Парламент • 21 Мамыр, 2022

Сенат Спикері Қытайдың Халықтық саяси консультативтік кеңесі Бүкілқытайлық комитетінің Төрағасымен кездесті

326 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының Төрағасы Мәулен Әшімбаев Қытайдың Халықтық саяси консультативтік кеңесі Бүкілқытайлық комитетінің Төрағасы Ван Янмен кездесті, деп хабарлайды Egemen.kz Палатаның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Сенат Спикері Қытайдың Халықтық саяси консультативтік кеңесі Бүкілқытайлық комитетінің Төрағасымен кездесті

Сенат Спикері Қазақстан Қытаймен ынтымақтастықты дамытуға және түрлі бағыттағы өзара іс-қимылдың жоғары деңгейін әрі қарай ілгерілетуге ерекше мән беретінін атап өтті. Сондай-ақ Мәулен Әшімбаев ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2019 жылы Қытайға жасаған сапарына назар аударды. Ол өз сөзінде сол сапар кезінде мемлекет басшылары Қазақстан мен Қытай мәңгілік, стратегиялық және жан-жақты серіктестікті дамытуға бейілді екенін растайтын Бірлескен мәлімдемеге қол қойғанын айтты.

«Біздің елдеріміздің мемлекет басшылары қол жеткізген уағдаластықтарды іске асыру барысында Қазақстан Парламентінің Сенаты мен Қытайдың Халықтық саяси консультативтік кеңесі арасындағы ынтымақтастықтың маңызы зор. Бұл біздің алдағы өзара іс-қимылымыздың негізі болуға тиіс. Біз екіжақты өзара тиімді ынтымақтастықтың түрлі бағыттары бойынша бірлескен жұмысқа дайынбыз», деді Мәулен Әшімбаев.

Сонымен қатар ол Парламент Сенаты қытайлық әріптестерімен екіжақты шешімдерді сараптамалық тұрғыдан қолдау, заңдардың орындалуын бақылау, сондай-ақ, қоғамдық келісімді нығайту және дінаралық диалогты ілгерілету саласында тәжірибе алмасуға дайын екенін тілге тиек етті.

Сенат Төрағасы Мемлекет басшысының бастамасымен Қазақстанда жүргізіліп жатқан саяси реформаларға да тоқталып өтті. Атап айтқанда, кездесуде Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізу жөніндегі алдағы республикалық референдум және оған дайындық барысы туралы сөз болды.

Өз кезегінде, Қытайдың Халықтық саяси консультативтік кеңесі Бүкілқытайлық комитетінің төрағасы Ван Ян Қазақстанда жүргізіліп жатқан реформалар жөнінде оң пікірін білдірді. Сондай-ақ Қытай түрлі саладағы достық пен тату көршілік қағидаттары негізінде біздің елмен жан-жақты өзара тиімді ынтымақтастықты жалғастыруға дайын екенін жеткізді.

Кездесу соңында Мәулен Әшімбаев Ван Янға мазмұнды диалог үшін алғыс білдіріп, екіжақты ынтымақтастықтың одан әрі кеңейе беретініне сенім білдірді.

Аяна Тоғанбек