Жақында Астанадағы Түркі академиясында еліміздің бір топ белгілі ғалымдары және қоғам қайраткерлері басқосып, ақтарыла ақжарқын сұхбат құрды. Түріктану саласындағы өзекті мәселелерді көтеріп, өзара талқыға салды. Жалпы, Түркі академиясының жұмыстарымен етене танысып, оның әлемдік деңгейдегі бірегей ғылыми-зерттеу орталығына айналуы үшін ақыл-кеңестерін қосты.
Қоғам қайраткерлері мен көрнекті ғалымдарды ғылым қызметкерлері мерекесімен құттықтаған Түркі академиясының президенті Дархан Қыдырәлі академия жайлы толымды мәлімет беріп, атқарылған жұмыстар жайлы қысқаша баяндады. Белгілі түрколог Мырзатай Жолдасбеков: «Тікелей Елбасының бастамасымен құрылған Түркі академиясы қатардағы көп институттардың бірі болып қалмай, өзінің жеке әсем ғимараты бар беделді халықаралық академияға айналуы керек», деді. Оның айтуынша, академия ғылыммен ғана шектелмей, түркі халықтарын жақындастыра түсетін іргелі орталық болуы тиіс. Барша түркілердің жан-жаққа енші алып тарағанға дейінгі ортақ тарихын жазу Түркі академиясының жетекшілігімен жүзеге асуы керек.Сонымен бірге, ол «академияның түркі халқы үшін бүгінгі күні түн ұйықтамай, күндіз отырмай жүргендерге арналған түркі әлемінің айтса ауыз толардай өз сыйлығы болуы тиіс» деген ойын білдірді.
Танымал әдебиеттанушы Сейіт Қасқабасов: «Қазір төртеудің түгел болып тұрғаны көңілге қуаныш сыйлайды. Алдағы уақытта алтау ала болмай, Түркі академиясы шаңырағы астында біріксе, еңсерілмейтін іс болмас еді», – деді.
Түркі әлемінің белгілі зерттеушілерінің бірі Әділ Ахметов шетелдегі түркологиялық орталықтармен байланысты күшейтуді ұсынды. «Мысалы, Британия кітапханасында түркі дүниесіне қатысты құнды мәліметтер жатыр. Кембридж университетінде де түркологиямен айналысатын бір орталық бар. Ол жерде де түркі әлеміне қатысты көп қолжазбалар кездеседі. Олармен де байланыс орнатсаңыздар ұтылмайсыздар», деді. Ал Парламент Мәжілісінің депутаты Алдан Смайыл: «Түркі академиясы әлемдік түркологтардың теңдессіз орталығына айналуы тиіс», деген пікірін білдірді. Академияға зерттеген жетістіктерін мектеп оқулықтарына енгізіп, жоғары оқу орындарына арнайы бағдарлама ретінде ұсынып отырғаны ләзім. Депутат сонымен қатар, академия жанынан жалпы түрік мұраларын түркі тілдеріне аударатын орталық ашып, түрік халықтарының ортақ энциклопедиясын әзірлеуді ұсынды. Бұдан соң Парламент Сенатының депутаты Нұрлан Оразалин, белгілі философ Ғарифолла Есім, Мемлекет тарихы институтының директоры Бүркіт Аяған, танымал түрколог Қаржаубай Сартқожаұлы, атақты археолог ғалым Зейнолла Самашев сынды зиялылар да өз пікірлерін ортаға салды.
Жиын соңында жақында 75 жасқа толған белгілі тарихшы, профессор Қойшығара Салғараұлы түбі бір түркі халықтарының тарихын зерделеу және насихаттау жолындағы көп жылғы еңбегі үшін Түркі академиясының құрмет грамотасымен марапатталды.
Зиялылар Түркі академиясында бұдан былай жиі жиналып, келелі сұхбат жасап тұруға келісіп тарасты.
Дастан КЕНЖАЛИН,
«Егемен Қазақстан».