Қоғам • 23 Мамыр, 2022

Автонесие: 4 мыңнан астам өтінім мақұлданды

361 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Жеңілдетілген автонесие бағдарламасы іске қосылғалы бір аптадан асты. Осы аралықта халықтың талабына сәйкес бағдарлама талаптарына біршама өзгеріс енгізілді.

Автонесие: 4 мыңнан астам өтінім мақұлданды

Өнеркәсіпті дамыту қоры бас­қарма төрағасының орынбасары Жанар Ибрашева атап өткендей, бағ­дарлама іске қосылған уақыттан бері (16 мамыр) ел тұрғындарынан 14 507 өтінім түскен. Оның 4 834-і мақұлданды. Бұл дегеніміз – 35,7 млрд теңге. 2 857 өтінімді «Банк ЦентрКредит» ма­құл­да­са, қалған 2 013 өтінімге «Еура­зия­лық банк» оң жауап берген.

Әзірше республикада 34 автокөлік беріл­ді. Оның 11-і Нұр-Сұлтанда, 6-ы Шым­кентте, 4-і Алматыда ресімделген. Павлодар және Жамбыл облыстарында 4 көліктен берілсе, Ақтөбе облысында 3 көлік өз иесін тапқан. Алматы және Батыс Қазақстан облыстарында бір-бір көліктен ресімделген.

Өкінішке қарай, бағдарлама бас­тал­ған сәтте тұрғындар арасында түсі­ніс­­пеушіліктер орын алды. Сондықтан бағ­дарлама операторы жобаға біршама өзгеріс енгізді.

– Халықтың талабына сәйкес, екінші деңгейлі банктерге төлем шотын ұсынатын кезде автомобильдің VIN-кодын қоса беру туралы талап жойылды. Сонымен қатар тұрғындар КАСКО сақтандыруына қатысты көп шағым айтты. Сол себепті Өнеркәсіпті дамыту қоры халықтың қаржылық жүк­темесін жеңілдету мақсатында банк­­терге сақтандыруды несиенің толық мерзіміне емес, бір жылға есеп­­теу туралы талап енгізді, – деді Ж.Ибрашева.

Еске сала кетейік, жеңілдетілген автонесие бағдарламасы 2015 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Сол уақыттан бері 155 млрд теңгеге 29 650 несие берілген. Яғни осыншама адам көлікті болды деген сөз. Ал негізі биылғы бағдарламаға дейін бұған 82 млрд теңге бөлінген. Бағдарлама револьверлік жүйе­мен жұмыс істейтіндіктен, ха­лық­­тан қайтарылған қаржы қайта­дан осы жобаға жұмсалады. Соның нәти­же­сінде әу баста бөлінген 82 млрд теңге жеті жылда 155 млрд теңгеге де­йін ұлғайған.

– Биылғы бағдарлама 16 мамырда іске қосылды. Мұның 2015 жылы бас­­талған бағдарламамен салыс­тыр­­ғандағы басты айырма­шы­лығы – операторларында. Бұған дейінгі бағдарламаның операторы Қазақстан даму банкі болса, бұл жолы Өнеркәсіпті дамыту қоры жауапты. Алдыңғысымен салыстырғанда тағы бір ерекшелік бар. Ол – несиені бастапқы жарнасыз-ақ ресімдеу, – деп нақтылады ол.

Бағдарламаға бөлінген қаржы – 100 млрд теңге. Бұл сомаға шамамен 10 мың көлік беріледі деп күтілуде. Бағдарлама револьверлік жүйемен жұмыс істейтіндіктен, алдағы 30 жылда нарыққа 70 мың жаңа көлік ұсыну жоспарланған. Бүгінгі таңда «Банк ЦентрКредит», «Еуразиялық банк», «Халық банк» өтінімдер қабылдауда. Осы аптаның басында бұл қатарға Forte Bank те қосылды.

23 мамырда «Еуразиялық банктің» бағдарламаның алғашқы траншпен бөлген қаржысын бір аптада игеріп тастағаны белгілі болды. Сондықтан банк әзірше тұрғындардың өтінішін қабылдамай жатыр. «Еуразиялық банк» АҚ филиалы директорының бөлшек сауда жөніндегі орынбасары Жансерік Сабыржанның айтуынша, алдағы маусымда тағы да қаржы бөлінбек. Міне, сол кезде өтінімдерді қабылдау қайта жанданады.

– Алғашқы траншпен біздің банкке 15 млрд теңге бөлінді. Оны бағ­дар­­ламаның алғашқы төрт күнінде игердік. Өтінімдерді қабылдау сол себепті тоқтатылды. Маусымда жұ­мыс­­ты қайта жалғастырамыз. Жал­пы, біздің банкке жеңілдетілген автоне­сие бағдарламасы бойынша 35 млрд теңге қарастырылған, – деді Ж.Сабыржан.

Қазір ел ішінде «бағдарлама аясында берілетін дайын көліктер жоқ екен», «жаңа көліктерді бірнеше ай күту керек» деген әңгіме айтылып жүр. Қазақстан автобизнес қауым­дас­­тығының өкілі Қайрат Еламанов осы­ған қатысты түсі­нік­теме берді. Оның айтуынша, автосалондардың қой­­ма­сында 8 мыңға жуық автокөлік резерві бар.

– 2020 жылы қазақстандық зауыттар шамамен 93 мың автомобиль шығарды. Көлік тапшылығы жоқ. Өйт­ке­ні өндірушілер бағдарламаның іске қо­сылуына дайын болды. Біз жет­­­кілікті көлемді жинай алдық. Биыл өн­діріс көлемі шамамен 20 па­йыз­­ға артады деп күтілуде. Маусым айын­да дилерлік орталықтарға 9 мыңға жуық автомобиль жеткізілмек. Автомобильдер клиенттерге айтылған мерзімде жеткізіледі, – деп сендірді Қ.Еламанов.

Айта кетейік, әзірге өтінім беру­ші­лер арасында Chevrolet үлкен сұра­ныс­қа ие. Екінші орында Hyundai тұр.