А.Қазығұлов – Жапония, Бельгия, Түркия, Қытай, Ұлыбритания сияқты дамыған елдердегі көрмелерге қатысып, қазақтың салт-дәстүрін, тарихын насихаттап жүрген бірден-бір суретші. Алпысбай Нағыметұлы сынды қылқалам шеберлерінің көрмесін өткізу – әр музей үшін үлкен мәртебе.
Көрменің ашылу салтанаты алдында музей қабырғасында баспасөз мәслихаты өтіп, суретші өмірі мен өнері туралы аз-маз сыр шерткен. Алпысбай Нағметұлы Абай атындағы қазақ педагогикалық институтының көркемсурет-графика факультетінде білім алған, 8 мыңға жуық станоктық кескіндеме жұмыстардың авторы. Суретші классикалық майлы бояу техникасымен 200-300 картиналар сериясын жазған.
– 45 жылдан бері біздің әулет қазақ сурет өнерін жинаумен айналысамыз. Коллекциямыздағы суреттердің ең құндысы – Әбілхан Қастеевтің картиналары. Оның төрт шығармасы қорымызда бар. Ал бүгінгі көрмеге ең таңдаулы деген 27 жұмысымды әкелдім. Оның біреуін музейге сыйға тартамын, – деді суретші журналистерге берген сұхбатында.
Суретшінің кенеп бетіне жаққан бояулары ерекше көз тартады. Суық және жылы түсті бояуларды ойната біледі. Ойната отырып, тарихи жанрдың өзін жайнатып жіберді. Иә, қайнаған тіршілік, жайнаған картина. Әр полотносынан қазақ даласының иісі аңқиды. Атап айтар болсақ, «Көкпар», «Хан саятшылығы», абстракциядан «Ғарыш ойыны» және пейзаж жанрынан «Серуен», «Шарын шатқалына саяхат», «Салт атты» секілді туындыларын көре аласыздар. Суреттердің көбі – станоктық форматтағы туындылар.
«Уақыт сәулесі» атты бұл көрмеде өңір суретшілерінің де басы бірікті. Музейдің төргі залына қойылған картиналарға таңдана, тамсана қарасты. Үнсіз ғана бастарын шайқайды. Білемін, А.Қазығұловтың бояу жағу стилі оларды шын шабыттандырды. Өйткені әр суретке ұзақ қарады.
– Автордың картиналарымен таныспын. Бірақ мұндай көрмеден тұңғыш көруім. Сөзбен айтып жеткізе алмастай әсер алдым. Үндесіп жатқан бояуларымен тілдесіп қайтқандаймын. Үйге бара сала кенеп керіп, бояу езетін шығармын, – дейді семейлік суретші Маржан Бақытбекова.
Рас, А.Қазығұловтың көрмесі Шығыс Қазақстанда тұңғыш рет өтіп жатыр. Музей басшылығының айтуынша, көрме 19 маусымға дейін болады. Өнер шаңырағының есігі өнерді қасиет тұтатын әр көрермен үшін әрқашан ашық.
Шығыс Қазақстан облысы