Арнайы атлас дайындалып жатыр
Геология комитетінің төрағасы Талғат Сатиев қазір тау-кен кәсіпорындарының тұрақты жұмыс істеуін қамту үшін моноқалаларға жақын орналасқан 7 перспективалы учаскеде геологиялық іздестіру жұмыстары қолға алынғанын жеткізді.
«Атап айтқанда, биыл Шығыс Қазақстандағы Қарааяқ және Мунча учаскелерінде сирек кездесетін металдарды анықтау жұмыстары жалғасып, тағы 12 учаскеде перспективалы жаңа кен орындарын белгілеуге қатысты жұмыстарды бастау көзделіп отыр. Минералды-шикізат базасын нығайтуда геологиялық барлау жұмыстарының озық ғылыми негіздемесі ерекше рөл атқарады. Осыған байланысты таяу 5 жылда бағдарламалық-мақсатты қаржыландыру арқылы тереңде жатқан пайдалы қазбаларға болжам жасап, заманауи ғылыми-технологиялық құралдардың көмегімен жаңа кен орындарын ашу үшін зерттеулер жүргізу жоспарланған», деді Т.Сатиев.
Биыл бағдарламалық-мақсатты қаржыландырудың 3 жобасын Қ.Сәтбаев атындағы геологиялық ғылымдар институты, Д.Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік техникалық университеті және У.Ахмедсафин атындағы гидрогеология және геоэкология институты жүзеге асыратыны белгілі болды.
«Қ.Сәтбаев атындағы геологиялық ғылымдар институты қатты пайдалы қазбалардың кен орындарын іздеу мен болжау өлшемдерін, сол секілді орналастыру заңдылықтарын талдап, арнайы атласты дайындап жатыр. Бұл атлас геологтер мен инвесторлардың жолнұсқаушысына айналады», деді комитеттің басшысы.
Алтынның негізгі қоры – Шығыста
Қазір мемлекеттік теңгерімде пайдалы қазбаның 8 711 кен орны есепте тұр. Оның ішінде көмірсутектерге – 317, қатты пайдалы қазбаларға – 910, кең таралған пайдалы қазбаларға – 3 160 және жерасты суларына 4 324 нысан тиесілі. Мұнайдың қоры – 4,4 млрд тоннаға, газдікі – 2,1 трлн текше метрге, сондай-ақ конденсаттікі – 416,2 млн тоннаға жетеді. Бұл ретте оның басым бөлігі Атырау (шамамен 75%) мен Маңғыстау (11%) өңірлерінде шоғырланғанын айта кеткен жөн. Көмірсутек шикізаты қорының 68%-ы 3 ірі кен орнының үлесінде. Олар Теңіз, Қашаған және Қарашығанақ. Жауапты ведомствоның басшысы пайдалы қазбалар қорының есебі 103 компонент бойынша жүргізілетінін айтты.
«Оның ішінде алтын, мыс, қорғасын және мырышқа басымдық берілген. Алтын кен орындарының негізгі қоры Шығыс Қазақстанда орналасқан, бұл жалпы қордың 36%-ын алып отыр. Ақмола өңірінде оның көрсеткіші – 21%, Қарағанды өңірінде – 11%. Ал мыс қорының 82%-ы еліміздің шығысы мен орталық өңірлерінде жатыр. Қорғасын-мырыш кен орнының 41%-ы Орталық Қазақстанда, 33%-ы Шығыс Қазақстанда және 21%-ы
Оңтүстік Қазақстанда шоғырланған», деді Т.Сатиев.
Мұнай-газ секторындағы инвестицияның көлемі – 70%
Құзырлы орган өкілдері егемендік жылдары отандық минералды-шикізат кешені әлемдік нарықтың талаптарына толық бейімделіп үлгерді деп санайды. Айталық 4 мыңнан астам кен орны пайдалануға беріліп, қазір мемлекетке табыс әкелумен бірге халықтың жұмыспен қамтылуына оң әсер етті дейді сала мамандары.
«1996 жылдан бастап Қазақстанға тартылған 73 трлн теңге инвестицияның 70%-дан астамы мұнай-газ секторына бағытталды. Бұл шамамен 52,2 трлн теңге. Тау-кен секторына 19,5 (27%) трлн теңге бөлінді. Ең көп инвестиция мұнай, полиметалдар, мыс, алтын, темір, уран, көмір сынды пайдалы қазбаның басым түрлеріне тартылды. Бұл ретте геологиялық барлауға салынған қаражат үлесі шамамен 4 трлн теңгені құрайды», деді Геология комитетінің төрағасы.
Ұлттық геологиялық қызмет қашан құрылады?
Бұдан бөлек Президенттің халыққа арнаған Жолдауында көрсетілген тапсырманы іске асыру үшін Геология комитетіне бағынысты ұйымдардың базасында Ұлттық геологиялық қызметті (ҰГҚ) құру жөніндегі жұмыстар қолға алыныпты. Сондай-ақ «Ұлттық деректер банкі» жобасын іске асыру мақсатында геологиялық ақпараттың ашықтығын қамтамасыз ету көзделіп отыр.
«Қаулыға сәйкес жарғылық капиталы 100% мемлекеттік «Қазгеоақпарат» Республикалық геологиялық ақпарат орталығы» ЖШС-ін «Қазақстан Республикасының Ұлттық геологиялық қызметі» АҚ ретінде қайта құру жолымен ұйымдастыру жұмыстары атқарылып жатыр. Келесі кезеңде белгіленген тәртіппен оған «Қазгеология» Ұлттық геологиялық барлау компаниясы» АҚ-ын қосу жоспарланып отыр. «Қазгеоақпарат» РГАО» ЖШС мен «Қазгеология» АҚ-ның қосылуы Ұлыбритания, Канада, Финляндия сынды елдердің тәжірибесі негізінде міндеттер спектрін әлдеқайда кең және өзекті етеді», деді «Қазгеоақпарат» РГАО» ЖШС бас директоры Жанат Кәрібаев.
Заңға түзетулер енгізу ұсынылды
Геология комитетінің төрағасы айтқандай, аз зерттелген шөгінді бассейндерге инвесторларды тарту мақсатында «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» кодекске түзетулер енгізу ұсынылыпты. Бұл өзгеріс жер қойнауын пайдаланушыға геологиялық зерттеу кезеңінен бастап жақсартылған модельдік келісімшарт арқылы барлау және өндіру кезеңіне кепілді өту мүмкіндігін алуға айрықша құқық береді.
«Бұл тәсіл аз зерттелген бассейндерде жер қойнауының мұнай-газ перспективаларын геологиялық зерттеуге лицензия енгізу арқылы қамтамасыз етіледі. Лицензияға сәйкес учаскені бөлу кезінде оның геологиялық-геофизикалық зерттелу дәрежесі төмен аумақтар шегінде орналасуы негізгі өлшем саналмақ. Бұл тәсіл инвестициялардың неғұрлым құқықтық қорғалуын және тұрақтылығын қамтамасыз етіп, инвесторларға жақсартылған модельдік келісімшартта көрсетілетін белгілі бір салықтық және басқа да преференцияларды алуға жол ашады. Қазір ұсынылған реттеушілік шарттар пакетін барлық мүдделі тарап растап отыр», деді ведомство басшысы.
Қатты пайдалы қазбалар саласындағы инвестициялық тартымдылықты арттыру мақсатында жер қойнауын пайдаланудың ашықтығын және болжамдылығын арттыру жөніндегі «100 нақты қадам» Ұлт жоспарының 74-қадамына сәйкес пайдалы қазбалар қоры бойынша есептілік стандарттарының халықаралық жүйесі енгізілді. 2016 жылы Қазақстан CRIRSCO тобына кірді. «Геологиялық барлау жұмыстарының нәтижелері, минералдық ресурстар мен минералдық қорлар туралы қазақстандық жария есептілік қауымдастығы» және «Жер қойнауының тәуелсіз сарапшыларының кәсіптік бірлестігі» құрылды.