Білім • 23 Мамыр, 2022

«Болашақ» бағдарламасына құжат қабылдау басталды

404 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

«Болашақ» бағдарламасына құжат қабылдау басталды. Бұл бағдарламамен шетелдердегі жетекші жоғары оқу орындарына магистратура, докторантура, резидентураға түсуге және ғылыми-тәжірибелік тағылымдамадан өтуге болады.

«Болашақ» бағдарламасына құжат қабылдау басталды

Өтініштер 23 мамырдан бас­тап, биылғы 14 қазанға дейін Egov.kz мемлекеттік қызметтер порталы арқылы қабылданады. Ал тағылымдамадан өтуге құжат қабылдау 2022 жылғы 5 қыр­кү­йек­­те басталып, 14 қазанға дейін жалғасады. Үміт­кер­лер­ді барлық бағыт бойынша кон­курс­тық ірік­теу 2022 жыл­ғы 30 мамыр мен 30 қараша аралы­ғын­да өтеді.

Осы жылы магистратура мен резидентураға 385, докто­ран­ту­раға 60 стипендия қарас­ты­рылып отыр. Мамандықтарға келсек, техникалық салаға кадр даяр­лау мәселесіне көбірек көңіл бөлінген. Бұл туралы Халық­ара­лық бағдарламалар орталы­ғы­ның басқарма төрағасы Әнуар Жан­ғозин: «Мемлекет бас­шы­сының тапсырмасымен «Бола­шақ» бағдарламасын қайта бағ­дар­лау процесі іске асырылды. Енді инженерлік-техникалық кадр­ларды даярлауға басты назар аударылады.

Осыған байланысты «Бола­шақ» бағдарламасы бойын­ша техникалық және IT маман­дық­тарға гранттар саны 60 па­йызға дейін ұлғайтылды. Бұл – «Инженерлік жүйелер мен желілер», «Авиация және аэро­ғарыштық техника. Әуе қоз­ғалысын басқару», «Үлкен де­ректерді талдау», «Жаңа мате­риалдар технологиясы», «Де­рек­тер базасын басқару», «Авиа­­циялық техника және технологиялар», «Машина жасау», «Өнеркәсіптік автоматтандыру» және т.б. мамандықтар. Жалпы, биыл «Болашақ» бағдарламасы бойынша басым мамандықтар тізімінде академиялық оқуға 92, тағылымдамадан өтуге 158 мамандық қарастырылған», деді.

«Болашақ» бағ­­дар­­ла­ма­сын­да­ғы маман­дық­тардың тізімі сұ­­ра­­ныс­қа қарай жаңартылған. Орта­лықтың хабарлауынша, ең­бек нарығының үрдістерін талдау негізінде осы жылы ті­зімге инновациялар, жаңа технологиялар, медицина және өнеркәсіптік инженерия, жа­ра­тылыстану ғы­лым­дары сала­сындағы 40 жаңа мамандық енгізілді. Оның 17-сі атауларын кеңейту арқылы бұ­рын­­нан бар мамандықтарға енгі­зілген. Жалпы, басым маман­дықтар тізімі техникалық маман­дық­тармен 30%-ға артты.

«Болашақ» халықаралық стипендиясына конкурстық іріктеу 3 кезеңнен тұрады: кешенді тестілеу, Тәуелсіз сарапшылық ко­мис­сиясы мүшелерімен же­ке әңгі­мелесу және Шетелде кадр­­лар даярлау жөніндегі респуб­ли­калық комиссия отырысында құжаттарды қарау. Басым маман­дықтардың, ұсы­нылатын универ­си­теттердің және қажетті құжат­тардың ті­зімін www.bolashak.gov.kz
сай­ты­нан білуге болады.