Онлайн форматта өткен іс-шараға Министрлік өкілдері, «Адам құқықтары хартиясы» қоғамдық қорының, Еуропалық құқық және адам құқықтары сараптамалық институтының өкілдері, профессорлар, сондай-ақ ҚХА Ғылыми-сарапшылық кеңесінің, Ғылыми-сарапшылық топтарының, ҚЭЗИ жанындағы сарапшылық тобының мүшелері және басқа да мүдделі сарапшылар қатысты.
Этносаяси дискурс алаңында сарапшылар референдумның маңыздылығы мен қажеттілігі, оны өткізуге қойылатын талаптар, негізгі Заңға түзетулер енгізу қажеттілігі, сол түзетулердің жақтаушылары және қарсыластары кім, қандай конституциялық реформалар азаматтық теңдік мәселелеріне жауап береді деген өзекті сұрақтарға жауаптарды тереңірек ашуға тырысты.
Атап айтқанда, Еуропалық құқық және адам құқықтары сараптамалық институтының директоры, заң ғылымдарының докторы, профессор, ҚХА ҒСК мүшесі Марат Советұлы конституциялық реформалар барлық азаматтардың конституциялық құқықтарын қорғайтын және мемлекеттік тетіктердің тиімділігін арттыратын азаматтық теңдік доктринасының негіздеріне сәйкес келуге бағытталған деп санайды. Сондай-ақ, ол әрбір азаматтың референдумға қатысуының маңыздылығын сөзге тиек етті.
Өз кезегінде, «Адам құқықтары хартиясы» қоғамдық қорының атқарушы директоры Жеміс Өтегенқызы жаңа реформаларға сәйкес әрбір азамат өздігінше ойланып, мемлекеттік ауқымдағы шешім қабылдауға дайын деп есептейді.
«Бүгін біз жаңартылған Қазақстанда өмір сүргіміз келе ме, жоқ па, соны әркім өзі үшін шешуі тиіс. Өйткені, халықтың ұсынылып отырған конституциялық реформаларды қолдауы заңнаманы ғана емес, азаматтық құқық санасын да өзгерту жөніндегі ауқымды жұмысты жалғастыруға мүмкіндік береді», дейді ол.
Іс-шара барысында қатысушылар пікір алмасып, алдағы референдумның маңыздылығын атап өтіп, өздерінің азаматтық борыштарын орындауға дайын екендіктерін білдірді.