Аймақтар • 24 Мамыр, 2022

Балқашта су деңгейі шекті мөлшерден 1 метр жоғары тұр

478 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешев Балқаш көлінің су деңгейі жайында мәлімет берді, деп хабарлайды Egemen.kz.

Балқашта су деңгейі шекті мөлшерден 1 метр жоғары тұр

«География және су қауіпсіздігі институты зерттеу жүргізді. Жалпы Іле-Балқаш өңірінде ахуал тұрақты. Ғалымдардың сөзінше, Балқаштың тартылып қалу қаупін көріп отырған жоқпыз. Балқаш көліндегі су деңгейінің шекті белгісі Балтық биіктік жүйесі бойынша 341 метр деп белгіленген. Қазіргі таңда көлдегі су деңгейі 342 метр болып тұр», деді ведомство басшысы Үкімет отырысынан кейін БАҚ өкілдерінің сұрағына берген жауабында.

Министр былтыр бекітілген ұлттық жобада Балқаш көліне құяр судың көлемін ұлғайту шаралары көзделгенін еске салды.

«Іле өзенінің Қапшағай су қоймасынан төмен тұсында қарымта реттегіш салу жоспарланған. Бұдан бөлек қытайлық әріптестерімізбен келіссөз жүріп жатыр. Балқаш көлінің ерекше экологиялық маңызы бар. Сондықтан су бөлісу кезінде бұл мәселелер пысықталады», деді Серікқали Брекешев.

Аяна Тоғанбек