Экология • 24 Мамыр, 2022

«Жасыл» өсім орнықты дамуға жетелейді

289 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Кез келген мемлекет тұрақты даму мақсаттарына жетуді көздесе – экономикалық, әлеуметтік және экологиялық мәселелерге баса мән беруге тиіс. Әсіресе соңғысы Қазақстанда аса өзекті. Айталық елімізде климаттың өзгеруі, биоалуандықты сақтау және қоршаған ортаның лас­тануына қатысты қордаланған проблема көп.

«Жасыл» өсім орнықты дамуға жетелейді

Міне, осы мәселелерді тиімді шешу­дің жолдарын қарастыру мақсатында БҰҰ Даму бағдарламасы еліміздің құзырлы органдары мен экологиялық ұйымдардың сарапшыларымен бірле­сіп, ұлттық консультациялардың қоры­тынды сессиясын өткізді.

«Дүниежүзілік қоршаған орта күні қарсаңында Швецияның астанасы Стокгольмде «Стокгольм +50» халық­аралық жиыны ұйымдастырылып, онда әлем елдерінің көшбасшылары бас қосады деп жоспарланып отыр. Бұл жаһандық деңгейдегі экологиялық бастаманың қолға алынғанына 50 жыл толды. Стокгольмде мемлекеттер басшылары климаттық бағдарламаларға байланысты халықаралық келісім­шарт­тар мен өздеріне алынған міндет­теме­лердің орындалу барысын тал­қылайды. Осы жиынға дайындық ретінде әр мемлекеттің мүддесі, сұра­ныстары мен басым мақсаттарын анықтау үшін ұлттық консультациялар өткізілді. Атап айтсақ, Қазақстан өңірлеріндегі мемлекеттік органдар, үкіметтік емес ұйымдар мен түр­лі қоғамдық қозғалыстар арасында елдегі экологиялық проблемаларды рет­теуге байланысты сауалдама жүр­гізіліп, ұсыныстарына қанықтық. Оның дені ауаның ластануы, таза сумен қамта­ма­сыз ету, қалдықты басқару сынды әр өңір­дің ерекшелігіне байланысты мәсе­лелер қамтылды. Әлбетте, бұл ша­руаны тындыруға серіктестеріміз айтар­лықтай қолғабыс етті. Бұл бағытта әсіресе Швеция елшілігінің қолдауы анық бай­қалды», деді БҰҰ ДБ-ның Қазақ­стандағы тұрақты өкілі Якуп Бериш.

Швеция Корольдігінің Қазақстан­дағы Төтенше және өкілетті елшісі Матс Фойердің айтуынша, «Стокгольм +50» конференциясы Жер планетасын пандемиядан кейінгі кезеңде сауықтырып, тұрақты даму мақсаттарында көзделген көрсеткіштерді іске асырудың тетігін талқылау үшін ұйымдастырылады.

«50 жыл бұрын, яғни 1972 жылы Стокгольмде жоғарыда айтылған кон­ференцияға ұқсас жиын өткізілген еді. Онда алғаш рет экологиялық мәселе­лер жаһандық деңгейде күн тәртібіне қойылды. Содан бері қаншама уақыт өткенін ескерсек, конференцияда көтерілген экологиялық аспектілерді қайта қарастыруға тура келеді. Әри­не, алдағы халықаралық жиында постпан­демиялық кезеңдегі даму мәселелері, тұрақты даму мақсаттарына қол жет­кізу жолдары, «жасыл» өсімге бет бұ­ру­дың перспективалары қаузалады. Конференция барысында, әсіресе түр­лі мүдделі тараптардың қатысуына айрықша мән беріледі. Оның ішінде жастарды тартуға ден қойылады. Алуан түрлі көзқарастағы тараптардың пікір алмасуы конференцияның өзегіне айналады. Осы орайда сарапшылар­дың консультациялық кеңесін өткізуге бас­тамашылық танытқан БҰҰ Даму бағдарламасына ризашылығымды білдіргім келеді. Жоғарыда айтылған­дай, ұлттық консультациялар Қазақ­стан­ның бірқатар өңірінде ұйымдасты­рыл­ған болатын. Ал елордадағы бас­қосу «Стокгольм +50» конферен­ция­сы­ның алдындағы сарапшылардың ­қо­ры­тын­ды консультациялық отырысы», деді М.Фойер.

Сарапшылар айтқандай, еліміз жер көлемі жағынан әлемде 9-орын ала­тындықтан климаттың өзгеруі де өңір­лерде әр қалай орын алады.

«Қоршаған ортадағы өзгерістер туралы халық жақсы хабардар. Олар кли­маттың өзгеруіне қалай бейімделу керектігін, сондай-ақ жағымсыз әсерді азайту қажеттігін толық түсінеді. Көбі­несе өңірлерде таза сумен қамтылу, ауа­ның ластануына байланысты проблемаларды байқадық. Есімде қалған қызықты аспект, бірқатар мәселені на­рықтық шешімдер арқылы реттеу­ге болады. Былайша айтқанда, елдегі экология­лық проблемаларды жеке сектордың көме­гімен шешуге дайындығы. Біз осы бағыттың жүзеге асырылуына мүд­деліміз. Биоалуандықты сақтау мәселесінде, жануарлар мен өсімдіктер әлемі, орман шаруашылығы және қорғалатын табиғи аумақтардың проблемасына көңіл бөлуге тырысамыз. Осы мақсатта жергілікті құзырлы органдар мен қоғамдық ұйымдармен тығыз байланыс орнаттық. Энергия мәселесіне келсек, бұл бірінші кезекте энергия ресурстарын тиімді пайдалану, жаңғырмалы энергетиканы дамытуды қамтиды. Қазақстан Үкіметімен энергетика секторы, биоалуандықты сақтау, ауыл шаруашылығы және су ресурстарын басқару бағытында ты­ғыз жұмыс істеп келеміз. Экология­лық бағдарламаларды жүзеге асыруға бө­лінетін немесе қарастырылатын қа­ражат туралы әңгіме қозғалғанда, бұл ақшаға инвестиция ретінде қарауға кеңес беремін. Неге десеңіз, «жасыл» өсім қосымша жұмыс орындарын ашып, тың мүмкіндіктерге жол ашады. Биоалуандықты сақтауға жұмсалатын қаражат пайдалы қазбаларға салынатын инвестициядан кем түспейтінін айтқым келеді. Өйткені қоршаған ортаны қорғау арқылы ондағы тіршілік иелерінің өмір сүруіне қолайлы жағдай жасалады», деді БҰҰ ДБ-ның Қазақстандағы тұ­рақ­ты өкілі.

Экология, геология және табиғи ре­сурс­тар вице-министрі Зульфия Сүлей­менованың сөзіне сүйенсек, Қазақ­стан климаттың өзгеруіне бай­ланыс­ты халықаралық шарттарға қосы­лып, белгілі міндеттемелерді өзіне алған­дықтан экожүйені сақтауға мүдделі.

«Қоршаған ортаға байланысты мәсе­лелердің уақыт санап өзектілігі артып жатқанын байқап отырмыз. Еліміздің халқы экология мәселесіне бейжай қараған емес. Бұл бағытта азаматтық белсенділіктерін ұдайы көрсетіп келеді. Тұрақты даму көрсеткіштеріне қол жеткізуге біздің қоғам және тұтастай еліміз ынталы. Экожүйені сақтау үшін «жасыл» экономикаға бет бұрып, оны дамыту қажеттігі даусыз. Бұл біздің болашақ ұрпағымызға қажетті амал», деді вице-министр.

«Стокгольм +50» халықаралық кез­десуі БҰҰ Бас Ассамблеясының 2021 жылғы мамырдағы қарарына сәйкес тұрақты даму мақсаттарын іске асыруды жеделдету мақсатында, оның ішінде COVID-19 пандемиясынан кейін орнықты қалпына келтіру жолымен өткізіледі.