Қазақстан • 22 Мамыр, 2022

Ел назарында – «Екінші Республика»

602 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Өткен аптаның соңында Еуразия ұлттық университетінің бас ғимаратында «Қазақстан» ұлттық арнасы түсірген «Екінші Республика» атты деректі фильмнің көрсетілімі болды. Фильм экраннан көрсетілмес бұрын тележүргізуші, AMANAT партиясы саяси бюросының мүшесі Мақсат Толықбай мен Ұлттық арнаның Ақпараттық-сараптамалық бағдарламалар дирекциясының директоры Жалғас Сәдібекұлы сөйлеп, түсінік бере кетті. Университет ұстаздары мен ғалымдары, БАҚ өкілдері, студенттер тамашалаған дүние алдағы саяси науқанға халықтың сауатын ашып, санасын дайындауда таптырмас ақпарат көзі дер едік.

Ел назарында – «Екінші Республика»

Әлі жүзеге аспаған, қабылданып, қолданысқа енбеген дүниені кино қылу да науқаншылдықтың басы емес пе деп ойлағанбыз, қателескен сияқтымыз. «Екінші Республикасы» қалай?» деп жатқандардың да пікірі көрсетілімнен кейін өзгергендей көрінді. «Екінші Рес­публика» дегенде, тарихтан хабары бар­лардың ойына бірден Франциядағы І, ІІ, ІІІ болып кете беретін республикалар оралатыны белгілі. 25 минуттық фильмді тамашалап болғаннан соңғы пікірлер де соған сайды. Әрине атау – шартты, саяси тақырып деп қабылдаған жөн. Мәселе, фильмнің маңызы алдағы саяси науқанға халықтың жауапкершілігі мен ынтасын арттыруында деген ойдамыз. Осы тұрғыдан келгенде ұтылмағанға ұқсайды. «Екінші Республика – Жаңа Қазақстан» деп қабылдаса да болғандай. Иә, бұл бұған дейінгі тәуелсіз Қазақстанды жоққа шығару емес, сол республиканың жаңа сатыға көтерілу алдындағы қам-қарекетін жан-жақты саралап, түсінік беру. Әсіресе ондай дүниелер құр сөзбен ғана емес, бейне араласқанда халықтың көкейіне қона кетпей ме?

Жаңа Қазақстан немесе Екінші Рес­пуб­лика деген атауларды орнық­тыру­дың алғышарты Қазақстан Рес­публикасы­ның Конституциясын аза­мат­тық қоғам та­лаптарына сәй­кес­тен­діруден басталатынын түсіндіреді фильм. Әуелі заң түзелмесе, қоғам қалай түзелмекші? Деректі фильмде ақпараттар ғана емес, сарапшылар­­дың пікірі мен қисынына баса мән беріл­­ген. Ендігі уақытта ескі саяси жүйе жара­майтыны айқын сезілді. Жаңа өзге­рістерге жетелейтін реформа керек. Ол және референдум арқылы халық­тың қа­ла­уымен жүзеге асырылмайын­ша, іс алға баспайтыны айқындалып шыға келді.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа Қазақстанды аза­мат­тық қоғамы қалыптасқан, тиімді мем­лекетке айналдырамыз» дегені жұрт­­шылықтың есінде. Тәуелсіз Қазақ­стан тарихында 1995 жылы жаңа Конституция бекіп, осы уақытқа дейін ­4 рет өзгертіліпті. Нәтижесінде, Прези­дент шексіз билікке ие болып, басқа тетік­тер тежеуші күш­тен айырылған. Бәрін тек Президент қана шешетін жағдайға жетті. Басқаны былай қойғанда, ауыл әкімінің ісіне дейін өзі араласып отыратын. Мұны суперпрезиденттік басқару жүйесі деп атайды. Ендігі уақытта бұл ескірді. Себебі елде әралуан көзқарастағы азаматтық қоғам қалыптастыруға құлшыныс пайда болды. Қазақ қоғамының талабы мен талғамы өзгерген. Не істеу керек? Бірінші сатыдан екінші сатыға өтпей болмайды. Әрине ол қадам дамудың жаңа сатысына, халықтың игілігіне жұмыс істеуге тиіс.

Сонымен Екінші Республика де­ген не? Бұл халықтық билікке құ­лаш ұру. Қа­зақ­станның 1993 жылғы тұң­­ғыш Конституциясы бойынша біз пар­­ла­менттік республикаға айналуымыз керек-ті. Бірақ биліктің ол моделі ара­да екі жарым жыл уақыт өткенде алынып тасталып, еліміз парламенттік бас­қару жүйесінен президенттік басқару жүйе­сіне ауысты. Мемлекет басшысы негізгі саяси тұлғаға айналып шыға келді. Осы кон­ституция арада 27 жыл өткенде түбе­гейлі өзгертілмекші. Онда биліктің негіз­гі қайнар көзі халыққа бұрылады.
Мұнда:

Суперпрезиденттік басқару жүйе­сінен президенттік республикаға көшу;

Бірқатар билік өкілеттігін қайта бөлу;

Парламенттің рөлін күшейтіп, мәрте­бесін арттыру;

Елді басқару ісіне халықтың қатысу мүмкіндігін кеңейту;

Азаматтардың құқықтарын қорғау тәсілдерін жетілдіру қарастырылған. Бұлардың бәрі бір жүйеге топтасқанда елде азаматтық қоғамның біртұтас мо­делі шыға келері сөзсіз. Яғни биліктің бұқа­раға бетбұрыс кезеңі басталады. Мәсе­лен, Президент билігі кезінде саяси пар­тияны басқармақ былай тұрсын, оған мүше де бола алмайды. Ол үшін Ата Заң­ның 43-бабына жаңадан тармақ қо­сы­лады. Президент қана емес, Жоғар­ғы сот пен Конституциялық соттың және өзге де соттардың судьялары мен төрағалары, Жоғары аудиторлық палата мен Орталық сайлау комиссиясының төрағалары және мүшелері партияға жоламайды.

Президенттің жақын туыстарына саяси мемлекеттік қызметші болуға, тіпті квазимемлекеттік секторда бас­шылық лауазымды иеленуге тыйым салынады. Бұл да заңмен бекітіледі. Дипломатиялық әлем институтының сарапшысы Альберто Тюркстра «бұл жақсы жаңалық, тың өзгеріс. Себебі демократиясы дамыған Еуропа елдерінің өзінде мұндай демократиялық өзгеріс болған емес. Туған-туыстың билікке шоғырлануы Бельгияда белең алған. Мәселен, Бельгияның қазіргі премьер-министрі Александр Де Кроның әкесі кезінде парламенттің төрағасы болды. Сөйтіп, баласын билікке әкелді. Еуропалық кеңестің төрағасы Шарль Мишельдің отбасын алсақ, Луи Мишель, Метю Мишель, әкесі Бельгияның бұ­рынғы сыртқы істер министрінің орынбасары болды. Ұлы Шарль Мишель Бель­гияның премьер-министрі болып еді. Қазір Еуропалық кеңестің төрағасы. Оның інісі Метю Мишель елдің цифрлы технологияны дамыту жөніндегі бас хатшысы. Яғни мұндада Еуропа елдерінде кейбір шенеуніктер отбасы мүшелері­мен жоғары қызметте істейді. Мұндай тамыр-таныстық, туыстық қатаң сынға ұшырауда», дейді.

Алда қабылданбақ Ата Заң бойын­ша Жоғары сот кеңесі құрамының мү­ше­ле­рін және төрағасын Президент Сенат­пен келісіп қана қоя алады. Кон­ститу­циялық соттың төрағасы да Сенат­пен келі­сіледі. Бұрын мұның бәрін тек Пре­зидент қана тағайындап келген. Тіп­ті Конституциялық сот деген аты­мен бол­мағаны белгілі. Қысқасы, бұл былай, жаңа Конституцияның тала­бы бойынша президент мықты верти­кальді жүйенің сақталуына кепіл болып тұрған: партияның құрамынан шыға­ды. Екінші, жақын туыстары лауа­зым­ды билікке келе алмайды. Үшіншіден, Мем­лекет басшысының Сенаттағы квотасы үштен бірге азаяды. Төртіншіден, Жоғары сот кеңесін жасақтау құқынан айыры­лады. Бесіншіден, облыстар мен республикалық маңызы бар үш қаланың әкімдерін қоспағанда, қалған қала, аудан әкімдерін жұмыстан босата алмайды. Есесіне өкілді биліктің, яғни Парламент пен мәслихаттардың құзыры кеңейеді.

Мәселен, бұрын мынадай жағдайлар орын алып келген. Пандемия кезін­де 42 500 теңге үлестіру жырға айнал­ғаны белгілі. Заңдық нормалар ұзақ қабыл­данды. Үкіметтің төтенше жағдай­дағы іс-қимылы шектеулі екендігі көрін­ді. Тіп­ті Үкімет антивирустық дәрі-дәр­мек алып үлгере алмаған, маска дер уағын­да жетпей қалды. Оның зардабын ха­лық шекті. Демек бұдан былай Үкімет заң­дық күші бар акт қабылдап, қажетті шараларды жүзеге асыруға құқылы болады.

Жаңа Қазақстанның артықшы­лық­тары мен басымдықтарын нақтылай­тын конституциялық реформаларды ­егжей-тегжей түсіну үшін де, саяси сауат пен түсінікті көтеру үшін де «Екін­ші Республика» деректі фильмін көрген аса маңызды. Мұнда ақпараттық білім ғана емес, дәйек пен мысал қатар өрілген. Экран арқылы ел назарына ұсыны­лады деген үміттеміз.