19 Мамыр, 2010

Эдуард ШЕВАРДНАДЗЕ: СІЗДЕР СЫН САҒАТТА СЫР БЕРМЕДІҢІЗДЕР

710 рет
көрсетілді
46 мин
оқу үшін
“Жиырмасыншы ғасырдың тарихи жылнамасында Эдуард Шеварднадзенің есімі айшықты әріптермен әдіптелген. Михаил Горбачевпен бірге Эдуард Шеварднадзе жаңаша ойлауды жақтайтын аса көрнекті тұлғалардың қатарына қосылады, ондайлар Кеңес Одағында онша көп болмайтын. Әсіресе, саясаткерлердің арасында тіпті сирек еді. Алайда, олар өзінің елін ғана емес, бүкіл әлемді өзгерте алды  – бүкіл әлемді жақсарта алды” – Ганс-Дитрих Геншер осылай жазған болатын. Әрбір көзі қарақты адам Эдуард Шеварднадзенің дүние тарихындағы орны жөнінде дәл осылай немесе осыған қарайлас ойлайды деп шамалауға толық негіз бар. “Эдуард Шеварднадзенің өмірі – саясатта ұзақ өмір сүре білудің ерекше үлгісі. Оның мансап жолының жылнамасы аспандай асқақтау мен қирай құлдырауға, бір лагерден бір лагерге, бір саяси сахнадан екінші саяси сахнаға күтпеген жерден, әйтсе де заңды түрде ауысуға толы. Одақтық Грузияның қатаң коммунистік лидері Шеварднадзе 1980-ші жылдардың соңында горбачевтік саяси бюродағы басты демократтардың біріне, “жаңаша ойлау” саясатының белсенді жүргізушісіне, АҚШ-пен одақтасуды құлшына қолдаушыға, Германияны біріктіру идеясының жақтаушысына айналды. 1990-шы жылдардың басында, тәуелсіз Грузияның бірінші президенті, бұрынғы диссидент Звиад Гамсахурдиа елден қуылып шыққаннан кейін ол Грузия президенті болды, арада 11 жыл өткенде АҚШ президенті ойластырған “жаһандық демократия революциясының” алғашқы оқ атысында өзі тақтан тайды­рылды. Біздің заманымыздың ең табанды әрі ең тәжірибелі саясаткерлерінің бірі болып табылатын Эдуард Шеварднадзе кім?” – жақында Тбилисиге жолымыз түскенде алынған сұхбаттан кейін маған қолтаңба қойылып, сыйға тартылған кітапта – Эдуард Шевар­днадзенің “Когда рухнул железный занавес” деп аталатын мемуарлық еңбегінің (М., “Европа”, 2009) аннотациясында осылай жазылған. Елдің бұрынғы президентіне оның 2003 жылғы 23 қарашадағы отставкасынан кейін қалдырылған, жұрт “Шеварднадзенің Крцаниси резиденциясы” деп атайтын тау биігіндегі  жекежайда Қазақстан Республикасының Гру­зиядағы Төтенше және өкілетті елшісі И.И.Мур­салимовтің көмегімен ұйымдасты­рылған мына сұхбат барысында сол сұраққа біз де жауап іздеп көрдік. Құрметті Эдуард Амвросиевич! Отыз бес жылдық журналистік жолым мені көптеген атақты адамдармен, биік лауазым иелерімен кездестірді. Олардың арасында бірнеше елдердің президенттері де бар. Әйтсе де дәл бүгінгі әңгіменің – экс-президентпен сұхбаттың мәнін солардың ешқайсысынан кем қоймас едім. Бүгін мен шын мәнінде әлемге әйгілі тұлғамен, дүние тарихын өзгертуге нақты ықпал еткен адаммен әңгімелескелі отырғанымды толық түсінемін. Мені қабылдауға уақыт тапқаныңыз үшін алғысымды айтамын. Студенттік жылдарымызда, болашақ журналист болсақ та, шыны керек, партияның қаулы-қарарларына онша мән бере бермейтінбіз. Соның өзінде де бір қаулының елді елең еткізгені, жаңағы құжат жарияланған газет нөмірінің қолдан қолға көшіп жүргені есімізде. Ол құжат – СОКП Орталық Комитетінің Тбилиси қа­ла­лық партия комитетінің жұмысы туралы қаулысы. Жас болсақ та жаңағы қаулы­ның кезекті партиялық құжат еместігін, елде расында да алаңдайтындай жағдай­лар бар екендігін пайымдағанбыз.  Сіздің саяси мансап жолыңыз сол қаулыдан кейін шындап басталғаны белгілі. Ондай қаулының қабылдануына не себеп болды? – Сол жылдар үшін ол, расында да, төтенше қаулы еді. Тбилиси қаласы бойынша ғана қабылданғанымен, сол құ-жатта аталған тамыр-таныстық, жемқор­лық, парақорлық, протекция, ұрлық-қарлық, заңсыздық көріністері  Кеңес Одағындағы кез келген жерден табыла-тын. Әйтсе де, әлгіндей әрекет­тер­дің дәл Тбилисиде шектен шығып кет­кендігі мойындамауға болмайтын шындық еді. Мен Тбилиси қалалық пар­тия комитеті­нің бірінші хатшылығына Ішкі істер министрі қызметін он жылдан артық уақыт атқарып келгендіктен де мұның барлығын өзгелерден жақсырақ біле­тінмін. Сол жылдың аяғында-ақ менің Грузия Компартиясы Орталық комите-тінің бірінші хатшысы болып сайлануым қаладағы тәртіпті тез арада қалпына келтіре алуымның, ең бастысы – жұрт­шылықтың әділеттілікке сенімін оралта алуымның арқасы деп айтуымның артықтығы болмас. – Солай екендігін біз де алыста жүріп-ақ шамалайтынбыз. Сіздің республикадағы коррупциямен қалай күресіп жатқаныңыз Қазақстанға да жететін. Бір жолы сіз үкімет мүшелерінің қарауына нақты мә­селе ұсынып, дауыс беруін сұрапсыз. Олар қолдарын көтерген кезде сіз сол күйінде, қолдарын түсірмей тұра тұруларын өті­ніпсіз. Сонда қолында таза алтын сағаты жоқ бірде-бір министр табылмапты... Бұл болған жағдай ма, анекдот па? – Кез келген анекдоттың астарында шындық жатады... – Кеше біз, бір топ қазақстандық журналистер, Боржом шатқалына, атақты арасан суы шығып жатқан жерге бардық. Кешкісін кәдімгі грузин қонақжайлылы­ғымен айқара жайылған дастарқан басын-да әріптестерімнің бірі, “Казахстанс­кая правда” газеті бас редакторының орынбасары Гүлнәр Рахметова: “Грузия бұрын 15 баласы бар үйдің ең ерке баласы сияқты еді”, деп қалды. Сол сәтте-ақ дастарқанның ана басынан бір егде кісі: “Кейін еркеліктің азабын тарттық қой...”, деп әзіл айтып үлгерді. Расында да, бүкіл елді ұлты грузин Сталин басқарған жылдардан бері Грузия Кремльдің ерекше назарында тұрған, бөлекше қамқорлы­ғында болған дейтін түсінік бар. Бұл жөнінде не айтар едіңіз? – Сталин заманындағы репрессия­лардан ең көп зардап шеккен халықтар­дың бірі – грузиндердің өзі. “Тәубеге түсу” (“Покаяние”) фильмін көрген кез келген адамның көзі жетеді бұған. Айтқандай, Тенгиз Абуладзенің сол филь­мін мен әу бастан қолдап, түсіріл­ген соң Мәскеу алдында қорғап шық­қан­мын. Сталин мен Берия өзгелер гру­зин ретінде қанына тартады демеуі үшін өз ұлтына тіпті артық қиянат жасаған. – Кеше  Гориде болдық. Бізге Сталин туған үйдің есігін ашып беретін адамның да табылмағаны таңдандырды. Сондағы мэрияның алдына қойылған Сталин ескерткішін жұлып тастау жөнінде дау-дамай өршіп тұр екен. Менің өз ойымша, Жер бетінде Сталинге жалғыз ескерткіш сақталуы жөн болса, ол ескерткіш оның отанында – Гориде тұруға тиісті сияқты. – Грузияның кеңес өкіметі жылда­рында көп өскені, көркейгені анық. Бірақ ол ешкімнің де бөлекше қамқор­лы­ғының арқасы емес, мұның бәрі грузин халқының, республикадағы көп ұлтты жұртшылықтың бірлесе атқарған жемісті жұмысының арқасы. Белгілі бір дәрежеде Грузия эксперименттер жа­са­ла­тын республикаға да айналды. Әсі­ресе, ауыл шаруашылығында реформа жақсы жүрді. Аудандық агроөнер­кә­сіп­тік кешендердің (РАПО) құрылуы ал­дымен бізде басталған. Абаш ауданында. – Сонда да бірқатар артықшылықтар болды ғой? – Мысалы, қандай? – Мысалы, грузин тілінің Грузияның мемлекеттік тілі болғандығы. Біз тәуелсіз­дікке дейін, тіпті респуб­ликамыздың бірінші басшысы Саяси бюроның мүшесі болып тұрса да,  ондайды армандап қана қоятынбыз. Тіпті кейін де қазақ тілінің мемлекеттік тіл мәртебесіне бір-екі жыл айтысып-тартысып жүріп қол жеткіздік. – Оның жайы былай. Лениннің тұсында-ақ грузин тілі бізде мемлекеттік тіл еді. Сталиндік конституция сол статусты  бекітіп қана берді. Ал Грузия­ның 1978 жылғы конституция­сында гру­зин тілінің мемлекеттік мәртебесін сақ­тап қалуы оңайға түскен жоқ. Бұл арада студент жастардың да,  ел интел­лиген­циясының да, республика басшы­лығы­ның да сөзі бір жерден шығуының мәні үлкен болды. Брежневтің де көмегі тиді. – Қазір қоғамда Брежнев туралы толықтай теріс түсінік қалыптасып бітті. Сіз ол кісінің басшылығымен көп жыл жұмыс істедіңіз, оны жақсы білдіңіз. Соншалықты дәрменсіз болса, ондай адам КСРО-дай алып державаны 18 жыл бойы қалай басқарған? – Брежневтің тұсында Грузияны 10 жыл басқарғаныммен, ол кісіні сонша жақын білдім дей алмаймын. Мәскеудегі жиналыстарда, съездерде, бірнеше рет Грузияға келгенінде араласқаным болмаса. Брежневтің маған сенгенін айтуым керек. Менің бастамашыл жұмыс стилімді қолдап отыратын. Осы жақтан жазылып жататын арыздарға байланысты “Республиканың көрсеткіштері жақсы, Шеварднадзе жұмысын біледі, кедергі келтірмеңдер” деп айтты дегенді талай рет естігенмін. Жалпы, жүрегі жұмсақ адам еді. – Грузин тілінің мемлекеттік мәртебесін сақтап қалуына Брежнев қалай көмектесіп жүр? – 1977 жылы КСРО-ның жаңа  Конс­титуциясы қабылданды ғой. Содан кейін барлық республикалар жаңа Конс­титуцияға негізделген өз конституция­ларын жасауға, қабылдауға кірісті. Мәскеу барлық ұлт өкілдері бірдей түсі­не­тін орыс тілін Грузияда да мемлекеттік тіл етуді ұсынды. Оған дейін республи­каның негізін құраған ұлттың тілі тек Грузияда ғана мемлекеттік тіл мәртебе­сіне ие еді. Енді бізге де қауіп төнді. Біз әу бастан бұл ұсы­нысқа қарсы болдық. “Қарсы шықтық” демей, “қарсы бол­дық” деп әдейі айтып тұрмын. Консти­туция жобасын жасау бары­сында ашық қарсы шықсақ, Мәс­кеу бірден-ақ тиісті шешім қабыл­дай­ты­нын, оның тіпті рес­пуб­лика басшы­лы­ғы­на байланысты ұйым­дық шешім болуы да мүмкін екенін біз жақсы білдік. Сон­дықтан Грузия Конститу­циясы жөнінде мен жасайтын баяндамада грузин тілі мемлекеттік тіл статусын сақтап қала­тын­дығы жөнінде айтылатынын барын­ша құпия ұстадық.  Дегенмен, Мәскеуге барып қайтуға тура келді. Әуелде “елдің бас идеологы” Сусловпен кездестім, бірақ оған грузин үшін ана тілінің қан­дайлық орны бар екенін айтып түсін­діремін дегенімнен ештеңе шықпады. Болмаған соң Бреж­нев­тің қабылдауына кірдім. “Эдуард, сен білесің ғой, мен идео­логиямен айналыс­паймын. Суслов­пен өзің сөйлес”, деуден аспады ол кісі. Сусловпен қайта сөйлесудің мәні жоқ екенін білгеннен кейін мен Орталық Комитеттің Жалпы бөлімінің меңгеру­шісі Черненкоға кірдім. Білімді адам еді, ол ақыры біздің позициямыздың дұ­рысты­ғына Бреж-невтің көзін жеткізіпті, сөйтіп оның ауызша келісімін алып шығыпты. Конституция қабылданатын кезге қарай республикамызда осы мәселе бойын­ша қатты толқу болды. Тиісті орган­дар тіпті жастар Үкімет үйіне ша­буыл жасауы мүмкін деген ақпарат та бе­ріп жатты. Тіл мәртебесі жөніндегі мәсе­лені мен Жоғарғы Кеңесте жасайтын баян­дамамның ең соңына әдейі қалдырдым. Сол жиынның әрбір сәті әлі күнге көз алдымда. Баяндамамның орта беліне жақындаған тұста екінші хатшы мін­берде тұрған маған тілдей қағаз жазып жіберді. – Екінші хатшы – Колбин ғой? – Иә, Колбин. Ол мемлекеттік универ­ситет студенттері жиналып, алаңға келе жатқанын жазыпты. Мен баянда­мамды жалғастыра бердім. Арада бес минөттей өтпей, Колбин тағы бір қағаз жіберді. Онда енді политехникалық инс­титуттың студенттері колоннаға қосыл­ғанын жазыпты. Опера театрының маңына келіп қалған екен. Парламентке жақын жер. Мен мәтінді әрі қарай оқи бердім. Сәлден кейін тағы бір қағаз келді. Енді политехника институты мен университет студенттеріне қаладағы өзге жоғары оқу орындарының студенттері, бүкіл жастар қосылғаны жазылыпты. Баян­даманың аяқ шенінде жаңа Консти­туцияда да грузин тілі Грузин КСР-інің мемлекеттік тілі болып табылатынын хабарладым. Зал дүркіреп ала жөнелді. Сол екпінмен парламент алдындағы алаңға барып, жастармен тікелей кездес­тім. Жастардың ортасына мынандай жағдайда күзетсіз қойып кету қауіпті екенін де түсіндім, бірақ ол тұста енді не нәрседен де тайынбауға бекінген едім. Мен есіктен шыққаннан-ақ бүкіл алаңды “Дэда Эна!”, “Дэда Эна!”  деген ұрансөз кернеп кетті. “Дэда Эна” – грузинше “туған тіл”. Студенттерге дүрлігудің жөні жоқ екенін, осындай шешім қабылдана­тынын айтсам, жастар сенбейді. “Сенбесеңіздер кешке дейін күтіңіздер. Кешке менің баяндамамды теледидардан береді. Егер оған да сенбесеңіздер, таңертеңге дейін күтіңіздер. Таңертең менің баяндамам газеттерде жариялана­ды”, дедім. Ақыры жастар алаңнан тарады. Бізден кейін, ертеңінде Армения өзінің Конституциясын қайтадан қабыл­дады, сөйтіп армян тілін мемлекеттік тіл етіп олар да бекітіп алды. – Мәскеу осыған келісті ме? – Қайдан келіссін? Артынша рес­публика басшылығын түгел дерлік Сус­ловқа шақырды. Мен, Совмин төрағасы, екінші хатшы, тағы бірер кісі – бәріміз бардық. Суслов біздің мәселемізді Саяси Бюроға шығаратынын айтты. Бәріміз сонда да қарсылық білдірдік, ойы­мыздан қайтпайтынымызды мәлімдедік. Колбин де қатты қарсы болды. Бізге “ұлтшыл­дық”, тағы басқа айыптар тақты. Сөйтіп тұрғанда телефон шырылдап қалды. Брежнев екен. Қалай екенін қайдам, сөзінің бәрі маған да естіліп тұрды. Басқа бір мәселелер бойынша тап­сырмалар берді де, “Саған Шевард­надзе кірді ме?” деп сұрады. Суслов: “Ол қазір менде отыр, бұлардың мәселесін принципті түрде қарау керек” дей беріп еді, Бас хатшы: “Шеварднадземен сөйлестік қой, сол да жетеді” деді де әңгімені бітіре салды. Мәселеміз солай шешілген. – Колбин грузин тілінің мемлекеттік мәртебе алуын қатты жақтады дейсіз. Жалпы, ол кісі туралы пікіріңіз қандай? – Бізде екінші хатшы болды. Оның алдында Свердловскіде жұмыс істеген. Грузияға қызметке жіберілерде Суслов қа­былдапты. “Маған ұлт республика­сында жұмыс істеу қиын болады. Гру­зин­дердің тарихын, дәстүрін, мәдениетін білмеймін”, депті. Сонда Суслов: “Ең бастысы – экономика. Ал әйел патша Тамараның жағдайын грузиндер өздері шешсін”, деген екен. Колбин бізде жаман жұмыс істеген жоқ. Тек оны Қазақстанға жібергені қателік болды. Қонаевтан кейін Колбиннің деңгейі бірден көзге бадырайып тұрды. Қонаев академик еді ғой. Бәріне кеңінен қарай­тын, терең ой жіберетін. Өте икемді кісі болатын. Өз халқымен тіл табыса білетін. Қонаев Гаграда, Пицундада бірнеше рет демалғанда өзім әуежайдан қарсы алатынмын, көп әңгімелесетінбіз. – Саяси Бюроның осы мәселені қараған отырысына сіз қатысқан ба едіңіз? – Қатысқанмын. – Талқылау қалай өткені есіңізде ме? – Ол кезде мұндай мәселеде талқылау деген болмайды. – Қазақстан басшылығына Назар­баев­тың кандидатурасы қаралған жоқ па? – Ол кезде балама кандидатура деген болмайды. – Жақында Бакуге барып едім. Сон­да Гейдар Алиев туралы бір кітап алдым. Әлгі кітапта Гейдар Алиевтің Колбиннің канди­датурасына қарсы шыққаны, Горбачевке кіріп, “Колбин жақсы шаруа­гер, басқа қай жаққа жіберсеңіз де жұмысты алып кетеді. Тек Қазақстанға жіберу қателік болады”, деп айтқаны жазылған. – Бөлек кіріп, өзіне айтқан болар. Саяси Бюроның отырысында бұл ұсынысқа ешкім қарсы шықпағаны есімде. Колбин Қазақстанда дұрыстап жұ­мыс істей алмады. Кейін оның мәселесін Саяси Бюрода қарағанымызда бірнеше адам қатты сын айтты. Жіберген кемшіліктерін жөндеу тапсырылды. Бірақ ол тиісті қорытынды жасай алған жоқ. Содан соң оны Мәскеуге қайтару керек деп шешілді. – Қазақстанда жүрген кезінде Колбиннің жұмысы Саяси Бюрода қаралған екен ғой? Алғаш рет естіп отырмын. Айтқандай, ол бізге келген бетте (мен Орталық Комитетте жұмыс істейтінмін):  “Мен Грузияда грузинше үйренгенмін. Бір жылда қазақ тілін де үйренемін”, деп сөйлеген. Шынында грузинше біліп алған ба еді? – Олай деуге болмайды. Ауызекі сөзді аздап түсінетін бірақ. Ал қазақ­шаны қаншалықты үйренгенін мен білмеймін. – Оны біз білеміз. – Басқа халықтың тілін, әсіресе өзге тілдік топтағы халықтың тілін үйренуге жылдар керек. Ал мінез-құлықты меңге­ру, халықтың жанын түсіну одан да қиын. Бұл дегеніңіз тұтас тұрған өзінше ғылым. Жалпы, Колбинмен жасалған сол эксперимент өте сәтсіз болды. Қазақстан басшылығын олай ауыстыру студенттердің жаппай наразылығын туғызғанын, көтеріліс милицияның, әскердің күшімен басылғанын, қан төгілгенін бүкіл әлем біледі. Алайда, тәртіпсіздіктердің бәріне ұлтшылдар мен экстремистер кінәлі деген қорытынды ғана жасалды. Кім біледі, Алматыдағы оқиғадан тиісті тағылым алғанымызда Сумгаиттағы, Тбилисидегі, кейінірек Балтық бойындағы сұмдықтар орын алмауы да мүмкін бе еді. Балтық бойын­дағы оқиғадан кейін мен АҚШ елшісіне: “Басқарудың диктаторлық тәсілдері қайта оралса, мен отставкаға кетемін. Қолы қанға батқан үкіметтің мүшесі болып қала алмаймын”, дегенмін. Ол кезде КСРО Сыртқы істер министрі қыз­ме­тінде екенімді өзіңіз білетін шығарсыз. – Білгенде қандай. Біз сіздің сол қызметтегі әр қадамыңызға қызыға қарап отыратынбыз. Одақ министрі лауазымы­ның қай-қайсысы да ерекше құрметті. Сыртқы істер министрінің жөні бөлек. Оның үстіне тарихтың сондай бетбұрысты кезеңінде тіпті бөлек. “Қырғи-қабақ соғыстың” бәсеңдеуі, стратегиялық қару-жарақтың қысқартылуы, екі Германияның бірігуі, Ауғанстаннан совет әскерлерінің әкетілуі  сияқты аса ірі қадамдардың бәрі сіз министр болған тұста атқарылды. Сізді бұл қызметке Горбачев шақырды. Таңдау неге сізге түсті деп ойлайсыз? – Михаил Горбачевті мен аса көр­некті тұлға, жаңа тұрпаттағы саясаткер деп санаймын. Ол уақыттың үнін дәл ести білді. Кеңес Одағының өмір сүрген жылдарында коммунистік идеологияны ревизиялау тұңғыш рет Горбачевтің тұсында басталды. Андропов қайтыс боларының алдында Бас хатшы қызме­тінде өзін Михаил Горбачев алмастыр­ғанын қалайтынын айтқан. Алайда, Саяси Бюродағы жасы келген партиялық элита Черненконы жақтап шықты. Горбачев билік басына келгеннен кейін ішкі және сыртқы саясатта түбірлі өзгерістерді қолға алуға тырысты. Ал оның мені таңдағанына байланысты не дей аламын? Біз көптеген жылдар бойы араласып тұрдық. Грузияға жыл сайын келетін. Республикадағы жаңалықтарды, эксперименттерді, әсіресе ауыл шаруа­шылығына нарықтық экономиканың кейбір тетіктерін енгізу талабымызды қолдайтын. Ол кезде бізде халық дәулетті тұратын. Михаил Сергеевичтің өзі де, Раиса Максимовна да грузин өнерін, әсіресе грузин киносын өте жақсы білетін. “Тәубеге түсу” фильмін экранға шығаруға бізге Горбачев көмектескен. Сыртқы істер министрі қызметіне адам таңдағанда Горбачев ол жерге маман дипломаттан гөрі өзінің ойымен ортақта­сатын, дүниедегі құбылыстарға жаңаша қарай алатын, өзімен әріптес болатын адам іздеді деп санаймын. Менің Сырт­қы істер министрі қызметіндегі белсене араласқан мәселелерімнің ең негізгілерін өзіңіз де айтып отырсыз. – Дегенмен, сол мәселелердің қалай шешім тапқанын өз аузыңыздан да естігіміз келеді. – Екі мәселені айтайын. Біреуі – Ауғанстан, екіншісі – Германия мәселесі болсын. Мұның екеуі де мені саясаткер ретінде зор қанағат сезіміне бөлейді. Кеңес әскерлерін Ауғанстаннан алып шығу жөніндегі кесімді сөзді мен айттым дей аламын. Әрине, мемлекет басшы­сымен келіспейінше министрдің бірде-бір мәселені өз бетінше шешпейтіні белгілі, бұл арада мен осы мәселелер бойынша менің ұстанымым басшылыққа алынғанын айтып отырмын. СОКП-нің ХХVІІ съезі қарсаңында мен Горбачевке есепті баяндамада Ауғанстаннан әскерді алып шығу жөнінде міндетті түрде айты­луы керек деп ұсыныс жасадым. Михаил Сергеевич келісті. Есепті баянда­маның соңғы нұсқасы съезге бір күн қалғанда Саяси Бюро мүшелеріне таратылып берілетін. Баяндаманы бізге кештетіп, түнге қарай берді. Қарасам – Ауғанстан мәселесі жоқ. Содан түн ортасында Горбачевтің үйіне телефон соқтым. “Бәлкім, біраз уақыт тоса тұрармыз?”, деді Бас хатшы. Мен онда бұл мәселені съезде өзімнің сөйлейтін сөзімде көтере­ті­німді, халықтың мені қолдап кететінін, ал Михаил Сергеевичтің ыңғайсыз жағдайда қалатынын айттым. “Жарайды. Ертең бұл пунктті қосамын”, деді ол. Таңертең съезге жиналып жатқанымда өзі телефон соқты. “Сенің тапсырмаңды орындадым”, деді. Дауысында маған сену де, келісімге келу де бар, аздап кекесін де жоқ емес. Министр кезімде Ауғанстанға кемінде он рет барған шығармын. Офицерлер жасағының алдында біздің әскерлерді елден алып шығу жөнінде алдын-ала келі­сім жасалғанын хабарлағанымды ешқа­шан ұмыта алмаймын. Шынымды айтсам, жұрт қол соғып жібереді деп ойла­ғанмын. Жоқ, зал тым-тырыс. Генерал­дар тіпті түнеріп алыпты. Бұл не сонда? Жеңілген армия күйінде елге қалай қайтамыз деп уайымдағандары ма? Елге барған соң қайда тұрамыз, кім бізге пәтер береді деген сияқты мәселелерді ойлап қиналғандары ма? Ол жағы да бар. Негізгісі осы жағы да шығар. Сонымен бірге, кейін білсем, басқа жағы да бар екен. Генералитеттің бір бөлігі Ауғандағы соғыстың аяқталғанын қаламайды екен! Ауғандағы соғыс олар үшін байлыққа белшесінен батудың көзіне айналған екен! Мәскеуге қайтып келе салысымен мәселені Саяси Бюро отырысының күн тәртібіне енгізіп, Ауғанстаннан әскерді алып шықпасақ мыңдаған аналардың көз жасына қалып, бүкіл әлем алдында он­сыз да азайған абыройдан біржола айы­рылатынымызды айттым. 1989 жылдың 15 ақпанында, Женевада жасалған келісімге сәйкес, Ауғанстан­нан кеңес әскерлерін алып кету толық аяқталды. Енді Германияның бірігуіне келейін. Қазір екі Германияның біріккенін бүкіл Еуропа қалағандай айтылады, мұның өзін Батыстың анық жеңісіндей етіп көрсетеді. Шынтуайтында, тым олай емес еді. Мысалы, Англия екі Германия­ның қосылуынан кәдімгідей қауіптенді. Франция да оны қолдай қойған жоқ. Тэтчерге де, Миттеранға да Еуропаның дәл ортасында іріленген, күшейген неміс мемлекетінің пайда болуының қажеті жоқ-ты. Біз оларға Еуропадағы тыныш­тық пен тұрақтылық үшін екіге бөлінген Германия емес, біріккен Германия көбі­рек керек екендігін түсіндіруге тырыс­тық. Шығыс Германияда орналас­ты­рыл­ған жарты миллиондық әскерімізді ұстап тұру біздің бюджетке де өте ауыр соқты. Біз “үлкен төрттіктің” (АҚШ, КСРО, Ұлы­британия, Франция), екі Германия­ның қатысуымен, яғни “4+2” форму­ла­сы­мен келіссөздер бастауды ұсындық. Немістер “2+4” формуласын ұсынды. Яғни, алдыңғы қатарға екі Гер­манияның делегациялары шығарылуы керек деген талап қойды. Ақыры біз бұл ұсыныспен келістік. Мәселенің өзі сәтімен шешіл­генімен, Германиядағы кеңес әскерлерін елімізде орналастыру ісінде көп қиындық туды. Біз әскерді алып шығу, оларды орналастыру шы­ғындарына 20 миллиард батысгер­мания­лық марка өтем талап еткен едік. Неміс­тер оның 15 мил­лиардын өтем орнына, қалған 5 мил­лиардты несие түрінде берді. Өкінішке орай, осы іс кейін әбден бы­тыс­ты. Сол ақшаның қайда, қалай жұм­сал­ғаны ақыры анықталмай-ақ қойды. Біз әскерді әкеткеніміз үшін тө­лем алмағанбыз деуден жүзі жанбайтын­дар да табылады бүгінде. Бұл – өтірік сөз. Ол ақшаның бәрінің тиісті құжат­тары бар. Гер­ма­ниядан кетіп, ондағы пәтерінен айы­рылған, мұнда келіп баспанасыз күйде жылдар бойы жүрген мыңдаған офи­церлердің маған жылдар бойы ызалы болғанын әбден-ақ түсіне­мін. Әйтеуір, ең бастысы – түптің түбінде Германия­ның бірігуі деген мәселе шешілді. – “Германияны бір грузин бөліп берді, екінші грузин  біріктіріп берді” деген сөз бар ғой. – Бұл өзі екі журналистің бірі айтатын сөз болып барады. Қазір мақтау тұрғысында айтылатынына да шүкір. Ал кезінде Ресей әскерилерінің талайының мен дегенде атарға оғы болмайтын. Олар Сыртқы істер министрі отанымыздың мүд­десін сатып жатыр деуден де тайын­бады. Бұлай айтқанда мына грузин орыстарды жеңіліске ұшыратуда деген сыңайда астарлап сөйлейтіндері аңғары­лып тұратын. Жаңағылар отан мүддесі сатылды дегенде біздің Германия Феде­ра­тивті Республикасынан әуелде  бес мил­лиард батысгерманиялық марка несие алғанымызды да айтады. Ол тұста Кеңес Одағында аз ғана жалақының өзін беретін ақша қалмаған еді. Горбачев пен Шеварднадзе келісім білдірмесе екі Гер­ма­ния қосылмай қала беретіндей сөйлеу де аңғырттықтың дәл өзі. Олар онсыз да қосылар еді. Тек кейінірек қосылар еді. Бәлкім, бұл үдеріс қиын жағдайларға, тіпті қантөгіске ұрындырып барып бітер еді. Біздің сыртқы саясаттағы табысымыз – үдерістің алдын алғанымыз, түйінді проблеманы шешудің негізгі қозғаушы күшіне айналғанымыз. Осы екі ерекше маңызды мәселені дер кезінде қозғағаным, жеріне жеткізу­дің жолдарын көрсеткенім үшін өзімді саясаткер ретінде де, адам ретінде де бақытты сезінемін. – Сондай жағдайда жүргеніңізде, жаңаша ойлау саясатының нақты нәтижелеріне қол жеткізген адамның биігінде тұрғаныңызда сіз аяқ астынан отставкаға кеттіңіз. “Диктатура қаупі төніп келе жатыр” деп ескертіп кеттіңіз. Горбачевпен араларыңыздың ашылуын қалай түсіндірер едіңіз? – Бұл жайында талай айтқанмын. Қайта құру, жариялылық, ашықтық сая­са­тының ең үлкен нәтижесі 1989 жыл­дың 2-3 желтоқсан күндерінде Мальтада Буш пен Горбачевтің кездесуі болды. Сол кездесуде екі мемлекет басшысы АҚШ пен Кеңес Одағы ендігі жерде бір-бірін антагонистік мемлекеттер санамай­ды, екі елдің бір-бірін дұшпан тұту дәуірі аяқталды деп бүкіл әлемге мәлімдеме жасады. Бұл екі жақтың да жеңісі, ең бастысы – көкейге қонымды саясаттың жеңісі болатын. Өкінішке орай, тамаша аяқталған сол кездесу барысында Горба­чев­пен арамыздағы алғашқы салқындық та бой көрсетті. Ол былай болды. Буш пен Горбачев келіс­сөз кезінде бір мә­селе бойынша ортақ пікірге тоқтай алмай қойды. Бір кезде Буш: “Бұл ақ­па­рат Шевард­над­зеден шық­қан”, деп қал­ды. Гор­бачев ма­ған жалт қарады. Ол аз бол­ғандай Буш: “Біз Шевар­д­­над­зеге сене­міз”, деп қосып қой­ды. Горбачевтің түрі өзгеріп кетті. Сол сәтте оның маған көзқарасы да өз­гер­генін сезіндім. Бара-бара арамыз суыса бастады. Тегі, әлем­де менің беделімнің биік­тей бастағаны оның тынышын алса керек. Кей мәсе­лелерді өзім шеше алатын болғаным, әлемнің ірі саяси тұлғаларымен өз­ара сенімге құрылған қарым-қатынас қалып­тастыр­ғаным да Бас хатшыға ұна­ған жоқ. Бірте-бірте менімен араласуды да азайт­ты. Уақыт өте келе Горбачев өзі бастаған іске де, сол істі өзінің бірге бас­таған әріптестеріне де көзқарасын өз­герт­ті. Осыны байқаған көптеген де­путаттар мүмкін болған жердің бәрінде, баспа­сөзде, телевизияда Сыртқы істер минис­трін оңды-солды сынауды әдетке ай­налдырып алды. Ал Қорғаныс минис­трлігінің партия ұйымы Горбачевке мені “мемлекетке сатқындық” бабы бойынша қылмыстық жауапкершілікке тарту жөнінде екі рет ұсыныс жасады. Горба­чев сондай жағдайда да өзінің министрін бір ауыз сөзбен қорғаған жоқ. Оны тамыз бүлігіне әкеліп соқтырған осы құбылмалы саясаты деп білемін. – Эдуард Амвросиевич, одақтық министр кезіңізде де, Грузия Президенті кезіңізде де сіз әлемнің тұтқасын ұстаған талай тұлғамен араластыңыз. Солардың арасынан қандай кездесулер ерекше есіңізде қалды? – Ондай кездесулер көп. Иранға, Аятолла Хомей­ниге барғанымды айтайын. Мен ая­толлаға Горбачев­тің хатын апарған едім. Хомейнидің үйіне мешітке кір­гендей аяқ киімді шешіп кіреді екен. Қыс кезі. Қар түс­кенде Иранда кә­дімгідей суық бо­лады. Аяғым тоңа бастады. Оның үс­тіне аятолла да кешікті. Сөйтсем, кейін білдім, ая­тол­ла барлық кез­десулерге осылай, кешігіп келеді екен. Науқас­танып жүргендіктен ая­толла мені  қабыл­дауға 15-20 минөт қана бөле ала­тыны ескертілді. Мен сол уақыт ішінде өз елімнің президенті жазған хаттың  мазмұнын сығымдап айтып шығуға тырыстым. Хомейни сөзімді тыңдап болды да, өзінің Горбачев жауабына көңілі толмағанын айтты. “Мен оған адамның мына жалған өмірдегі тіршілігінің мәні жөнінде емес, көк жүзіндегі тіршілігінің мәні туралы хат жазған едім. Мені жер бетінде не болып, не қойып жатқаны қызықтыр­майды. Мен көк жүзіне көз тігемін, алайда өзімді толғандырар сұрақтарға әлі жауап тапқан жоқпын. Ал екі елдің қарым-қатынастарын қалпына келтіру жайын айтсақ, мен бұл ұсыныстарды қолдауға дайынмын”, деді де, орнынан тұрып, менімен қоштасып, бөлмеден шығып кетті. Шынымды айтсам, түкке түсінген жоқпын. Көңіл-күйім әбден бұзылды. Ертеңге белгіленген басқа кездесулерден де, сол күнгі кешкі қонақасыдан да бас тартқым келді. Ал ирандық әріптестерім кездесу тамаша өтті деп жатыр... Кешке теледидарды қостық. Аудармашы диктордың “Бүгінгі кездесу Иран мен Кеңес Одағының қарым-қатынастарында жаңа дәуірді бастап береді” деген сөздерін жеткізді. Ертеңінде Сыртқы істер министрі Али Акбар Велаяти имам кездесуге өте риза дегенді тағы қуаттады. “Имам бірер ауыз ғана сөз айтты ғой. Маған әңгімеміз онша сәтті болмаған сияқты көрінді”, дедім мен. “Байқамаған екенсіз, ол кісі сіз сөйлегенде үш рет басын изеді. Мұның мәнін білесіз бе? Бұл аса үлкен ілтипат пен құрметтің белгісі болып табылады”, деді Велаяти. Кейін Рафсанджани Тбилисиге келгенде маған: “Хомейни қабылдаған жалғыз шетелдік адам сіз болдыңыз”, дегенді айтты. Фидель Кастромен қатарынан бірне­ше күн кездескенімде мен оның кез кел­ген тақырыпқа сағаттап сөйлей алатыны­на көз жеткіздім. Өте терең ойлы адам, әдебиетті тамаша біледі, Эрнест Хе­мингуэйдің досы болған кісі. Ал Мар­гарет Тэтчер мені британ парламентіндегі қауымдар палатасында депутаттардың сұрақтарына жауап беруімен таңқалдыр­ды. Сонда Тэтчер қырық минөттің ішін­де 25 сұраққа жауап берді. Әр сұраққа – бір минөттен! Кез келген күрделі мәсе­ленің түйінін екі ауыз сөзге сыйғызып жібереді екен. Бізде көпсөз­ділік басым. Горбачев пен Рейган Рей­кьявикте кез­дес­кеннен кейін Рейганның мәшинеге отырардың алдында Горба­чевке: “Сіз менің сөйлеуіме мүмкіндік бермедіңіз, сондықтан да біз ештеңеге келісе алмай кетіп барамыз”, дегені еске түседі... – Эдуард Амвросиевич! Маған әңгіменің уақыты бір сағаттан аспағаны жөн болатынын ескерткен. Әйтсе де, мен сізден сұхбаттың уақытын тағы біразға созуға келісім сұраймын. Сіз бұған дейін өміріңіздің екі белесін әңгіме еттіңіз. Ең күрделі белеске енді келіп отырмыз. Грузия тәуелсіздікке қол жеткізіп, өкімет билігіне Звиад Гамсахурдиа келген кезде елде азамат соғысы басталды. Грузиннің елім деген, жерім деген маңдайалды перзенттері сол тұста Мәскеуге арнайы барып, сізді елге қайтуға шақырғанын жақсы білеміз. Ол жайында сіз бұрын шыққан “Мой выбор” атты кітабыңызда да жазғансыз. – Бұл – әңгімелеуге қиын тақырып. Ғасырлар бойы жоғалтып алған тәуелсіздікке қол жеткізген тұста менің халқым аса ауыр драманы бастан кешті. Біздің классик жазушымыз Константин Гамсахурдианың ұлы, танымал құқық қорғаушы, диссидент, ұлттық қозғалыс­тың сыйлы көсемі Звиад Гамсахур­дианың өз отанының нағыз патриоты, аса көрнекті ғалым, аса білімді адам болғаны ешқандай талас тудырмайды. Бірақ мемлекет басшысы болудың қиындығы сонда, бұл қызметті атқару үшін жаңағы қасиеттердің бәрі қосылып келгенде де аздық етеді! – Бір грек философының айтқаны бар ғой: “Мемлекет басқару өнері – өнер атаулының ең биігі” деп. – Осы өнер Гамсахурдианың бойы­нан табылмады. Оның үстіне өзінің жеке басының мінез-құлқындағы кейбір сипаттар, диссиденттің  қиын өмірі, айналасына жинаған адамдарының күмәнді келбеті ақыр аяғында өзінің өмірін де, біздің еліміздің өмірін де тра­гедияға ұрындырып тынды. Гамсахурдиа феномені әлі де талданып, түсіндірілген жоқ. Звиад көпшілік психологиясын, бұқаралық сананың адам түсініп болмай­тын қырлары мен сырларын өте шебер­лікпен пайдалана білді. Аз уақыт­тың аясында звиадизм діни сипатқа дейін ие болып, діни сектанттықтың өзінше бір түріне айналып кетті. Грузия­ның біз әлі күнге жаза алмай келе жат­қан талай жара­сы Звиад Гамсахурдианың тәуелсіз-діктің бас кезінде жария еткен “Грузия грузиндер үшін” деген ұранынан бастал­д­ы. Грузия ғасырлар бойы грузин­дер, осетиндер, абхаздар, аджарлар, әзірбай­жандар, армяндар қатар өмір сүріп кел­ген ел болатын. Біздің елімізде тәуелсіз­дік жылдарындағы алғашқы қан Тбили­сидің Кино үйінде төгілді, сонда жинал­ған оппозициялық манифеста­цияны арнаулы тапсырма орындайтын милиция әскерлері атқылады, бұл жолы грузин­дер­ді грузиндер атты, президенттің (кешегі диссиденттің) бұйрығы бойынша атты. Тбилисиде екі аптаға созылған азамат соғысы кезінде жүздеген адамдар қаза тапты, жараланды, бұл сұмдық ақыры президенттің Грузиядан қашып кетуімен аяқталды. Ол шетелге жетіп алып, өз жақтастарын көтеріліске үндеп жатты. Мұндай жағдайда мен қалайша Мәскеудегі жайлы пәтерімде тыныш отыра аламын, қалай алаңсыз ұйықтай аламын?! Мен Грузияға қайтып оралу жөнін­дегі ойымды бірнеше көрнекті тұлғалар­мен бөлістім. Сол күндерде Джеймс Бейкермен, Генри Киссинджер­мен, Жак Ширакпен, басқа да адамдар­мен, Демо­кратиялық реформалар қозға­лысындағы әріптестеріммен сөйлестім. Ақыры қалайда елге оралуым керек деп шештім. Әрине, менің тыныш Батыстағы тыныш бір жерге барып алуыма толық мүмкін­дігім болды. Мені, мысалы, Гер­манияға көшуге шақырған. Немістердің маған қалай қарайтынын шамалайсыз ғой. Өміріме қажетті қаражатты жұрт­шылық алдында сөйлеп-ақ, кітапта­рымды жазып-ақ таба аларымды білемін. Бірақ, егер олай етсем, өмір сүрмеген, тек күнін көрген адам болар едім. Азамат соғысы­ның отына оранып, аштыққа ұшыраған, нанның ұзыннан ұзақ кезегінде тұрып, қарулы қарақшылардың қарауына ілік­кен туған елімді қиын сәтте тастап кете алмайтыным анық еді. Ел басқарған жыл­дарымды әңгімелеп жатқым келмей­ді. Өзіме өзім баға бермеймін. Бұл арада айтарым тек мынау: менің отаныма оралу жөніндегі шешімім дұрыс болды деп санаймын. 1992 жылы Грузия толық мағынасында саяси оқшаулануға түскен еді. Эконо­мика толықтай қи­рап, азамат со­ғысы жүріп жатты, ел тоналып жатты, зорлық-зомбылық етек алған еді. Мен өз елімді ең қиын жағдайдан алып шығуға кө­мек­тестім, қи­рау­дан, тараудан, аштық­тан құт­қаруға көмек­тес­тім. Қалай баға­ла­ған­да да, мен өзім­нің перзенттік парызымды орын­дадым. Жерімнің бір­лігі үшін, елім­нің тірлігі үшін еш­те­ңе­ден тайын­ған жоқ­пын. Ма­ған үш рет қастан­дық жасалды. Ал­ғаш­қысы 1992 жыл­ғы қазанда Абхазиядағы жа­рия­­ланбаған соғыс кезінде жа­салды. Екіншісі 1995 жылы жаңа Конс­ти­туцияға қол қою рәсімінің дәл алдында жасалды. Мен жанынан өте шыққан “Нива” мәшинесі жарылып кеткен болатын. Үшіншісі 1998 жылы Баку – Тбилиси – Жейхан мұнай құбырын іске қосу жөнінде соңғы шешім қабылданардың алдында жасалды. Сол жолы менің өмірімді тек брондалған “Мерседес” қана құтқарып қалды. Пре­зи­дент мәшинесінің сауытты қаптамасы тіке атылған үш зымыран оғына төтеп берді. Мен өзіме жасалған үш қастан­дықтың үшеуін де нақты бір адамға емес, мемлекеттің өзіне қастандық деп айтқанмын. Қазір де сол пікірдемін. – Жалпы, елді қайтадан басқарған жылдарыңыздан өкінішпен еске алатын жайларыңыз бар ма? – Тәуелсіздіктің бастапқы белесінде кез келген кемшіліктің өзі қателікке ұрындыратынын көріп отырмыз. Мы­салы, 2003 жылғы дағдарыстың басты себебі – сайлаушылар тізімдерінің дұрыс жасалмағандығы. Талайлар өздерінің аты-жөнін дауыс берушілердің арасынан таба алмаған. Тізімді солай жасаған адамдар нені мақсат еткен? Кімдер солай жасаған? Меніңше, осылай былықтыруға мүдделі күштер болған, олар мұның аяғы күшті наразылыққа ұласатынын алдын-ала білген. Оның үстіне Батыс Грузияда, нақты айтқанда – Аджарияда сайлаудың жаппай бұрмалаушылықпен өткені жөнінде хабар келіп түсті, мұны шетелдік байқаушылар барынша теріс бағалады. Ахуал көз алдымызда қолдан шығып бара жатты. 10 қараша күні Аджария ас­та­насының көшелерінде қарулы қақты­ғыстар басталды. Сол күні-ақ Батумиге жеттім. Аджария автономиялық респуб­ликасы үкіметінің басшысы Аслан Аба­шидземен әңгіме барысында шетелдік күштердің сепаратистік қозғалыстарды үдетіп, бұл өңірді Грузиядан бөліп алып кетуге шындап кіріскеніне анық көзім жетті. Абашидзе менен Аджариядағы сайлау қорытындысын заңды деп тануды талап етті, ондай жағдайда оның партия­сы Грузия парламентіндегі өкілеттігін нығайта түсетін еді. Өйтпеген күнде Аджария Грузияның юрисдик­ция­сынан шығады деген талап та қойылды. Грузия­ны бөлшектеуге ешқандай жағдайда да жол беруге болмайтын еді. 22 қараша күні, жаңадан сайланған парламент жұ­мысқа кіріскелі жатқанда, мен өз сөзімді бастай бергенде залға қару асынған кісілердің кіріп келгенін, мұның аяғы немен біткенін өзіңіз жақсы білесіз. 1992 жылы Грузияға оралғанымда мен өзімнің алдыма нақты екі мақсат қойған едім. Оның біріншісі – нарық­тық шаруашылықтың негізін қалау, екіншісі – демократиялық тетіктердің қалыпты жұмыс істеуін қамтамасыз ету. Үкіметтің легитимді болуы, демокра­тиялық сайлаулар өткізу, сөз бостанды­ғына қол жеткізу, азаматтық қоғамның қа­лыптасуына жағдай жасау сияқты маңыз­ды міндеттерді шешу үшін біз тәуелсіз елде, демократиялық ортада өмір сүруді үйренуге тиісті едік. Біз оған біршама қол жеткіздік. Үкіметтік емес ұйымдардың саны бойынша Грузия кеңестен кейінгі