Жас авторлардың таңдаған тақырыбына, көркемдік талғамы мен ой еркіндігіне, суреткерлік шеберлігіне таңғалмасқа болмайды. Күрделі композицияға құрылған кейбір дүниелер тіпті бала емес, құдды тәжірибелі кәсіби шебер жасап шыққандай ерекше көз тартады. Жастар шығармашылығындағы жаңашылдықты қазылар алқасының мүшелері де атап өтіп, дарынды балалардың ішінде келешегінен зор үміт күттіретін шеберлердің аз емес екенін айтты.
– Жас қолөнершілердің шығармашылыққа қасаң тұрғыда емес, кең ойлап, креативті көзқараспен жол салып жатқаны байқалады. Кейбір балғындардың жасаған дүниесі бізді де тәнті етті. Бұл байқауға қатысқан оқушылардың бәрі болашақта суретші болмауы мүмкін. Бірақ кемелі толысқан кәсіби маман болып қалыптасары анық. Жалпы, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2022 жылды балалар жылы деп жариялап, қоғамды ұрпақ тәрбиесіне, баланың қабілет-дарынын ұштау, дамыту, ынталандыру мәселелеріне бағыттағаны өте құптарлық бастама болды, – деді Қазақстан суретшілер одағының мүшесі Александр Захарченков.
Байқауға шалғай ауылдардан келген бала шеберлердің де қолөнерге деген талабы мықты. Мысалы, Амангелді ауылындағы жалпы білім беретін мектептің 8-сынып оқушысы Айша Әбілғазы «Қыз жасауы» атты композициясын алып келіпті.
– Амангелдідегі «Шұғыла» балалар және жасөспірімдер шығармашылық орталығының шәкіртімін. Ісмерлікпен айналысып жүргеніме 3 жыл болды. Қолөнер үйірмесіне 25-30 шақты қыз бала бармыз. Алдымен аудандық байқауға қатысып, бас жүлдені ұтып алдым. Енді міне, облыстық байқаудың жүлдесінен де үміттіміз. «Жас дарынға» 2019 жылы да келіп, екінші орынға ие болғанмын. Мұнда әкелген композициямыз қазақтың қыз ұзату рәсімінде пайдаланылатын 8 түрлі тұрмыстық бұйымнан тұрады. Ұстазым Нұрсұлу Мейрамбекқызының көмегімен 5-6 айдың ішінде жасап шықтым, – деді жас дарын.
Айшаны конкурсқа алып келген «Шұғыла» балалар және жасөспірімдер шығармашылық орталығының жетекшісі Ербол Қойшыбаевтың айтуынша, Амангелді ауданында балаларға арналған бес бағытты қамтитын 36 үйірме жұмыс істейді екен.
– Облыстық «Жас дарын» байқауы 8 номинация бойынша өтіп жатыр. Сол 8 аталымға бір-бірден сегіз жұмыс әкеліп отырмыз. Аудандық кезеңде жеңіп шыққан екі шәкіртіміз қатысып жатыр. Мәселен, бірінші номинацияға ою-өрнекпен әшекейленген ұлттық киім үлгілерін алып келді. Мұны да өзіміздің тігін үйірмесіне қатысатын шәкірттеріміз тіккен. Ауылда ұл балаларға қолөнерден сабақ беретін Жасұлан Нұрбаев деген ағамыз бар. Көрме-байқауға сол кісінің шәкірттері киізүйге ұқсатып жасаған болашақтағы заманауи мектептің макетін де әкеп отырмыз, – деді орталық басшысы.
Байқауда сәндік-қолданбалы өнер мен көркем-эстетикалық бағыттағы шығармашылық үйірмелерге қатысатын балалардың 104 жұмысы көпшілік назарына ұсынылды. Жас шеберлердің ұлттық ою-өрнекпен безендірілген бұйымдары көбіне тоқыма, ағаш, иттемір, сүйек, тері, саз, сабан қағаздан жасалған.
Балалар байқауы облыстық білім басқармасына қарасты психологиялық қолдау және қосымша білім беру өңірлік орталығының мұрындық болуымен өтті.
– Былтыр осы байқаудың республикалық кезеңінде Бейімбет Майлин, Жітіқара, Қостанай ауданының оқушылары жеңімпаз атанды. Биыл да мықтылар қатарынан көрінеміз деп ойлаймыз. Өйткені байқаудың 7 аталымына компьютерлік дизайн деген тағы бір номинация қостық. Сөйтіп, сегіз бағыт бойынша жұмыстар ұсынылып отыр. Өңірде көркем-эстетикалық бағыттағы үйірмелерде 3,5 мыңнан астам бала тәлім алады. Бұл байқау сол үйірмелердің жұмыс нәтижелерін қорытындылау мақсатында ұйымдастырылды, – дейді өңірлік орталықтың директоры Елена Петренко.
Байқау барысында өңірге белгілі қолөнер шеберлері мен кәсіби суретшілер арнайы шеберлік сағаттарын өткізді. «Жас дарын» конкурсында дараланған жеңімпаздардың шығармалары алдағы 12-14 қазанда өтетін «Алтын қазына» республикалық көрмесіне қойылады.
Қостанай облысы