Ғылым • 23 Мамыр, 2022

Ай топырағында өсірілген өсімдік

377 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Адамзат тарихында алғаш рет Ай топырағында өсімдік өсірілді. Communications Biology журналында жақында жарияланған жаңа зерттеу жұмысында Флорида университетінің ғалымдары (Anna-Lisa Paul, Stephen M. Elardo және Robert Ferl) өсімдіктерді Ай топырағында сәтті өсірді. Олар сонымен қатар Ай топырағындағы өсімдіктерді генетикалық тұрғыдан да талдады.

Ай топырағында өсірілген өсімдік

Бұл зерттеуді Айда немесе болашақта ғарыштық миссиялар кезінде тамақ пен оттегі үшін өсімдіктерді өсіруге бағытталған алғашқы қадам деуге болатындай. Ғалымдар Ай топырағында өсірген өсімдікті Арабидопсис деп атады.

Пол мен Ферл Ай топырағымен жұмыс істеу мүмкіндігін алу үшін 11 жыл ішіне NASA (The National Aeronautics and Space Administration – Аэронавтика және ғарыш кеңістігін зерттеу жө­ніндегі ұлттық басқарма) ұйы­мы­на үш рет өтініш берген екен. Ғалымдарда бұл тәжірибені жасау үшін бар болғаны 12 грамм, яғни бірнеше шай қасық Ай то­пы­рағы болды. Топырақ өте аз бол­ғандықтан Пол мен Фел барынша мұқият болуға тырыс­ты.

Кішкентай Ай бақшасын өсіру үшін зерт­т­еушілер әдетте жасуша­ларды өсіруге қолданылатын плас­тика­лық пластиналардағы ойық тәріз­ді құдықтарды пайда­ланды. Әрбір құдықты шамамен бір грамм Ай топырағымен тол­­тырғаннан кейін ғалымдар то­пы­рақты қоректік ерітіндімен ыл­ғал­­дандырды және арабидопсис өсім­дігінің бірнеше тұқымын қосты.

Арабидопсис өсімдік ғылы­мын­да кеңінен қолданылады. Өйт­кені оның генетикалық коды толығымен картаға түсірілген. Ай топырағында арабидопсис өсіру зерттеушілерге топырақтың өсім­діктерге қалай әсер ететінін ген­дік экспрессия деңгейіне де­йін түсінуге мүмкіндік берді.

Осылайша, ғалымдар Жерде ғана емес, басқа планеталарда да азық үшін өсімдіктер өсіріп көрмек.

 

Жексен ТОҚТАРБАЙ,

химия ғылымдарының PhD докторы