Amanat партиясы Қызылорда қалалық филиалы ұйымдастырған кездесуде Ғалым Махмұтбайұлы Конституцияға енгізіліп отырған өзгерістердің мән-жайын түсіндірді. Президенттік билік, Парламент пен жергілікті өзін өзі басқару саласына да заманға сай өзгеріс әкелетін осы қадам еліміздің жаңаруының негізіне айналатынына тоқталды.
– Жер және жер қойнауы, су, өсімдіктер мен жануарлар дүниесі, басқа да табиғи ресурстар халыққа тиесілі екені жайындағы норманың бекітілуі, сайлау жүйесіндегі өзгерістер, облыстар, республикалық маңызы бар қалалар мен астананың әкімдерін тағайындаудағы жаңалықтар ел басқару ісіне халықтың қатысу мүмкіндігін кеңейте түседі. Жаңа кезеңге қадам басқан қоғам жастары ел өміріндегі осындай маңызды сәттен сырт қалмайды деген ойдамыз, – деді депутат.
Кездесуде партияның республикалық штабы мүшесі Базар Танбаева, Amanat Жастар қанаты Қызылорда облыстық филиалының төрағасы Медет Жорабек Жаңа Қазақстан құрудағы маңызды кезеңде кейінгі толқынның үлесі көп болуы керектігін айтып өтті.
Белсенді жастың бірі Шернияз Жалғасбекұлының айтуынша, өз қатарларының басты құжаттағы өзгерістерге қызығушылығы жоғары. Олар өзгерісті қалайды және әділетті қоғам құрудың басты шарты болып отырған негізгі құжаттағы жаңалықтарды жүзеге асыруға өз үлестерін қосуға дайын.
Қызылорда