Сондай-ақ жаңа арнайы экономикалық аймақтар құруға мораторий енгізу, бейінді емес бағыттарды қысқарту, сондай-ақ қайта бөлу деңгейі бойынша өңдеуші өнеркәсіп шеңберінде қызметтің басым түрлерінің жеке тізбесін қалыптастыруды ұсынды.
Комитет төрағасы Серікбай Трұмов дөңгелек үстел отырысын аша келіп, арнайы экономикалық аймақтардың құрылу себебіне тоқталды. Қазіргі замандағы өнімділігі жоғары, бәсекеге қабілетті өндірістерді жедел дамыту, қызмет сапасының жаңа деңгейін қалыптастыру, инвестициялар тарту, салалар мен өңірлерге жаңа технологиялар енгізу, сондай-ақ халықты жұмыспен қамту мақсат етілгенін жеткізді.
Қаржы министрінің орынбасары Марат Сұлтанғазиев АЭА қызметінің тиімділігін талқылау барысында баяндама жасады. Ол Бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитеті арнайы экономикалық аймақтардың қызметіне аудит жүргізгенін, онда инфрақұрылымның аяқталмағаны, өнеркәсіпке инвестициялар тарту деңгейінің төмендігі және өндіріс көлемінің аздығы жөнінде бірқатар жүйелі кемшілік пен заң тармағының бұзылғаны анықталғанын айтты.
Сонымен қатар Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің орынбасары Марат Қарабаев, Энергетика министрінің бірінші орынбасары Мұрат Жүребеков, сондай-ақ «Инновациялық технологиялар паркі» АЭА бас директоры Олжас Сартаев баяндама жасады.
Сенаторлар дөңгелек үстел жұмысының қорытындысы бойынша Үкіметке жіберілетін ұсыныстар әзірледі. Серікбай Трұмов инвестициялар көлеміне, АЭА аумағындағы қызмет түрлерінің басымдығына байланысты жеңілдіктер беру кезінде сараланған тәсіл мәселесін пысықтау қажеттігін атап өтті. Сондай-ақ барлық объекті пайдалануға берілгеннен кейін АЭА қатысушыларына жер алаңын сатып алу мүмкіндігін берудің, аралас тәсілді енгізудің маңызды екені және басқа да мәселелер айтылды.