша Қазақстанға жыл сайын 5 мыңнан астам лифт әкелінеді. Ал отандық компаниялар бұл сұраныстың тек 21 пайыздан астамын ғана қанағаттандыра алады. Депутат осыған байланысты саланы қолдауды күшейтуді, апаттық лифтілерді ауыстыруға несие бөлуді, күмәнді лифтілерді жеткізуді шектеуді ұсынды. Сондай-ақ ұлттық стандарт талаптарының сақталуын қатаңдатуды және оларға сәйкес келмеген жағдайда әкімдіктердің осындай лифт компанияларына айыппұл салуына рұқсат беруге кеңес берді.
Үкімет басшысына жолдаған сауалында Дүйсенғазы Мусин Шығыс Қазақстандағы «Қазсушар» кәсіпорнының гидротехникалық нысанын жөндеу жұмыстарын жедел аяқтау керектігін атап өтті. Депутаттың айтуынша, бірнеше жыл бойы жөндеуді негізсіз кешіктіру жобаның қымбаттауына және шаруалардың шығынға ұшырауына алып келеді.
Мәселен, 2014-2016 жылдары 5 бірдей жоба бойынша гидротехникалық құрылыстарды қайта жаңғырту жұмыстары аяқталуға тиіс еді, бірақ жұмыс әлі аяқталмаған. Жөндеу жұмыстарының негізсіз кешігуіне байланысты Зайсан ауданындағы Үйден су қоймасын қалпына келтіру құны 851 миллион теңгеге өсті. Қарғыба өзеніндегі бөгетті жөндеу 320 миллион теңгеге дейін қымбаттауы мүмкін.
«Осы жобалардың уақтылы аяқталмауына байланысты 28 646 гектар суармалы жер көп жыл бойы тиімді пайдаланылмай, ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің қаржылық жағдайына және ондаған елді мекеннің әлеуметтік-экономикалық жағдайына үлкен нұқсан келтірді. Жоғарыда айтылғандарды негізге ала отырып, суармалы жерлерді тиімді пайдалану мақсатында аталған жобаларды аяқтауды қаржыландыруды қарастырып, шешімін табуға көмектесуіңізді сұраймын», деді Д.Мусин.
Сенатор Ақылбек Күрішбаев Премьер-Министр Әлихан Смайыловтың атына жолдаған депутаттық сауалында азық-түлік инфляциясының рекордтық деңгейге жеткенін атап өтті. Сенатор Қазақстан ауылшаруашылық өнімдерінің негізгі түрлерін экспорттайтын әлемдегі 10 елдің қатарына кіретініне қарамастан, азық-түлік бағасының өсуі маңызды мәселеге айналғанын жеткізді. Депутат бұл ретте біздің еліміз азық-түлік инфляциясының деңгейі бойынша көптеген басқа елдің алдына түсіп кеткеніне назар аударды.
«Қазіргі уақытта мемлекеттік органдарымыз өрт сөндіру әдісімен жұмыс істейді деп айтуға болады. Олардың іс-қимылы алдын алу сипатындағы шараларды қолдануға емес, аяқасты туындаған жағдайға жауап қайтаруға ғана бағытталған. Ең сорақысы, бізде елдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелерінде жүйелілік жоқ», деді А.Күрішбаев.
Сенатор «азық-түлік тәуелсіздігі» ұғымын заңнамалық деңгейде дәл анықтап, бекітілуі тиіс және тамақтану нормасын анықтауда нақты тәсілдерге көшу керек деп санайды. «Бізде азық-түлік қауіпсіздігі доктринасы қабылданып, оның нақты көрсеткіштері, бағалау өлшемшарттары мен қамтамасыз ету тетіктері айқындалуға тиіс. Дамыған елдерде бұл мәселелер ұзақмерзімді экономикалық байланысты қалыптастыра отырып, белгіленген бағамен форвардтық және фьючерстік келісімшарттарды дамыту арқылы шешіледі. Сондықтан оларда азық-түлік тауарларын ішкі нарыққа белгіленген бағалар бойынша жеткізудің тұрақты көлемі сақталып отырады. Осы себептен аталған елдерде азық-түлік инфляциясы біздегідей көтерілмейді», деді сенатор.
Ақылбек Күрішбаев сондай-ақ өсірілген өнімді ішкі азық-түлік нарығына форвардтық келісімшарттар бойынша және белгіленген бағаларға сәйкес жеткізуді субсидия алудың міндетті шарты ретінде енгізу қажеттігін атап өтті.