Атырауда елді өркендетуге енжар қарамайтын жастардың бір тобы Абай орталығында бас қосып, референдумға ұсынылған өзгерістердің маңызын талқыға салды. Мәселен, республикалық референдумды қоғамдық қолдау жөніндегі өңірлік штаб мүшесі Дәурен Сейітқалиевтің пікірінше, Конституцияға енгізілген бұрынғы өзгерістерді Парламенттің қос палатасының депутаттары ғана талқылады. Бұрын мұндай өзгерістерді енгізуді мақұлдау бұқараның араласуынсыз шешімін тапты. Ал бұл жолы өзгеше қадам жасалып отыр. Бұл – халықтың талқысына ұсынылып, референдум арқылы таңдау жасау.
– Қазір ауылдардың әкімін жергілікті тұрғындар сайлайды. Алайда халық сенім артқан əкімдердің қолында ауылдың әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсартатындай тетік жоқ. Ауыл әкімдері тек салық жинау, сенбілік ұйымдастыру секілді шаруалармен айналысып жүр. Ықпалы жоқ әкім аудандық, қалалық, облыстық əкімдікке жалтақтап қарайды. Қаржылық мəселелерді шешу үшін өздігінен шешім қабылдауы қиын. Енді референдумнан кейін тек ауылдық округтің емес, аудан, қала, облыс əкімін халық сайлайтын болса, тұрғындардың әлеуметтік-экономикалық ахуалын жақсарту бағытында оң өзгеріс болатынына үміт бар. Сол әкім сайлауына үміткер ретінде іскер, танымал, халықпен етене араласып жүрген азаматтар түсуге мүмкіндік алады, – дейді Дәурен Сейітқалиев.
Оның айтуынша, мұны демократиялық тұрғыдан өте тиімді қадам деуге болады. Былтыр дәл осындай батыл тәсіл ауылдық округ әкімдерінің сайлауы кезінде тəжірибе ретінде бастау алды. Бүгінгі қазақ қоғамы осы үрдістің тәжірибе күйінде қалмағанын, алдағы уақытта аудан, қала әкімдері де тікелей сайланғанын қалап отыр.
Отаншылдық, патриоттық сезімі бар жастар елдің қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық өркендеуіне оң ықпалын тигізер өзгерістерді қолдайды. Соның дәлеліндей, өңірдегі жас белсенділер әлеуметтік желілерде референдумға қолдау білдіру мақсатында челлендж акциясын бастады. Онда белсенділер бұқараны референдумға қатысуға шақырған жазбалары мен видеоларын бөлісіп жатыр.
– Біз – Атырау жоғары медициналық колледжінің студенттері Жаңа, Әділетті Қазақстанды құруға үлесімізді қосқымыз келеді. Әрине, біз әлі студентпіз, жұмысқа орналаса қойған жоқпыз. Бірақ еліміздің келешегі жарқын болуы үшін қоғамдағы өзгерістерді жатсынбауымыз керек. Сол себептен, бүгінгі қоғамның бір мүшесі ретінде замандастарымыз алдағы референдумға қатысуы қажет деп есептейміз. Өйткені біз Қазақстанның өркендеу жолы, басқару тетігі жаңарғанын, сол мақсатқа жеткізер өзгерістер Конституцияға енгізілгенін қалаймыз, – дейді медициналық колледждің студенті Раушан Айтпаева.
Ал Атырау қалалық мәслихатының депутаты Азамат Асылбековтің пікіріне сүйенсек, референдум өткізу бейжай қарайтын мәселе емес. Мұның бірнеше себебі бар.
– Біріншіден, Президенттің мұндай бастамасын жаһандық сын-қатерлерге толы қазіргі кезеңде елдің саяси жүйесін жедел жаңғыртуға жасалған батыл қадам деуге болады. Демек референдум – әрбір азаматқа ел тағдырын шешуге тікелей қатысуға мүмкіндік беретін маңызды демократиялық тетік. Екіншіден, Ата Заңның бірнеше бабына енгізілетін түзетулерді зерделейтін болсақ, демократиялық дамуға, Жаңа Қазақстанды құруға бағытталған тың мемлекеттік модельді байқаймыз. Суперпрезиденттік басқарудан бас тарту арқылы саяси жүйенің орнықтылығы үшін тепе-теңдік жүйесін құру көзделіп отыр. Үшіншіден, Президенттің, Орталық сайлау комиссиясы төрағасы мен құқық қорғау органдары басшыларының партияға мүше болуына тыйым салу да маңызды өзгерістің бірі екені даусыз. Мұндай өзгеріс партиялар арасындағы бәсекелестік күрестің негізін қалайды, – дейді Азамат Асылбеков.
Атырау облысы