Коллажды жасаған Амангелді Қияс, «ЕQ»
Пиреней түбегіндегі AEMET ұлттық ауа райы агенттігі Twitter-дегі парақшасында осы күні ауа райы күрт ысығанын хабарлады. Сондай-ақ Испанияның 10 аймағында жоғары температура сақталатынын мәлімдеді. Агенттіктің болжамы шындыққа жанасады. Өткен жұмада Андалусияның Джан қаласында температура 40 градусқа дейін көтерілді. AEMET-тің мәліметтеріне сүйенсек, Джандағы орташа температура жылдың осы мезгіліндегі қалыпты температурадан 16 градусқа жоғары. Ал Испанияның басқа жерінде температура жылдағыдан 7 градусқа ысыған.
Ауа райының күрт қызуы жалғыз Еуропамен шектелмейді. Шартараптың басқа бөліктерінде де күн қатты ыси бастады. Мәселен, қазіргі таңда Пәкістан мен Үндістанда кезекті аптап ыстықтың болу ықтималдылығы 100 есеге жоғарылаған. Сарапшылардың мұндай пікір айтуына 2010 жылдан бастап аталған өңірдегі ауа райының әр 3 жыл сайын ысынуы әсер еткен екен. Синоптиктердің айтуынша, алдағы күндері Үндістанның солтүстік-батысында ауа температурасы жоғары деңгейге жетуі мүмкін.
Кейінгі апталарда Пәкістан мен Үндістанның кей жерлерінде температура көтерілгендіктен, мектептер жабылып, егінге зақым келіп, тұрғындар үйлеріне тығылды. Осылайша электр жарығын тұтыну да күрт артты. Пәкістанның Синд провинциясындағы әлемдегі ең ыстық қалалардың бірі Якобабадта өткен жексенбіде 51 градус Цельсий және сенбіде 50 градус тіркелді. Үндістанда жексенбі күні ел астанасы Делидегі температура 49 градустан асып кетті.
Күн жыл он екі ай ыстық болатын Африка, Оңтүстік Америка секілді құрлықтар туралы айтып жатудың өзі артық. Ондағы температура әдеттегіден әлдеқайда жоғары. Мұның басты себебі – климаттың жылынуы. Кейінгі елу жылда әлем күрт жылынған. НАСА-ның мәліметіне сүйенсек, XIX ғасырмен салыстырғанда Жердегі орташа температура 1 градусқа көтерілген. Мәселен, 2010 жылдан бері әлем бес рет рекордтық деңгейде көтерілген. Ғалымдар мұның негізгі себебі көмірқышқыл газы мен газдардың ауаға көптеп шығарылуы екенін айтады.
Көмірқышқыл газының ауаға көптеп таралуы мұхит суына әсер етіп, соның салдарынан теңіз маржандары азайып, онда мекендейтін жәндіктердің ізім-ғайым жойылуына әкелді. National Geographic деректеріне қарағанда, Тынық мұхиттағы бірнеше үлкен маржан рифі жойылып кеткен.
Климат өзгеруінің салдарынан мәңгі мұз құрсанған аймақтағы су да жылына бастады. Тамшы тас теседі дегендей, судың мүжімейтін нәрсесі жоқ екені белгілі. Арктика мен Антарктида маңындағы жылынған су мұздықтарды бұрынғыдан да жылдам еріте түсті. Бастапқыда аз-аздан кертілген мұз бүгінде кесек-кесегімен опырылып жатыр.
1980 жылдан бері Арктикада 2,5 миллион шаршы шақырым мұз еріп кетті. Бұл шамамен Қазақстанның аумағына тең. National Geographic зерттеушілерінің мәліметтеріне сүйенсек, 2050 жылға қарай Арктикада 520 мың шаршы шақырым мұз ғана қалуы мүмкін.
Антарктида да жаһандық жылынудың зардабын тартып отыр. Қазіргі таңда ондағы мәңгілік мұздар үгітіліп, еріген су мұхитқа құйылып, теңіз деңгейі көтеріліп келеді. Ақ құрлықта жүргізген зерттеуде мәңгілік мұздардың астын теңіз сулары үңгіп жатқаны анықталды. Жағдай осылай жалғаса берсе, ақ құрлықтағы мұз жабыны еріп, түгелдей мұхитқа құйылады. Мәселен, алда-жалда Антарктидадағы Туэйтс мұздығы түгелдей ерісе, әлемдік теңіз деңгейі 1 метрге көтеріледі екен. Ал мұндай жағдайда Еуропадағы бірқатар қала су астында қалуы ықтимал.
Бұл аз десеңіз, қазір шартараптың түкпір-түкпірінде құрғақшылық белең алып, көптеген су қоймасы тартылып, ауыл шаруашылығына орасан зиян келіп отыр. Ғалымдардың пайымдауынша, жаһандық жылыну осы қарқынмен жалғаса берсе, ғасыр соңында азық-түлік тапшылығы туындауы мүмкін.
Климат өзгеруі мұхиттың арғы бетінде де қатты білінеді. АҚШ-тағы ең үлкен су қоймасы Мидтің арнасы тартылып барады. Қазіргі таңда жасанды көлдегі судың көлемі 31 пайызға дейін азайған. Бұған дейін су қоймасын толтырып келген Колорадо өзені жаһандық жылыну салдарынан бұрынғыдай сарқырап ақпайды. Жасанды көлге құятын суы да азайған. Мидтің тартылуы салдарынан бұған дейін көл астында саналған жерлер қатқақ топыраққа айнала бастапты. Тіпті, су қоймасының жағалауынан бұған дейін суға кеткен адамдардың денелері де табылды.
Жалпы, Мид Колорадо өзенінің бойында Аризона мен Невада штаттарының түйіскен жерінде орналасқан. Су қоймасын жасау үшін Хувер дамбасының құрылысы өткен ғасырдың 30-жылдары жүргізілген-ді. Содан бері онда су түгесілген емес. Қазіргі таңда су қоймасының маңызы зор. Ол Аризона, Калифорния және Невада штаттарын сумен ғана қамтамасыз етіп, сонымен қатар аталған штаттарға қажетті электр энергиясын өндіреді. Әдетте дамба толы болғанда өндірілген тоқ 8 миллион тұрғынды қамтуға жететін. Бірақ судың азаюы электр энергиясы өндірісінің баяулауына әкелді. Соның салдарынан Мидтің өндіріс көлемі 25 пайызға кеміген.
Жер-жаһанның түкпір-түкпірі су тапшылығын әлдеқашан сезіне бастады. 2018 жылы Оңтүстік Африка Республикасындағы қуаңшылық кезінде Кейптаунда тіршілік нәрі мүлдем таусылуға шақ қалды. Бұрын-соңды мұндайды көрмеген шаһар билігі суды пайдалануға жаппай шектеу қойды. Құдай сақтап, дер кезінде жаңбыр жауып, африкалықтарды бір апаттан аман алып қалған-ды. Әйтсе де сол жылғы қуаңшылық салдарынан өңірге 400 миллион доллар шығын келді.
McKinsey-дің деректеріне сүйенсек, 2030 жылы әлемдегі өзен бассейндерінің көлемі 10 пайызға, 2050 жылы 25 пайызға тартылуы ықтимал. БҰҰ есептеуі бойынша әлем халқының төрттен бірі 2050 жылға қарай су тапшылығын сезінуі мүмкін. Ал Әлемдік банк «тіршілік нәрінің» тапшылығы 2050 жылға қарай әлем экономикасының ішкі жалпы өнім өсімін 6 пайызға азайтады деп болжам жасайды.
Су мәселесі Орталық Азияны да айналып өтпейтіні түсінікті. Естеріңізде болса, былтыр елімізде қуаңшылық болып, кей өңірде аспаннан бір тамшы тамбады. Жауын-шашын аз түскен қыс пен көктемнен соң аптап ыстық басталды. Соның салдарынан жем-шөп түгесіліп, жылқылар мен ірі қара қынадай қырылғаны бар.
Әлем бұл мәселеде қол қусырып қарап отыр деуге келмес. Бірнеше рет климаттың өзгеруіне жол бермеу мақсатында түрлі келісімдер қабылдады. Жаһандық жылынуға қатысты соңғы келісімге Парижде өткен конференцияда қол жетті. Франция астанасында жасалған келісімге сәйкес, мүше мемлекеттер 2020 жылдан бастап көмірқышқыл газын ауаға шығару көлемін азайтуы тиіс. Сондай-ақ бес жыл сайын мемлекеттер өздеріне қойылған міндетті қаншалықты орындағаны туралы мәлімет беріп отырады. Сондай-ақ жиынға қатысқан елдер Жер-Ананың орташа жылыну температурасын 2 градустан асырмау туралы келісім жасасты. Өз кезегінде бұл құжат Киото келісімін алмастырады.
Көптеген мемлекет «Париж келісіміне» сәйкес өз міндеттемелерін орындауға кірісті. Франция 2040 жылдан бастап елдегі бүкіл бензин және дизельмен жүретін көліктерге тыйым салынатынын мәлімдеді. Сондай-ақ 2022 жылдан бастап электр энергиясын өндіру үшін көмір пайдаланбауды жоспарлап отыр. Норвегия 2025 жылдан бастап жанар-жағармаймен жүретін көліктерге тыйым салса, Голландия мұндай қадамға 2030 жылы баруды жоспарлаған. Қазірдің өзінде «Қызғалдақтар еліндегі» ұлттық темір жол қызметі толықтай жел энергиясынан қуат алады.
Дегенмен жаһандық жылынумен күреске енжар қарайтындар жетерлік. Қайбір жылы АҚШ-тың экс-президенті Дональд Трамп «Париж келісімінен» шығып, әлемді бір шулатқаны есімізде. Бразилия билігі Амазонкадағы тропикалық ормандарды отауын тоқтатқаны үшін әлемнен өтемақы сұрайды. Яғни жасыл желекті көбейтудің орнына, оны жоймағанын басқаларға міндетсініп отыр.
«Париж келісімін» орындау мақсатында Еуропалық одақ атом энергиясы мен газды «жасыл өнім» санауға келіспек. Қазіргі таңда бұл мәселе Еуропалық парламенттің қарауында жатыр. Германия секілді бірнеше мемлекет қарсы болғанына қарамастан бұл құжат қабылданады. Ендеше әлемнің дамыған елдері саналатын Еуропалық одақ мемлекеттері де жеңілдің астымен, ауырдың үстімен жүретін жолды таңдады. Мұндайда экономикасы көмірге байланған дамушы елдерге қандай дау айтарсың?..