Қазақстан • 23 Мамыр, 2022

Есіңде болар әр күнің

409 рет
көрсетілді
17 мин
оқу үшін

1961 жылы Қазақ Мемлекеттік университетінің филология фа­куль­тетіне 50 бала оқуға түстік. Қазақстанның әр түкпірінен келген елу қыз-жігіт. Елу өмірбаян, елу тағдыр, елу мінез. Қазіргідей мектеп партасынан секіріп түсіп, жоғары оқу орындарының партасына ауысып отыра салған үй өсім­дігіндей балауса балалар емес, сол кездегі абитуриенттерге қойы­латын талап бойынша екі жыл өн­дірісте жұмыс істеп келген «қатайған» жастар едік.

Есіңде болар әр күнің

Өмірдің мәнін, мағынасын, достық пен жол­дастықтың арақатынасын, нан­ның, ақшаның қадірін түсініп қал­ған, білімге талпынған қыз-жігіт­тер болатынбыз. Күні кеше бірі падашы, бірі қойшы, бірі шах­тер, бірі монтер, бірі моряк, бірі солдат, бірі сауыншы, бірі егін­ші, бірі дүкенші, бірі шофер, бірі тракторист, бірі комсомол қыз­меткері, бірі құрылысшы болып әр салада жұмыс атқарып келген 50 бала тұңғыш рет 1 қыркүйекте үл­кен аудиторияда бас қостық. «Аудитория» деген сөзді бірінші рет осында келгенде естігендер де бар. Біз үшін бәрі таңсық, бәрі жұмбақ, бәрі ғажап, бәрі сесті. Университет оқытушыларын көре бастадық. Мырзатай Жолдасбеков, Ханғали Сүйіншәлиев, Темірғали Нұртазин, Бейсенбай Кенжебаев, Зейнолла Қабдолов, Орынбасар Төлегенов...

Академик дегенді (Ісмет Кеңес­баев) естуіміз болмаса көрме­ген­біз. Аудиторияға академик кіріп кел­генде бәріміз таңғажайып құ­былыс көргендей орындарымыздан атып тұрып, жансыз адамдай қаттық та қалдық. Сөйтсек, оның да екі қол, екі аяғы бар, біз­ге ұқсаған дене мүшелері де тү­гел, кәдімгі адам екен. Тіпті «Сә­леметсіздер ме?» деп қазақ тілін­де сөйлей де алатын болып шықты.

Ол сөйлеп кетті. Сәлден соң барып: «Неге түрегеп тұрсыңдар?! Отырыңдар!» дегенше түрегеп тұра беріппіз.

Бірі шофер, бірі монтер, бірі падашы, бірі сауыншы болып кел­ген 50 қыз-жігіт сатырлап отыра кет­тік те, академиктің аузына үңілдік.

Студенттік өміріміз осылай бас­талып еді-ау!

Бір-бірімізбен таныса баста­дық. «Не зат», «құйттай», «мен қас­қа» деп сөйлейтін, әдемі де­генді «әйбәт» дейтін, «тұра тұр­чаңчы, чай ічіп болайын», «ой, сабаз!», «пысқан діңке» (піскен қауын), «жүдә жақсы болды» деп сөйлейтін әртүрлі тақылеттегі жастардың жаппай танысу процесі басталып кетті. Құданың құдіреті, адамдар достықты таңдамайды екен, «достық» дегеннің өзі адамдарды іріктеп, сыпайы достық, көңіл достық, шын достық деген ұғымдар да бірте-бірте анықтала бастайды екен.

Басқалармен де араластық, бірақ өзгелерден гөрі шағын топ көбірек бірге жүре бастадық. Олар: бұрынғы Гурьев, қазіргі Атырау облы­сының, Тайсойған ауданынан кел­ген, бізден бес жас үлкен, ақын ретінде аты шыға бастаған Марат Отарәлиев, маңғыстаулық Лебен Сәдуақасов, шымкенттік Тө­лен Әбдіқаниев (шашы қою бол­ған соң жалды Төлен деп атап кеткенбіз). Төлен Ақмұратов (ша­шы сұйықтау болған соң жалсыз Төлен деп кеткенбіз), Жамбыл облы­сының «Жас өркен» ауылы­нан Әділ Дүйсенбеков, Елен Әлімжанов ауылда 5 жыл әртүрлі жұмыс істеп келіп оқуға түскен, ал жалды Төлен болса Ащысай кен орнында 7 жыл шахтер болып істеген. Жалсыз Төлен екі жыл мектепте жұмыс істепті, Әділ Дүйсенбеков «Трудовой Пахарь» колхозының кеңсесінде жұмыс атқарған, мен болсам монтермын.

Жас жағынан да, кәсіп жағынан да, мінез жағынан да әрқилы осындай студенттер университеттегі оқу басталған күннен бастап, бітіріп шыққанша жұбымыз жазылмады. Жас жағынан да, мінез жағынан да әртүрлі бола тұра бізді біріктірген не еді? Уақыт биігінен қарап тұрсам, бізді біріктірген күш – бір-бірімізге деген адалдық екен. Содан соң – юмор. Бір-біріміздің кемшілігімізді көре қалсақ оны әзілге айналдыру, білместікке ке­шіріммен қарай білу, бар кезде де, жоқ кезде де қалпыңнан өзгермеу, қажет кезінде бір-бірінің қасынан табылу.

Сондай достардың бірі – сен едің, Әділ! «Құдай ажыратпаса, адам ажыратпас дос» деген рас болса, біз дәл солай өмір сүріп, екеу­мізді Құдай ажыратқанша ара­мыздан қыл өтпеді. Тәуелсіздік алған соң «Егемен Қазақстан» газеті жаңа астана – Астана қала­сына ауыс­­ты да, сен де өзің қызмет істеп жүрген ұжымыңмен бірге жаңа жерге қоныс аудардың.

Арамыз алыстады, көңіліміз алыстаған жоқ, сен суық жаққа кеттің, көңіліміз суыған жоқ, оңтүстік астана мен солтүстік астананың арасы мың шақырымнан астам, жүрегіміз адасқан жоқ. Аста­наға келген сайын сағыны­шы­мызды саябырсытып, құшақтасып жат­қанымыз. Бірге отырғанда не ту­ралы сөйлесуші едік? Әрине, жас­тық шақ, студенттік кез, І-курс­та мақта теруге апарған кездегі қызық оқиғалар, жыл сайын ас­тық жинауға тың облысына апар­ған кездегі бастан кешкен қызық­тарымыз... Орыс механизаторларымен конфликт. Төбелес. Бокс секциясына қатысып жүрген ақын Жұматай Жақыпбаевтың өзі­нен екі еседей ұзын, еңгезердей комбайнерді бір-ақ ұрып серейтіп салғаны, Өскен (31 жаста) мен Ескен Елубаевтың асханада орыс механизаторларымен борщ тасып жүргенде төбелесіп, Өскеннің ала­са бойлы, шегір көз, мығым жі­­гіт­тің төбесінен ыстық борщ­ты­ сау еткізіп төге салғаны, оның әрі қарай ештеңеге шамасы­ кел­­мей далаға «мамалап» тұра қаш­қа­ны, сол екі арада ұзын бойлы ақы­нымыз Ескен Елубаевтың екі тракторисі екі ұрып, қолындағы борщтарымен сілейтіп салғаны... Таяқ жеген тың игерушілер жи­налып жатқан жерімізге ке­ліп, үлкен майдан, – «Күлік шай­қа­сын» ашар деп, түнімен ұйық­та­­май, жігіттермен қатар қыз­дары­­мыз да қорғануға дайын болып отыр­ғандары... Жергілікті қазақ­тардың риза болғандары... «Ба­сынып бара жатыр еді, жүндері жы­ғылып, жуасып қалыпты» деп көңілдерінің көтеріліп қалғанын айтып қуанулары...

Осыларды еске түсірсек – бәрі ертегі сияқты.

Мақта теруге барған кезіміздегі бір Марат Отарәлиевтің өзі тұнып тұрған анекдот еді ғой. Бригадир әрқайсымызға екі жүйектен бере­ді. Аппақ болып ашылып тұрған мақтаны теріп, аяғына дейін шы­ғуың керек. Марат болса мақ­таның терілгеніне қарамай, әңгі­месін соғып, біздің қа­тарымыз­дан қалмай келе жатады. Ал артын­дағы мақта сол күйінше аппақ болып самаладай сай­рап тұр. Оқытушы Мырзатай Серғалиев:

– Отарәлиев! Бері қайт! Өзің ­зулап барасың, ал мына мақ­таларың сол күйі аппақ болып қа­лып жатыр! – дейді зекіп. Марат болса аспай-саспай:

– Ағай мен теріп кеткем. Мен кеткен соң ашылып қалған болар! – деп жауап береді ғой.

Марат кешке қарай әбден шар­шап, қара торы жүзі мен кірпі­гіне шаң қонып, ерні кезеріп, жұрт­тың ең соңында келе жатады. Мыр­затай Серғалиев оның иығына қолын салып:

– Қал қалай, Марат? – десе, сөйлеуге әрең шамасы келіп, ілбіп келе жатқан Марат «...Керемет» деп жауап береді. Ал жұмысқа келе жатқанда ол тағы да жұрттың ең соңында амалсыз ілбіп келе жатқанын көрген Мырзатай:

– Марат, осы сен неге ылғи жұрт­тың соңында жүресің? – деген­де ол:

– Көп адам жолға шыққанда, әйтеуір біреу соңында келе жату керек қой, – деп қиналмай жауап бере салушы еді.

Айта берсең мұндай сәттер бітпейтін эпопеядай көрінеді.

Үшінші курста сен әскерге кет­тің. Бір қора студент болып шығарып салдық.

Үзбей хат жазысып тұрдық.

Сен әуе десанты батальонында әскери борышыңды 1967 жылы бітіріп келдің де оқуыңды жал­ғас­тырдың. Біз болсақ 1966 жылы университетті бітіріп, әрқайсымыз әр салада қызмет істей бастадық. Көпшілігі туған елдеріне кетті. Алм­атыда қалғандарымыз санау­лы ғана. Ескен Елубаев, диктор Сауық Жақанова, Бауыржан Жалмиев, Әміролла Сариев, Сабыр Өтепбергенов және мен.

1969 жылы сен университетті бітірдің.

Біздің достық қарым-қаты­на­сы­мыз қайта жалғасты. Сен келгенше мен 1966 жылы 5-курста жүр­генде «Бекет» атты тұңғыш кіта­бымды шығарып, үйленіп те қойған едім. Кітапты, үйлену тойы­на деген шақыру билетті са­ған салып жіберген болатынмын. Кі­тапты оқып қуанып, үйлену тойында бола алмайтыныңа қатты өкініп хат жазғаның әлі есімде.

Университеттің соңғы курсында оқып жүрген кезіңде сен еліміздің бас газеті – «Социалистік Қазақстан» («Егемен Қазақстан») газетіне қызметке тұрдың. Рес­пуб­­­ли­каның беделді ба­сылы­мын­да студент кезден-ақ қызмет істеу екінің бірінің маң­дайына жазылмаған сәттілік еді. Сол газетте жүріп, Гиннестің ре­кордтық кітабына енетіндей ұзақ уақыт қызмет атқардың. Ең­бек кітапшаңда екі-ақ жол жазу тұр­ды: «Қабылданды», «Зейнетке шы­ғуына байланысты қызметінен босатылды» деген. Осы екі жолдың арасында сенің бүкіл ғұмырың жатыр еді. Осы екі жолдың арасында сен елімізге әйгілі журналист атандың, осы екі жолдың арасында сен бөлімнің кіші қызметкерінен бөлім меңгерушілігіне, редкол­ле­гия мүшелігіне дейін адал ең­бегіңмен жеттің. Ешкімге жарам­сақ­танбадың, лауазым иелеріне жалтақтап жақындамадың, тура да таза жолмен жүрдің.

Осы екі жолдың арасында сен жазушы ретінде де исі қазаққа та­ны­мал қаламгер атандың. Өзге жазушылар сияқты әр кітабың шық­қан сайын оны қалың жұртқа жар­намалап, тұсаукесер өткізіп, дабыра қылуды қажет етпедің. Бұл да сенің ежелден қалыптасқан ішкі мәдениеттілігің мен сыпайылығың, қанағатшылдығың мен дабыра сүймес қарапайымдылығыңнан еді.

Жаңағы айтқан екі жолдың арасында сен оннан астам кітаптың авторы болдың. Ол кітаптарың жайлы аспандатып мадақтаған мақалалар ағыл-тегіл жарияланып жатпаса да, әдеби ортаның назарынан тыс қалмай, сыншылар мен замандас журналистеріңнің жылы лебіздерінен құралақан қалған жоқ. Әсіресе «Менің Шерағам» деген Шерхан Мұртаза жайлы жазған публицистикалық эссең көпшілік назарына бірден ілігіп, дуалы ауыздардың ыстық лебізіне ие болды. Ол көп ұзамай орыс тіліне де аударылып, «Простор» журналында жарияланды. Уақыт пен күш-жігерді жеп қоятын журналистік қызметпен қатарластыра жүріп талай кітаптың авторы болдың. Оқырман қауымның есіне салу үшін оларды атап өтсем артық болмас. «Ақ күмбез», «Көкжиек», «Жүрек жылуы», «Тергеу әлі біткен жоқ», «Қара шаңырақ», «Шерағаңның шеруі», «Менің Шерағам», т.б. Бұл кітаптар сені қазақтың белгілі жазушысы болып қалыптасуыңа, Қазақстан Жа­зушылар одағының мүшесі болып та­нылуыңа мол әсер етті. Бұл ең­бектеріңнің бәрі мемлекет тарапынан еленбей қалған жоқ. 1987 жылы Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің Құрмет грамотасымен, 2002 жылы «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталдың.

«Егемен Қазақстан» газетінен зейнетке шыққан соң да еліңе қыз­мет етуіңді тоқтатқан жоқсың. Қа­зақ­стан Республикасы Прези­денті­нің баспасөз қызметінде редактор болып қызмет атқардың.

Қайдан білейік, бұл сенің соңғы қызмет орның екен. Соңғы кездескенімізде денсаулығың да, көңіл күйің де жақсы еді. Кездесу құрметіне бір-екі рюмканы ойланбастан тартып жібере де салушы едің.

Сен тұңғыш перзентің, полковник Айдарыңның табан астында жүрекке жасаған операция үстінде қайтыс болғанын көтере алмадың. Орны толмас қайғы ішіңе күйік болып түсті. Сол күйік сені іштей мүжіп тынды. Дариғаның айтуы бойынша, сен еш жерің ауырмаса да тамақ ішпей, «Айдар жалғыз жатыр» деп айта беріпсің.

Ақыры қасына барып тыныш таптың.

Сен екеуіңді қатар жерлейміз де­ген кімнің ойына кіріп-шы­ғыпты.

Көктөбенің бауырында, Көктө­беге апарар аспалы жолдың астын­дағы жеке пәтер жалдап тұрып жатқанымызда екеуіміз де ұлды бо­лып едік. Алдымен менің ұлым – Естияр, содан соң сенің ұлың­ Ай­дар дүниеге келіп еді. Екеуі де тел өсті. Одан соң менің егіз қызым – Айман, Шолпан дү­ние­­ге келді. Екеуінің де атын сен­ қойып едің. Айдардан соң сен­дер­дің отбасыларыңа екі қыз келіп қосылды. Оның атын Елигай, Жа­зира деп мен қойып едім. Әр мереке, әр демалыс сайын бір-бірімізсіз ас батпаушы еді. Екі-үш күнге бір жаққа кете қалсақ, балаларымызды бір-бірімізге тас­тап, алаңсыз жүре беруші едік.

Сол балаларымыз да өсті, же­тілді, әрқайсысы өз өмір жолдарын тауып, алды елуден аса бастады.

Достарымыздың да қатары жыл сайын сиреп барады. Сағди ақын айтқандай, «Иных уже нет, а те далече». Сол «иных уже нет­тің» ішіне ойда жоқта сен де еніп кеттің.

Есіңде ме, 2016 жылы уни­вер­си­тетті бітіргенімізге 50 жыл то­луына байланысты Алма­тыда кездесу өткізбек болып, га­зеттерге хабарландыру бер­ге­ні­міз. Кездесудің ұйытқысы бол­ғандықтан, хабарландырудың соңғы жолын былай аяқтап едім ғой: «Құрметті достар! Кім қайда жүрсе де келуге тырысыңдар. Қаражат жағын ойламаңыздар, бәрін өзім көтеремін, тек Алматыға жетсеңіздер болды. Бұл бәлкім біздердің соңғы кездесуіміз болуы мүмкін». Әр жерден жиылып, он шақты ғана адам келді. Бұрынғы біз оқыған ғимаратта, қазіргі Жүргенов атындағы Өнер академиясының залында бас қо­сып, оған ең алғашқы ұстазымыз – Мырзатай Жолдасбековті ша­қы­рып едік. Ол кісі жеңгеміз екеуі қуана-қуана ұшаққа өздері билет алып, басқосуымыздың мәнін көтеріп тастап еді ғой. Бәрі­міз студенттер сияқты аудиторияда отырдық. Есімізде қалған баяғы студенттердің фамилияларын тізіп беріп, қолына журнал ұстатып едік. Ол кісі де баяғы кезін сағынышпен еске алып, журнал бойынша фамилияларды жеке-жеке атап тексеріп өтіп, жастық шағы есіне түсіп, өзі де толқып кетіп еді ғой.

Емтихан тапсырған болып, әр «студенттің» алдына бір-бір сұрақ қойдық. Әрине, бүгінгі өмірге бай­ланысты өзекті сұрақтар. Бас­қа курстан лекция тыңдамақ болып,­ Бексұлтан Нұржекеев, Қадір­бек Сегізбаев, Қуанышбай Құрман­ға­лиевтар рұқсат сұрап кіріп, олар да «емтихан тапсырып еді».

«Сабақ» соңынан академияның ғылыми кеңес өтетін үлкен залын­да қонақасы ұйымдастырып едім. Сол қонақтардың қатарында университетті бізден кейін бітір­сең де, Дариға екеуің ескі дос­тар ретінде қатысып едіңдер. Сол кездесуге келгендер көп бол­ма­­ды. Ескен Елубаев, Сауық Жақа­нова, Маңғыстаудан Әбзел­хан Ма­хам­бекова, Төрехан Тасбо­ла­тов, Асылтай Мұқажанов, Елен Әлімжанов.

Екі-үш күннен соң «Егемен Қазақстан» газеті осындай қызық кездесу жайлы «Елу жылдан соң­ғы емтихан» деген жарасымды мақала жариялап, көптің құлағын елең еткізіп еді.

Есіңде болса әр күнің, біздің өміріміз бітпейтін дастан секілді екен. Қазіргі жазғаным көлдің жағасында отырып бір шелек су алғаным сияқты ғана екен.

Бұрын да өткен өмірімізді сағынып еске алудан жалықпаушы едік. Арамыздан сен де кеттің, Әділ! Сағынышымыз бен опынысымызды еселеп көбейтіп кеттің.

Енді олар азаймайтын шығар.

 

Дулат ИСАБЕКОВ