«Бүгінгі таңда Үкімет кәсіпкерлікті қолдау шараларын жүзеге асырып жатыр. Кейінгі 5 жылда шағын және орта бизнестің ЖІӨ-дегі үлесі 27%-дан 35%-ға дейін ұлғайды», деді Премьер-Министр көрменің ашылу салтанатында.
Сонымен қатар Премьер-Министр шағын және микрокәсіпкерлік субъектілеріне тексеру жүргізуге Мемлекет басшысы жариялаған мораторий елімізде бизнес еркіндігін қамтамасыз етуге оң әсер еткенін атап өтті.
Өндірістің қайта өңдеу саласындағы импорттың өткен жылы $38 млрд болғанын ескерсек, кәсіпкерлер үшін оны алмастыру - келешегі зор бағыттардың бірі болып отыр.
«Бұл - біздің отандық өндірушілерге өз ісін дамытуға және жаңа тауарлардың өндірісіне инвестициялар бағыттау үшін үлкен мүмкіндік береді. Бүгінде Үкімет 717 инвестициялық жобаның пулын құрды, олардың 286-сы – 9,9 трлн теңге сомасына импортты алмастыратын жобалар», деді Әлихан Смайылов.
Үкімет басшысы 2022 жылы жалпы құны 1,7 трлн теңге болатын 165 жобаны іске асыру жоспарланғанын атап өтті. Осындай әр жобаның айналасында шағын және орта бизнес компанияларының белдеуі дамитын болады.
Сондай-ақ бизнеске әкімшілік жүктемені төмендетуге мүмкіндік беретін Кәсіпкерлік саласындағы реттеушілік саясат жөніндегі заң қабылданды. Үкімет бизнес жүргізу және нарықтағы монополияларды жою үшін бәсекелестік аясын кеңейту жұмыстарын жалғастырып жатыр. Отандық компаниялардың квазимемлекеттік сектордың сатып алуына қол жеткізуді жеңілдету бағытында белсенді жұмыс жүргізуде.
«Мемлекет басшысы атап өткендей, билік пен бизнестің сындарлы өзара іс-қимылы әлеуметтік-экономикалық тұрақтылықтың негізін құрайды. Осы бағытта Үкімет кәсіпкерлерді мемлекеттік қолдау шараларының тиімділігі мен ашықтығын арттыру бойынша жұмысты белсенді түрде жалғастыратын болады», деді Әлихан Смайылов.
Ашылу рәсімінен кейін Премьер-Министр көрме залында болып, отандық тауар өндірушілердің стендтерімен танысты. Биыл Ulttyq Ónim көрмесіне «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры («Бәйтерек» холдингінің еншілес ұйымы) арқылы мемлекеттік қолдау алған отандық микро, шағын және орта бизнестің 350-ден астам өкілі қатысады.
Сонымен қатар көрмеге келушілерге «Халық таңдауы» дегустациялық конкурсы, жетекші отандық өндірушілердің әйелдер және ерлер киімдерінің топтамаларының көрсетілімі ұйымдастырылады. Көрме аясында кәсіпкерлерге Франчайзингтік компаниялардың форумы, іскерлік келіссөздер мен әртүрлі шеберлік сыныптары ұйымдастырылады, онда белгілі кәсіпкерлер білімдері мен тәжірибелерімен бөліседі.