Белгілі сарапшылар, саясаттанушылар, әлеуметтанушылар, тарихшылар мен гуманитарлық саланың өзге де өкілдері қатысқан форумда Ерлан Қарин еліміз бен әлемде болып жатқан процестердің барлығын терең сараптаудың маңызды екенін атап өтті. Оқиғалар мен құбылыстарға сапалы сараптама жасау үшін оның сан алуан себебін ескере отырып, жан-жақты зерттеу керек. Сонымен қатар сарапшылардың талқылаулары мен пікір алмасуларын ұйымдастырған жөн.
«Жаңа Қазақстанды саяси-экономикалық үдерістердің даму тетіктерін басшылыққа алмай құру мүмкін емес», деп атап өтті өз сөзінде Е.Қарин. «Әлемде кейінгі жылдарда сын-қатерлер күшейіп, пандемия мен төртінші өнеркәсіптік революцияның әсерінен саяси-экономикалық қарама-қайшылықтар шегіне жетті. Мұның барлығы әлемдік парадигманың өзгеруіне әкеліп соқтыратыны анық. Бұл жаһандық үрдістердің елімізге де ықпалы бар. Қазақстан географиялық және геосаяси тұрғыдан ғаламдық сілкіністер ошағына жақын орналасқандықтан, алдағы уақытта осы құбылыстардың үдей түсетінін қаперге алу қажет. Қазіргі кезде сыртқы факторлардың да қысымын жоққа шығаруға болмайды. Осы орайда Қазақстан өз тұрақтылығын сақтап қалу үшін үлкен күш жұмсауда. Ал мемлекеттігімізді сақтап қалу азаматтық қоғамның ынтымақтастығына тікелей байланысты. Біз осылай ғана ішкі тыныштықты сақтай аламыз. Ал ел басынан өткен қаңтар оқиғасы қоғам тұрақтылығы үшін үлкен сынақ кезеңіне айналды. Алайда Президент пен халықтың батыл іс-әрекетінің арқасында жағдай тұрақталды. Ол кезде шын мәнінде егемендігіміз, қоғамның тұрақтылығы таразы басында тұрған еді», деп атап өтті Е.Қарин.
Мемлекеттік хатшының пікірінше, Мемлекет басшысының Жаңа Қазақстанды бірге құру туралы ұсынысы қоғам тарапынан үлкен қолдау тауып отыр. «Ендігі кезекте республика жұртшылығының өзгерістерге қаншалықты дайын екенін референдум барысынан көреміз. 5 маусым күні өтетін референдум қазақ қоғамы үшін оң өзгерістердің бастамасы болмақ. Конституциямызға заман талабына сай өзгерістер енгізіп, халық саяси өзгерістерге үн қосып, өз тандауын жасайды. Конституциялық реформа – Жаңа Қазақстанды құрудың бір бөлігі ғана. Конституциялық реформалардың нәтижесінде суперпрезиденттік басқару үлгісінен президенттік республикаға көшуге, бірқатар билік өкілеттілігін қайта бөлуге, Парламенттің рөлі мен мәртебесін күшейтуге болады. Соның нәтижесінде елді басқару ісіне халықтың араласуын арттыруға, азаматтардың Ата Заңмен белгіленген құқықтарының механизмін жетілдіруге қол жеткізе аламыз», деді Е.Қарин.
Мемлекет үшін дәл осындай шешуші кезеңде саясаттанушылардың алдында ауқымды міндет тұрғанын атап өткен әл-Фараби атындағы ҚазҰУ басқарма төрағасы – ректоры Жансейіт Түймебаев ішкі және сыртқы оқиғаларды бақылауда объективті ұсыныстар қажет екенін алға тартты. Осы орайда Ж.Түймебаев алдағы референдумның маңыздылығына тоқталып: «Референдум – Жаңа Қазақстан тарихындағы үлкен саяси оқиға. Еліміздің болашағы үшін дұрыс таңдау жасау – әр азаматтың міндеті. Ал халықтың саяси сауатын арттыруда саясаттанушылардың рөлі жоғары болуға тиіс. Тәуелсіздік жылдарында еліміз саяси тұрақтылықты нығайтудың қиын жолдарынан өтті. Бүгінде Қазақстанда саяси жүйені демократияландыру үрдісі жүзеге асуда. Уақыт талабына сай әлеуметтік-экономикалық реформалар қолға алынуда. Басты өзгерістердің бірі – халықтың елді басқаруға қатысуын кеңейтуге, құқықтық базаның дамуына ықпал етеді. Ал азаматтық ұстанымымызды білдіру үшін конструктивті диалогқа үміт артамыз. Бұл саяси пікірталастардың жаңа трендтерін анықтауға жол ашады. Президент сөзімен айтқанда, Жаңа Қазақстан
– Әділетті Қазақстан», деді.
Кездесу барысында Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов білім мен ғылымның, сондай-ақ саясаттанушы мамандарды даярлаудың өзекті мәселелеріне тоқталды. Президент Қ.Тоқаевтың қолдауымен білім, ғылым саласын қаржыландырудың екі есеге дейін артып отырғанын жеткізген министр бүгінде еліміздің он екі жоғары оқу орнында саясаттанушылар дайындалатынын жеткізді. Осы тұста бөлінген гранттардың толық игерілмей жатқанына тоқталып, «Биыл постдокторантураға 1 000 грант бөлінсе, соның 500-і ғана игерілді. Докторантура бойынша 2 жыл қатарынан 25 грант игерілмей жатыр. Осы орайда кафедралар белсенді жұмыс жүргізуі қажет», деп атап өтті. Бұдан бөлек министр жоғары оқу орындары оқытушылары жалақысының өсуі, академиялық еркіндік мәселесін қозғап өтті. Ал құқықтық мәдениет жайын сөз еткенде министр республика мектептеріндегі жеті мыңнан астам дебаттық клуб пен мектеп парламентінің жұмысына тоқталды. «Балаларға тек білім беріп, ақпараттандырып қана қоймай, функционалды сауаттылық, критериалдық бағалауды енгізу бүгінде мектеп жұмысының ажырамас бөлігіне айналып отыр», деді.
Президент жанындағы ҚСЗИ директоры Еркін Тұқымов бәсекеге қабілетті сараптамалар жүргізу, кәсіби мамандар даярлау мәселесін қозғады. Оның айтуынша, еліміздің саяси жаңаруы жолында сауатты шешімдер, жаңа идеялар мен тұжырымдарға назар аудару қажет. Сонымен бірге саясаттану кафедраларында аналитикалық мектептер ісін жетілдіру – уақыт талабы. «Өзгермелі кезеңде, технологиялар дамып жатқан әлемде саяси ой-сананың өзгеруі заңдылық. Уақыт өзгерісіне ілесіп отыру білікті, кәсіби қауымдастықпен ғана жүзеге асады. Осы орайда саяси модернизация жүргізбей экономикалық жаңғырудың жүзеге аспайтыны анық», деп атап өткен Е.Тұқымов «бүгінге дейін билік пен сарапшылар қауымдастығы арасындағы коммуникацияда әлеуетімізді толық пайдалана алмадық» деген ойын да ашық білдірді. Сарапшының айтуынша, жаңа заман жағдайында мемлекеттік саясатты құрылымдауда коммуникацияның жаңа түрлері қажет әрі ол мемлекеттік модернизацияның сәтті жүзеге асуына, сын-қатерлердің алдын алуға мүмкіндік береді. Ал саяси инклюзивті институттарды құру экономикалық-әлеуметтік инклюзивті институттардың құрылуына ықпал етеді.
Жиында Философия, саясаттану және дінтану институтының бас директоры Серік Сейдуманов, Азиялық зерттеулер институтының директоры Сұлтан Әкімбеков, «Саяси зерттеулер қауымдастығы» РҚБ президенті Есенжол Алияров сөз сөйлеп, конгресс қатысушылары «Екінші Республика: саяси реформалардың тұжырымдамалық негіздері», «Қазақстанның партиялық жүйесінің дамуы», «Қазақстандықтардың идентификация үлгілерінің трансформациясы», «Саясаттану жоғары мектебі: жағдайы мен проблемалары», «Қазақстандағы саяси ғылымның даму келешегі» панельдік сессияларда пікірлерін жалғастырды.
АЛМАТЫ