– Бірінші мәселе, қоқыс қалдықтарына қатысты. Елімізде шамамен 4 мың полигон бар, бірақ оның 20%-дан астамы ғана заңда көрсетілген талаптарға сәйкес жұмыс істеп жатыр. Заңсыз полигондар мәселесі де ушығып тұр. Қостанай өңірінде мұндай 600-ден астам полигон бар. Бүгінге дейін соның 90%-ға жуығы жойылды. Алайда осымен қоқыстың көбін жойдық деуге болмайды. Өйткені қоқыс қалдықтары жыл сайын қар еріген соң қайта пайда болып жатқанын көріп отырмыз. Бұл келеңсіздіктің алдын алу үшін заңға өзгерістер енгізуді қажет етеді, – деді комитет төрағасы.
Заңнамаға өзгерістер мен толықтырулар енгізілгеннен кейін ғана мәселе жүйелі шешімін тауып, арнайы тізімге енген компаниялар ғана қоқыс шығарумен айналыса алатын көрінеді. Осылайша, тұрмыстық қалдықтарды көзді ала бере таса жерге қалай болса, солай төге салатын жауапсыз кәсіпкерлер емес, заманауи GPS жүйесімен жабдықталған арнайы техникасы бар кәсіпкерлер атқаратын болады.
Қостанай қаласындағы «Тазалық-2012» серіктестігіне қарасты тұрмыстық қалдықтарды сұрыптау желісінің жұмысы көптен бері тоқтап тұр. Өйткені желіні іске қосып, жұмысты жандандыра алатын білікті мамандар жоқ. Экологиялық реттеу және бақылау комитетінің төрағасы бұл мәселені де қозғады.
– Мұндай кәсіпорындар одан әрі өңдеу жұмыстарын тиімді жүргізе алатын компанияларды іздеп табуы керек. Қостанай өңірі қалдықтарды қайта өңдеу бойынша алдыңғы орында. Егер 2020 жылы өңделген тұрмыстық қалдықтардың үлесі 12%-ды құраса, 2021 жылы 17%-ға дейін жетті. Өңірде мемлекеттік қолдау іс-шараларының нәтижесінде 26 қайта өңдеу кәсіпорны пайда болды. Мұның сыртында, «Жасыл Қазақстан» бағдарламасы аясында сұрыптаушылар мен қайта өңдеушілерді қолдау жобалары бар. Әлемдік тәжірибеге зер салсақ, қоқыс өңдеудің табысты бизнес екенін көреміз. Сондықтан саланы дамыту, табысқа жету жергілікті кәсіпкерлердің білік-тәжірибесіне байланысты, – деді З.Жолдасов.
Кездесуде жергілікті қасапханалар мен ет өңдеу комбинаттарындағы шикізат қалдықтарын жою мәселесі сөз болды. Бұған дейін ет өңдейтін кәсіпорындардың заңды белшеден басып шикізат қалдықтарын арнайы орында жоюдың орнына, қанын сорғалатқан күйі полигондарға өткізетіні, ондағылардың заңмен тыйым салынған қалдықты қымсынбай қабылдай беретіні туралы сөз болып, оның арты дауға айналған.
– Бас прокуратура Қостанай облысының экология департаментіне осы өңірдегі бес компанияның санитарлық талапқа сәйкестігіне тексеруді тапсырып отыр. Полигонға жауапты «Горизонт-2020» ЖШС заңсыз қалдықтарды қабылдағаны үшін сот арқылы жауапқа тартылды. Жалпы, мал сою цехтары ет қалдықтарын арнайы пештерде өртеуі керек немесе мұндай өндірістік қалдықтар жем шығаратын кәсіпорындарға өңдеуге жіберілуге тиіс. Тіпті болмаған жағдайда Беккери шұңқырына көму керек, – деді комитет басшысы.
Өңірде құрылыс қалдықтарына қатысты көптен шешілмей келе жатқан қордалы мәселелер бар. Құрылыс қалдықтарын полигон аумағына көмуге болмайды. Өңірде қатты қалдықтың бұл түрін қайта өңдейтін кәсіпорындар да жоқ. Бұл енді құрылыс компанияларының бас ауруына айналған күрделі мәселе болып тұр. Мұндай жағдайда құрылыс компанияларына не істемек керек?
Комитет төрағасының айтуынша, құрылыс қалдықтарын 6 айға дейін полигонда сақтауға болады және жауапты кәсіпорын ол үшін ешқандай эмиссия төлемейді. Оның үстіне, полигондар құрылыс материалдары қалдықтарын өз қажетіне де пайдалана алады.
– Негізі, полигонның қалдықтарды көметін құм-топырақ алатын өз карьері болуы керек. Бірақ қалдықты көму тиімсіз, қайта оларды кәдеге жаратуға тырысу керек, – деді З.Жолдасов.
Өңірде қалдықтарды қайта өңдеу кәсіпорындары Рудный мен Қостанайда ғана бар.
Қостанай облысы