Әдебиет • 23 Мамыр, 2022

Ою-өрнек – өркениет пен уақыт

844 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Кеше Халықаралық Түркі академиясының ұйымдас­тыруымен Ұлттық академиялық кітапханада белгілі этнограф, суретші Ералы Оспановтың шығармашылығына арналған «Ою-өрнектер әлемі» атты алқалы жиын өтті. Онда суретшінің қазақ өмірі ғана емес, түркі әлемінен сыр шертетін екі бірдей кітабының тұсауы кесілді. Қалың оқырман мен көзі қарақты жұрт жоғалуға айналған жәдігерлер топтастырылған «Қазақ ою-өрнегінің атласы» және «Қошетер» қазақ халқының қолөнері» атты кітаптарымен танысты.

Ою-өрнек – өркениет пен уақыт

Қазақтың ою-өрнегін жұрттың бәрі көріп-бі­ліп жүргенімен, оның аста­рын­дағы негізді ескере бермейді. Ол туралы кітап­тар көп болғанымен, әр ең­бекте әртүрлі көрсетіліп, басқаша түсіндіріледі. Мә­селен, зергер, тарихшы Салық Қасимановтың «Қа­зақ қолөнері» кітабында ою-өрнектің 199 атауы бар екен. Солай бола тұра, ою-өрнектерді жеке зерттеген кітаптар осы күнге дейін жоққа тән. Мына қос жинақ аталған олқылықтардың орнын толтыруға тырысады. Бұл еңбектерде мыңнан астам ұлттық ою-өрнектің атауы мен түрі, сыр-сипаты мен түсінігі берілген. Осындай құндылықтар қатталған қос кітаптың тұсаукесер рәсімін жүргізген Халықаралық Түркі академиясының пре­зиденті Дархан Қыдырәлі жиынның ерекшелігіне ой жүгіртті. «Жоғалып бара жатқан жәдігерлерімізді, ұлттық мұраны ұлықтау үшін жиналып отырмыз. Үлкен істерді үндемей атқарып жүретін адамдар болады, соның бірі – Ералы Оспанов. Шын мәнінде Ерекең отандық графика мен бейнелеу өнеріне жаңа леп алып келген суретші. Тек суретші ғана емес, зерделі зерттеуші, этнограф, «Қазақ халқының салт-дәстүрлері», Мәделіқожа, Күдеріқожа, Майлықожа мұрасы, «Абы­лай ханның пірі» сияқты көптеген еңбектің авторы. Ою-өрнек дегеніміз есте жоқ ықылым заманнан келе жатыр, петроглифтерден басталатын көне жазуымыздың да бас­тауы. Көне Түркі қағанаты тұсындағы Тоныкөк, Күл­тегін ескерткіштеріндегі керемет өрнектерді Орхон бойындағы Өтүкеннен де, Анадолыдан да көреміз. Негізі қазақ халқының қол­өнері аталғанымен, бұлар күллі көшпелі елдерге ортақ мұра. Балбалтастардағы ою-өрнектер мен әшекейлер, текемет, кесте, тұскиіздегі әртүрлі ою-өрнек қазір күнделікті өмірде көріне бермейді. Солардың атласы алдарыңызда жатыр. Ою-өрнектердің түрлерін, тарихи мән-мағынасын терең ашып көрсеткен», деп сабақтады сөзін Дархан Қуандықұлы.

Мәселен, «Қазақ халқы­ның ою-өрнектерінің эт­ног­рафиялық атласы» ең­бегінде автор Ұлы даламызда көне дәуірлерден қалыптасқан киіз, кес­те, тоқыма, ағаш, металдан жа­салған зергерлік ұлттық бұйымдарды, сәулет өнерін көркемдеуде қолданылған ою-өрнектердің пайда болуын, олардың түрлерін, нышанын, семантикалық мән-мағынасын терең зерделеген. Мұндай дүниелер бұрын әртүрлі еңбекте көрсетілгенімен, бұлай біртұтас еңбек ретінде тұтас жүйеленбегені айтылады. Ал «Қошетер – қазақ халқының қолөнері» атты кітабында автор көшпелілер өмір салтын, болмысын, дүниетанымын дәріптейтін ұлттық бұйымдарды кеңінен қарастырған.

Мәдениет және спорт министрлігі Архив істері және құжаттаманы басқару комитетінің төрағасы Қуат Бораш тереңнен тамыр тартатын ежелгі бейнелеу өнері халқымыздың әлеуметтік-философиялық өмір сүру салтын айқын­дайтынын еске алды. Олар архивтер мен музей­лерде жата бермей, осылай жұртшылыққа жетсе, ұлттық код тіріле бастайды.

Ералы Оспановтың айтуынша, құрақ тігуде әр оюдың өз атауы бар. Бұл кісінің еңбегінде 40 шақты атауы мен 20-дан астам құрақтың үлгісі белгілі бүгінде. Автор кез келген ою-өрнектің суретін салады және үлгісін көрсетіп, атауын жеткізеді. Сөйтіп жүріп 500-600 ою-өрнекті анықтап, тереңіне үңілген. «Бұл – қазақ ою-өрнектерінің жартысынан кемі, жұқанасы ғана», дейді автор. Ал түптеп келгенде қазақ мәдениетінің негізі осы ою-өрнектер. Қарапайым бір элементтер құралып, композиция шығады. Әлгі дүниелерді түйістіре келе тұтас көшпелілер өркениеті қалыптасады. Мәселен, латын графикасындағы s әрпінің сақ дәуірінен жеткен 7-8 түрі бар, олардың әрқайсысының өз алдына атауы тағы бар. Ою-өрнектердің осындай бітпейтін құпиясын түгендеп, ұрпақ санасын тірілту – үлкен іс. Автордың осыншама еңбегін құрмет тұтып келген зиялы қауым арасынан Қазақ елі монументінің авторы, мүсінші Сембіғали Смағұлов, суретші, сәулетші Жеңіс Кәкенұлы, тағы басқалары жылы лебіздерін білдірді.