Парламент • 20 Мамыр, 2022

Мәулен Әшімбаев: Жаңа Қазақстанның жаңару көзі - жастар

431 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Конституцияға енгізілетін өзгерістер әр азаматқа өз әлеуетін іске асыру үшін мүмкіндік беруді көздейді. Бұл туралы Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев айтты, деп хабарлайды Egemen.kz.

Мәулен Әшімбаев: Жаңа Қазақстанның жаңару көзі - жастар

«Бүгін жастар саясатына қатысты мәселені талқылау үшін жиналып отырмыз. Бұл қазіргі таңда еліміз үшін басым бағыттардың бірі екені сөзсіз. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен кешенді саяси өзгерістер мен конституциялық реформа қолға алынды. Оның бәрі демократиялық-әлеуметтік және әділетті мемлекет құру үшін қабылданып жатқан шаралар. Конституциямызға енгізілетін маңызды өзгерістер халықтың таңдауына беріліп, референдумға шығарылып отыр. Бұл өзгерістер қазақстандықтардың өмірін жақсартуды, бәсекелестікке қажетті жағдай жасауды және әр азаматқа өз әлеуетін іске асыру үшін мүмкіндік беруді көздейді», деді М. Әшімбаев Сенаттағы «Жаңа Қазақстан: жастар және жаңғыру» тақырыбындағы парламенттік тыңдау кезінде.

Осы ретте ол жаңғырудың негізгі күші және Жаңа Қазақстанның жаңару көзі жастар екенін атап өтті.

«Сондықтан реформаның түпкі мақсаты да жастардың әл-ауқатын арттыруға әрі олардың дамуына жағдай жасауға арналған. Бүгінде Қазақстанда 4 млн-ға жуық жас бар. Яғни бұл еліміздің әрбір бесінші тұрғыны жас азамат деген сөз. 2000-шы жылдардың ортасында және екінші жартысында елімізде бала туу көрсеткіші күрт өсті. Сондықтан қазір жастардың саны үнемі өсіп отыратыны түсінікті. Бұл үрдіс 2030 жылға қарай өз шыңына жетеді деп болжанып отыр. Әрине, мұның артықшылықтары өте көп», деді Сенат төрағасы.

Аяна Тоғанбек