Бұл өлкеде мәдени-танымдық, емдеу-сауықтыру саласымен қоса, киелі жерлердің қасиетін көкірегіңе қонақтатып, жаяу серуендеуге аңсарыңыз ауып бара жатса, атқа мініп те қыдыруға болады. Майда толқындары бірін-бірі қуалап ойнап, алтын реңді құм көмкерген жағалауға асығып, тостағанға құйған бір шөкім зәмзәм суындай мөлдіреп жатқан күміс көлдің ақ айдынына шомылып, етегінен ту сонау қазбауыр бұлттар қаумалаған ұшар басына дейін ну орман көмкерген қырат-қырқаның тылсым сырға бұққан қойнауына сүңгіп кетіп, есте жоқ ескі кезеңнің көңіліңді арбар көп сырын ақыл таразысына салып, рухани азық ретінде пайдалануға да әбден болады. Асылында, көркем суреттей көрікті табиғаты ғана емес, әр белі мен әр белесінің астында уақыт шымылдығымен тұмшаланып жатқан көне, көркем аңыздарды қаттап жинаған кісі ғұмырына жетер рухани азыққа кенеліп-ақ қалар еді. Ол аңыздардың дені ел мен жерді қорғаған ерлердің мәңгі өлмес ерлік істері, махаббат үшін құрбан болған ғазиз жандар туралы жан дүниеңді жақсылыққа баурар әдемі әңгіме өрбітер еді. Лүп еткен самал желмен тербелген ақселеу де, балғын қайыңның балауса жапырағы да сөйлеп-ақ тұр. Тек ұға білу керек. Көк майсасы көңіл тебірентер жаз айында ғана емес, қыста да көркем қызғылықты өңірде қырықтан астам туристік нысан келген қонақты құшақ жайып қарсы алуға тап-тұйнақтай әзір. Осынау нысанның 11-і жыл бойы үздіксіз жұмыс істейді. Барлығын қосқанда бір мезетте екі мыңға жуық туристке мінсіз қызмет көрсете алады.
Ел аяғы көп баса бермейтін «Көкшетау» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің Зеренді филиалының аумағында бес бірдей туристік соқпақ бар. Жай ғана соқпақ емес, жоғарыда айтып өткеніміздей арада қанша жыл өтсе де, ай сипатты ажарына кіреуке түспеген, қадам басқан сайын рухани қазына кезігетін ғажайып өлке. Аудан аумағында 16 тарихи-мәдени мұра бар. Шағынаудан үшін аз олжа емес әрі жадыраған жаз айларында келімді-кетімді мейман қарасы да мол. Демек елге ортақ, жалпақ жұрттың несібесіне бұйыратын дүние. Бұл ескерткіштердің көпшілігі тым әрідегі палеолит, қола дәуірлеріне тиесілі. Берідегі біраз жұртқа белгілі дүние де аз емес. Сәл ғана сабақтап көрелік. Әйгілі Уәли хан. Ханға бұйырған жер бесік те осы ауданның аумағында. Өз заманында басқыншы жаудан ел қорғаған аруақты Монтай, Қосағалы батырлар мен қара сөзден ешкімге дес бермеген, ел дауын, жер дауын жалғыз ауыз сөзбен шешкен Дүйсен би мазарлары да осы топырақта. Ал әйгілі Ақан серінің мәңгі өлмес әніне арқау болған, ажарынан ай ыққан, ақылына тәмам ел тәнті болған Балқадиша ескерткіші Зеренді аумағына тұяқ іліктірген өкпек жолаушының оң жақ қапталында тұр.
Шын шебер суретшінің айнытпай түсірген көркем туындысы іспетті көрген жанның көзін арбап, таңдайын қақтыратын киелі де қасиетті жерлер тізімі аз емес. Бір-екеуін сөздің дәмі кіруі үшін айта кетелік. Әйгілі Әулиебұлақ. Көнекөз қариялардың айтуына қарағанда, өзгеше кие дарып, көзіне қасиет байланған бұлақ деседі. Бәрі де табиғаттың тылсым күшіне құлай берілген заманнан қалған наным-сенім болса керек. Ілкі заманда айықпас дертке шалдыққан науқастар алыстан ат арытып жетіп, Әулиебұлақтың басында мінәжат етіп, қара тасты қақ жарып шығып жатқан зәмзәм судан ауыз тисе жазылып кетеді екен. Тіпті бала көтермеген келіншектердің бағы жанған оқиғалар болыпты. Осы төңіректегі тәмам ел ел басына күн туған Ұлы Отан соғысына аттанып бара жатқан азаматтарын тілек тілеп, Әулиебұлақтың басынан аттандырған деседі. Қара жердің қойнауынан бұрқырай шығып, иен даланың төсіне бұралып ағып бара жатқан, дәмі бал татитын тап-таза су көзі не сән. Соның бірі – Үлгілі сарқырамасы. Тау басындағы ақша қар ерте көктемде ерісімен жылға-жылғаны қуалап, сарқырамаға құйылады. Он сан, жүз тармақ. Бәрі қосылғанда екпіні үй жыққандай гүрілдей, сарқырай ағатын көркем көрініске айналмақ. Сылдырын естіп, сыңғырын тыңдап, тылсым табиғаттың құшағында мейіріңді қандырып отырған қандай ғажап?!
Міне, осындай біз толайым түгендей алмай отырған тылсым табиғаттың тұма көрінісі туризмнің қос қақпасын айқара ашуға септігін тигізіп-ақ тұр. Әрине, сәл-пәл олқылық та жоқ емес. Биылғы жылы аудан әкімдігі облыстық әкімдікпен бірлесе отырып, Зеренді курортты аймағын дамытудың 2025 жылға дейінгі жоспарын бекітті. Онда инфрақұрылым және экологиялық мәселелерді шешуге арналған 16 шараны атқару көзделген. Сондай-ақ көлік логистикасы мен коммуналдық инфрақұрылымның олқы тұсын толтыратын 8 шараны қолға алу межеленген. Түгел қамтып айтқанда, 22 бағыт бойынша қыруар жұмыс қолға алынбақ. Міне, осы ойға алған істің бәрі оңынан сабақталған кезде тылсым табиғаттың онсыз да көркем кейпі өзгеше реңмен сәулелене түсер еді. Зерлі Зерендінің зергер кестелегендей ажарын тамашалауға құмартқан ат тұяғы жететін жердегі туристердің көңілін арбап, өзіне шақырып тұрмас па еді.
Биыл маусымның басталуына орай бірқатар мәнді шара қолға алынбақ. Мейман қабылдайтын орындар абаттандырылып, көгалдандырылуда. Ғимараттар жөнделіп, келген адамға жөн-жосықты ұғындыратын әрқилы буклеттер дайындалуда. Тиісті орындар туристердің қауіпсіздігін сақтау, оттан, судан аман болу мәселесін де естен шығармай, қамдануда. Сәл таратып айтатын болсақ, келген адамның көзіне бірден түсетін аудан орталығын атына сай етіп жұтындырып қою мәселесі де «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы арқылы қолға алынған. Ауылға кірер жолдағы Балқадиша монументінің маңайын тазалап, алқызыл гүлмен көмкеріп қоймақшы. Өкпек жолаушы осы жерде ат шалдырып, суретке түсуге мүмкіндік бар. Елді мекен орталығындағы «Мәңгілік ел» аллеясы да сәл аялдап, көз тігуге болатын жер. Бұл маңның барлығы көгалдандырылды. Ұлы Отан соғысында қаза болған жауынгерлер мен қан майданнан аман келген ардагерлерге қойылған ескерткіш те еңселі. «Керегелі қазақ елі» композициясынан көп сырды ұғып, ел мен жердің дестеленген тарихын зерек көкіректің сырлы кебежесіне құйып алуға әбден болады. Ал алыстан келген балалар мен жасөспірімдер «Айналайын» монументін көрсе, көңілдері көкке өрлер еді. Осы маңдағы балалардың ойын алаңы мен серуен құратын соқпақтары да көз тартарлық.
Курортты өңірдің көркін келтіру үшін жергілікті бюджеттен 3,9 млн теңге қаражат бөлініп, өлкетану музейі жаңғыртылуда. Бүгінде бұл жұмысты «Думпроект» серіктестігі қолға алған. «Көкшетау» ұлттық паркінің Зеренді филиалына 20 млн теңге көлемінде қаражат бөлініп, екіқабатты «Визит центр» жабдықталған. Оның ішіне кірген адам курортты өлкенің табиғатымен таныса алады. Жалғыз өсімдіктер әлемі ғана емес, нулы, сулы жерді мекендейтін алуан түрлі аң-құс туралы мәлімет те бар. Дархан табиғаттың салмақты сыйы көне тарихтың көркем келбетімен кестеленген. Бір сөзбен айтқанда, осы орталықтағы мәліметтер мен суреттер бір-біріне мағына үстеп, құйқалы өңірдің әдемі көрінісін көз алдыңа шып-шырғасын шығармай, мөлдіретіп алып келеді.
Жағалауы мап-майда, жібектей есілген құммен көмкерілген Зеренді көлінің жағасы сыңсыған емдеу-сауықтыру орындары. Халыққа мінсіз қызмет көрсету үшін етек-жеңін жинап, қапысыз қамданып жатыр. Жолаушының шаршап-шалдықпай жету мәселесі де шешілуде. Биыл Зеренді, Красный Кардон бағытындағы автокөлік жолының 36 шақырымы жөнделмек. Имантау, Шалқар, Бурабай курортты аймағын бір-бірімен сабақтасып тұратын тасжолды жөндеу үшін 1,7 млрд теңге қаражат бөлініп отыр. Былтыр жол жөндеу үшін бөлінген қаражаттың 647,7 млн теңгесі игерілді. Бұл жұмысты «Көкшетау жолдары» серіктестігі атқаруда.
Туристік кластерді дамыту үшін Зеренді, Серафимовка және Кіші Түкті елді мекендерінің бас жоспары жасалған. Осы жоспарға сәйкес Зеренді көлінің солтүстік шығыс жағалауын абаттандыру көзделген. Қонақүй құрылысы да жүргізілуі мүмкін. Коттедж қалашығы бой көтереді деп межеленуде. Келген мейманның көңілінен шығу оңай-оспақ шаруа емес. Сондықтан сауда ойын-сауық орталықтары, мейрамхана кешендері, спорттық жаттықтыру залдары, шағын теннис орталығы тәрізді нысандар салынбақ.
Қазіргі күні ауданда балалардың алаңсыз демалуына арналған үш демалыс орталығы бар. Оның ішінде «Сұңқар» сауықтыру кешені жыл бойы жұмыс істесе, «Парус» және Мәлік Ғабдуллин атындағы демалыс орындары жадыраған жаз айларында қызмет көрсетеді.
Сөз соңында Зеренді аймағы кірпияз көңілді мейманға қызмет көрсетуге әзір екенін айта кеткен ләзім. Ең бастысы, сыртқы сұлулық қана емес, ішкі мазмұн, яки, рухани азық алатын-ақ жер. Бүгінгінің турисі жағалауда жатып демалуды ғана емес, Алаш даласындағы көне тарихтың қамбасын ақтарып көруге де құмбыл. Ендеше көрікті өңірге қош келерсіз, патша көңіл ағайын!
Ақмола облысы,
Зеренді ауданы