Аймақтар • 22 Мамыр, 2022

Перзентхана маңындағы жарылыс

299 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Сенбі күні Шымкентте орналасқан Түркістан облыстық №1 перинаталды орталық жанындағы ғимаратта жарылыс болды. Жарылыс кезінде перинаталды орталықта 189 ем алушы және 65 қызметкер болған.

Перзентхана маңындағы жарылыс

Бүгінде орталықтағы аналар мен сәби­лер, жалпы емделушілер облыстағы пер­зент­ханаларға жеткізіліп, тиісті емдерін алу­да. Оқыс оқиға салдарынан үш адам қаза болған, түрлі жарақат алған жеті адам облыстық және қалалық ауруханаларда емделуде.

Облыстық қоғамдық денсаулық басқар­ма­сының басшысы Марат Пашимов оқыс оқиға кезіндегі қиын жағдайда перзент­хана ұжымы бір кісідей жұмылып, дәрігерлік мін­деттерін атқарғанын, үрейге бой ал­дырмай тиісті көмектерін көрсетіп, емделушілерді кө­ші­руге атсалысқанын айтады. «Облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев оқиға орнына шұғыл жетіп, тиісті тапсырмалар берді. Денсаулық сақтау министрі дер кезінде назар аударып, нұсқаулықтар берді. Жарылыс болған маңайдағы үйлердің тұрғындары, тіпті сол арадан өтіп бара жатқан адамдар да қолұшын беруге тырысты. Өз басым мұны мейірімділіктің, бірліктің бір көрінісі деп қабылдадым. Бүгінде облыс және қаладағы жүкті әйелдерге қызмет көрсетуде ешқандай кедергі жоқ. Облыс орталығындағы, қала­да­ғы және аудандардағы перзентханалар мен ауруханалар толыққанды жұмыс істеуде», деді оқыс оқиғаға байланысты күні кеше арнайы брифинг өткізген облыстық қоғамдық денсаулық басқармасының басшысы. Сенбі күні болған оқыс оқиғаны ретімен баяндасақ...

Қалалық төтенше жағдайлар депар­та­менті баспасөз қызметінің мәліме­тінше, өрт туралы хабарлама күндізгі сағат 11:36-да түскен. Өрт сөндірушілер жеткен кезде жарылыс салдарынан «Ауруханааралық 138-дәріхана» ЖШС-не қарасты 2 қа­батты жеке тұрғын үйден өрт шыққаны анықталған. Ғимараттың жалпы ауданы 360 шаршы метр, қабырғалары кірпіштен, шатыры гофр картонмен қапталған. Жарылыс салдарынан 130 шаршы метр аумақта ғимарат ішінара опырылып, 5 қабатты тұрғын үйдің жанындағы пәтердің балконы мен терезелері, 7 автокөлік зақымданған. Жалынды ауыздықтауға департаменттің 37 қызметкері және 9 техника жұмылдырылған. Өрт сағат 12:06-да сөндірілді. Төтенше жағ­дайлар департаментінің қызметкерлері оқиға орнынан жанып кеткен ер адамның мәйітін тапты. Оқиға орнына сондай-ақ Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов, полиция департаментінің басшылығы жедел жеткен. Жарылыс болған ауруханааралық дәріхана ғимаратының толық жойылғаны, онда тұзды ерітінді өндірілетіні анықталып отыр.

Жарылыс болған ғимараттың перина­тал­дық орталыққа еш қатысы жоқ болып шықты. Дегенмен өкінішке қарай, жа­ры­лыстың күшті толқынынан дәріхана ма­­ңайындағы перзентханаға да зардап тиген. Әсіресе бірінші қабаттағы жан­сақтау бөліміне. Терезелері қирап, жаб­дық­тар істен шыққан. Жарылыс болған ғи­мараттың жанындағы перзентханадан ана мен сәбилер, медицина қызметкерлері же­дел басқа ғимаратқа көшірілді. Қалалық тө­тенше жағдайлар департаментінің бас­ты­ғы Мадияр Жақсыбаев жарылыс бол­ған ғимараттың қасындағы бес қабатты тұрғын үйдің 20-ға жуық тұрғыны да қауіпсіз жерге көшірілгенін мәлім етті. «Олардың арасында зардап шеккендер жоқ. Десе де оқиға орнында жедел құтқару жасағы мен кинологтер жұмыс істеп жатыр. Қалалық әкімдікте штаб құрылып, арнайы техникалармен тазалау жұмыстарын жүргізу шаралары бас­талды. Жарылыс болған ғимараттың иесі іште жұмысшылар болмағанын айтады. Бәрі демалыста болған. Сонымен қатар ғимаратта екі тоннадай сутегі асқын тотығы сақталғанын жеткізді. Бұл – фурациллин мен глюкоза шығаратын сұйықтық. Жарылысқа осы сұйықтық себеп болуы мүмкін деген болжам бар. Десе де оның нақтысы тексеру барысында анықталады. Газдың кесірінен жарылыс болуы мүмкін деген болжам қарастырылып жатқан жоқ», деді қалалық ТЖД бастығы. Сондай-ақ департамент бастығының айтуына қарағанда, жарылыс салдарынан екі қабатты ғимараттың 55 шаршы метрі өртеніп, 130 шаршы метрі құлаған. Ал оқиға орнынан табылған ер адам 1979 жылы туған перзентхананың күзетшісі екені анықталды. Кейінірек жарылыстан жалпы үш адамның қаза болғаны жария етілді. «Өкінішке қарай, 1979 жылы туған күзетші, 1980 жылы туған жұмысшы және 18 күн бұрын туған сәби қайғылы оқиғаның құрбаны болды. Қаза тапқандардың отбасыларына көңіл айтамыз. Зардап шеккендерге көмек көрсету және осы қайғылы оқи­ғаны тергеу үшін ведомство барлық қа­жет­ті ша­­­раны қабылдайды», деп хабарлады Ден­­саулық сақтау министрлігі. Сондай-ақ Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният қаза тапқандардың отбасыларына көңіл айтты. «Дәл қазіргі уақытта жағдай Денсаулық сақтау министрлігінің бақылауында тұр. Зардап шеккендерді қаланың медициналық ұйымдарында стационарлық жағдайда емдеу үшін барлық шара қабылдануда. Бұдан басқа Түркістан облысы бойынша жүкті және жаңа туған нәрестелерді бағыт­тау­ды ұйым­дас­тыру және өзгерту бойын­ша жұ­мыстар шұғыл түрде жүзеге асырылуда», деп жазды Ажар Ғиният фейсбуктегі парақшасында.

Ал кешегі брифингте облыстық қоғам­дық денсаулық басқармасының басшысы Марат Пашимов зардап шеккендерге кө­мек көрсетілетінін, перинаталдық орта­лық алдағы уақытта жұмысын жалғас­ты­­ра­тынын жеткізді. «Бұл жағдай облыс әкімі­нің бақылауында. Жарылыс салдарынан жарақат алғандардың жағдайы тұ­рақ­ты. Нақтылай кетсек, жарақат алған жеті адамның 5-еуі облыстық перинаталдық орталықта жұмыс істейді. Яғни төртеуі кіші буын қызметкерлері, бір медбике. Орталық аумағында күрделі жөндеу жұ­мыстары жүргізіліп жатқан болатын. Жа­ра­­қат алғандардың екеуі сол жердегі жұ­мысшы. Барлығының жағдайы тұрақты. Оларға А.Сызғанов атындағы ҰҒХО дәрігерлері кеңес беріп, психологтер то­бы­­ның жұмысы ұйымдастырылған», деді басқарма басшысы. Сондай-ақ брифингте Денсаулық сақтау министрлігі Ана мен бала денсаулығын қорғау департаментінің директоры Мағрипа Ембергенова перзентханаларда болып, емделушілерінің жағдайын білгенін, оларға барлық жағдай жасалғанын мә­лім етті.

Айта кетелік, Шымкент қалалық поли­ция департаменті бастығының бірінші орын­­басары Мұрат Алтаев пен қалалық поли­ция департаменті тергеу басқармасының бас­­ты­ғы Дәулеткелді Әбдірамановтың ха­бар­­­лауынша, жедел тергеу тобы құ­ры­лып, сотқа дейінгі тергеп-тексеру жұмыс­та­ры бас­талған. Аталған оқиғаға орай полиция департаментінде Қылмыстық кодек­стің 292-бабына сәйкес қылмыстық іс қоз­ғал­ған. Өрт қауіпсіздігі ережесін сақ­та­маған аза­маттардың қылмыстық әре­кетін әш­ке­ре­лей­тін бұл бап бойынша екі жыл­дан жеті жыл­ға дейінгі аралықта бас бос­тан­ды­ғынан айыру көзделген.

 

ШЫМКЕНТ

Соңғы жаңалықтар