Қоғам • 24 Мамыр, 2022

Арамзаның айласы сан алуан

349 рет
көрсетілді
17 мин
оқу үшін

Қазір YouTube сынды видеохостинг пен түрлі әлеуметтік мессенджерлерді ашып қалсаңыз болғаны, тұлғалық дамыту жөніндегі онлайн курстар мен табысты еселетудің жолдарын үйрететін бизнес-менторлардан, коучтардан, сондай-ақ блогерлерден көз сүрінеді.

Арамзаның айласы сан алуан

«Табыс жоғары болса, ешкім тренингке бармас еді...»

Даусыз, цифрлы медиа заманда контент жасауға әркімнің бар таласы, алайда бар тапқан-таянғанын осындай курстар мен әлеуметтік желідегі ұтыстарға әрі қаржылық пирамидаларға жұмсап, соңында сан соғып қалатын отандастарымыз да бар. «Мынаның айтқанын мен де айта аламын ғой». Телевизия саласында жұмыс істейтін әріптесімнің осы бір сөздері әлі есімнен кетпейді. Бұл шамамен үш жыл бұрын еліміздегі жетекші мұнай-газ компаниясының мерекелік жиынына шақырылған ресейлік «бизнес-мотиваторға» қарата айтылған ой. Рас, әдетте қандай-да бір салада жетістікке жеткен жандардан кірісті арттыруға байланысты жүйелі әрі математикалық тұрғыда өлшенген дәйекті кеңестерді күтеміз. Ал жоғарыда келтірілген азамат «нағыз табысты тұлғалар ерте тұрып, әр күнін жоспарлай білуі тиіс», дегеннен әрі аспады.

Жасыратыны жоқ, кейбір «коучтар­дың» адам бойындағы қабілеттерді да­мытуға қатысты кеңестері құлаққа жа­ғымды естілгенімен түбін қазсаң олар­­дың дөңгелеп тұрған кәсібінің жоқ екенін байқайсыз. Өкініштісі сол, халық­­тың барлығы бірдей кімнің арамза, кімнің кәсіби маман екенін ажырата бермейді. Сонда мұндай күмәнді тұлғалардың қақпанына түспеу үшін қайтпек керек? Осы туралы және тренинг өткізу үрдісі елімізге қай жақтан келгенін сарапшылардан сұраған едік.

Экономист Мақсат Халықтың ай­туынша, корпоративтік этиканы қа­лып­тастыруды көздейтін кез келген ком­пания үшін оқыту курстары мен тре­нинг өткізу қалыпты құбылысқа айнал­ған. Тіпті кейбір ұйымдардың жеке корпоративтік университеттері бар.

«Айталық, Air Astana және BI Group секілді ірі холдингтерді алып қарайық. Олар өздерінің оқыту орталықтарын ашып, сонда мамандарды дайындап, біліктіліктерін арттыруға күш сала­ды. Жалпы, бұл қалыпты жағдай жә­не қажетті амал. Неге десеңіз, қызмет­кер­лердің біліктілігі мен тәжірибесі артқан сайын жұмыстың сапасы жақсарып, компанияның табысы ұлғаяды. Бұл бизнестің алтын әріппен жазылған қағидасы. Демек, табысты болуды көздейтін кез келген коммерциялық ұйым мықты мамандарды жұмысқа алуға тырысып, қарамағындағы қызмет­керлердің кәсіби дағдыларын шыңдауға мән береді. Өйткені нарықта бәсекеге қабілетті болу үшін осындай қадамдар жасауға дайын болуы керек.

Бірақ кейінгі кезде ақпараттық бизнес бағытында «ақпарат сығандары» деген ұғым қалыптасты. Бұл тұтастай әлемдік үрдіс. Дүние жүзін өзіне аудар­тып, тренинг өткізумен ақша та­уып жүрген коучтар бар. Алысқа бар­май-ақ елімізге тоқталайық. Таяуда әлеуметтік желілерде қызыл жіпке бай­ланысты қызу пікірталас туғанын білеміз. Таңғалдырғаны, мұндай затты сатып алғандар жоқ емес. Осындай азаматтардың кәсіптерін заңмен қанша­лықты тежеуге болатынын білмеймін, десек те халықтың көзі ашылып өзіне қажеттісін таңдап алады деп ойлаймын. Бұған тек уақыт керек. Мейлі, мұн­дай «бизнес-тренерлер» көбейе берсін. Сауатты қоғамда оларды нарық өзі ысырып тастайды. Бұған байланыс­ты мысал жетерлік. Сондықтан адамдар өздеріне керектісін айқындап алар. Екінші жағынан, халықтың осындай азаматтарға илануы еліміздегі әлеу­меттік жағдайдың төмендігін байқатып отыр. Яғни азаматтар «осы тренингке қатыссам, тез байып кетемін», деп ойлайды. Сол себепті тапқан-таянғанын түрлі коучтардың семинарларына жұмсайды. Егер де халықтың табысы жоғары болса, аталған тренингтерге бармай сапалы оқыту курстарын таңдауға мүмкіндігі болар еді. Мысалы, арнайы академиялық білім алып, магистратураны тәмамдап, сондай-ақ шетелде білімін жалғастыруға жолы ашылады. Сондықтан бұл жерде табыстың жоғары болуы мен қаржылық сауаттылық үлкен рөл ойнайды», деді М.Халық.

Отандық білім сапасы көңіл көншітпейді

Экономика институты Заманауи зерттеулер бөлімінің меңгерушісі Ай­сұлу Тұрсынбайқызының пікіріне сүйенсек, сайып келгенде мәселенің мәнісі еліміздегі білім сапасының төмен­дігіне келіп тіреледі. Өйткені отандық білім беру орындарын тәмамдап шығатындардың кәсіби дағдылары көп жағдайда нарықтың сұранысына сай емес. Осыдан кейін көпшілік тренингтер мен түрлі коучтардың қызметіне жүгінуге мәжбүр.

«Жеке адамның, оның ішінде белгі­лі бір маман иесінің және тұтастай компанияның қосымша білім алуға деген құштарлығы қашан да өзекті. Бұл барлық теориямен дәлелденген. Себебі білімге салынған инвестиция түбі өзін ақтайды. Мәселе алған білімнің дәлдігінде және оны тиімді қолдана білуде жатыр. Яғни қандай да бір тренинг немесе курсқа жазылатын компания немесе жеке адам болсын, алдына нақты сұрақ қоя білуі тиіс. «Осы дамыту курсына қатыссам, компанияға немесе қызметіме пайдамды тигізе аламын ба?», деген секілді.

Аутсорсинг, фриланс, яғни жалдама­лы қызмет пен қашықтан жұмыс істеу түрі дамыған цифрлы заманда бизнес-тренинг және коучинг еңбек нарығының түрленгенінің көрінісі. Жаңа мамандықтар мен дағдылардың пайда болуы әлемдік еңбек нарығында коучинг пен бизнес-тренингтің өркендеуіне алып келді. Осы ретте халықаралық университеттер де өздерінің онлайн курстарын ашып, сатып жатқанын айта кету керек. Мысалы, баршаға мәлім Coursera платформасында көптеген курс сатылады. Онда қажетті курсты тәмамдап шыққан адам тиесілі сертификатына ие болады. Интернет пен әлеуметтік желінің дәурені жүріп тұрған шақта бұл әлемдік үрдіске айналды.

Басқа мемлекеттерде осы іспен уни­вер­ситеттер мен арнайы мамандан­дырылған ұйымдар айналысса, елімізде бұл қызметті жекелеген адамдар ұсы­нып жүр. Бізде аталған сала әлі дұрыс жолға қойылмаған. Кез келген азамат өзін сертификаты бар маман ретін­де таныстырғанымен оның шын мәні­сінде кім екенін халық тексере ал­майды. Тренинг өткізетіндердің серти­фикаты болуы міндетті», деді А.Тұрсынбайқызы.

Кәсіби дағды жетіспейді

Қазақстанның кейбір азаматтары сертификаттаудан халықаралық ұйымдар арқылы өтсе, енді бірі еліміздегі ұйымдарды таңдауды құп көреді. Бірақ соның өзінде бұл тұлғалардың кәсіби біліктілігіне байланысты сұрақ көп.

Мәселен, KazLogistics салалық қауым­дастығы бар. Олар елімізде кө­лік-логистика саласында кәсіби бі­лік­тілікті жоғарылатуға көмектесіп ке­леді. Сарапшылар басқа да қауым­дастықтардың негізінде бұл бағыттағы жұмысты жолға қоюға болатынын айта­ды. Әйтсе де халық мұндай қауым­дастықтарға жүгінгеннен гөрі әлеуметтік желідегі ұсыныстарға әуес.

«Неліктен адамдар сан алуан курс­қа, тренингке жазылуға мұқтаж? Себебі олардың кәсіби біліктілігі мен ма­мандығына байланысты қызметтік дағдылары төмен. Білім бар, теорияға қаныққан, алайда қажетті дағды жетіс­пейді. Жоғарыда айтқанымдай бұл жалпы әлемдік үрдіс. Онда неліктен ол Қазақстанда жабайы түрде жүзеге асы­рылып жатыр? Еуропада, атап айт­қанда Германияда тәжірибеден өткенде байқағаным, жергілікті халық алған білімін мақсатына қарай пайдаланады. Былайша айтсақ, білімі мен дағдылары бір-бірімен үйлесім тауып, мамандық бойынша еңбек етуге оң ықпалын тигізіп отыр. Сондықтан олар жан-жақтан тренинг, курс іздеп, әуре-сарсаңға түспейді. Жазылған күннің өзінде қызметіне қажетті нақты оқуға барады әрі оны арнайы ұйымдар ұсынады.

Әлбетте, біздің жағдайымызда еліміз­дегі, әсіресе өңірлердегі жұмыс­сыздық, әлеуметтік жағдайдың төмендігі, отба­сылардағы ақшалай кірістің аздығы сынды проблемалар халықтың осындай қосымша жолдарды іздеп, сенуіне әсер етіп отыр. Өкінішке қарай, өңірлерде сапалы білім жоқтың қасы. Осыдан барып, халық әлеуметтік желіге жүгінбей қайтеді?!

Ең алдымен, Қазақстандағы орта және жоғары білім берудің сапасын жақ­сарту қажет. Сондай-ақ еңбек нарығына қажетті дағдыларды үйретуге дұрыс көңіл бөлінуге тиіс», деді Заманауи зерттеулер бөлімінің меңгерушісі.

Әлеуметтанушылар айтқандай, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Дүниежүзілік банкпен бірлесіп алуан түрлі онлайн курсты әзірлеп шығарған. Десе де оның сапасы мен әлеуметтік желілерде наси­хат­талу деңгейі өте төмен. Тіпті мұн­дай мемлекеттік тегін оқыту бағдар­ламаларынан халық бейхабар.

Қызыл жіптің әлегі

Енді қоғамда резонанс тудырған кейсті қарастырып көрсек. Шамамен бір ай бұрын отандық интернет кеңістігінде қызыл білезіктің, нақты айтқанда қы­зыл түстес тоқыма жіптен жасалған бұйы­м­ның мәселесі біраз пікірталас ту­дырған еді. Әрине, әлеуметтік желінің инфлюенсерлері (әлеуметтік желіде, қоғамда өзіндік пікірі қалыптасқан ықпалды адам) оқырман санын көбейту үшін иә болмаса кез келген тауарды жарнамалау мақсатында алуан түрлі амалдарға барып жататыны белгілі. Алайда оның да шегі бар екенін кейде естерінен шығарып алатын сынды. Олай дейтін себебіміз, маркетингтің белгілі талаптарын сақтауды былай тұрсын, жарнамалайтын өнімнің тылсым күшке толы екенін, тіпті балалы бола алмай жүргендер аңсаған армандарына жететініне сендіріп бағады. Онымен қоймай, саудаланатын тауарға әулие-әнбиелердің рухы дарыған деп, міндетті түрде табысты болатынына кепілдік беретіндері де бар. Теология тұрғысынан бұл қаншалықты дұрыс? Осы сұрақты дінтанушыларға қойған болатынбыз.

«Тұмарды алып қарайық, оны не үшін тағады? Оның ішіне Алланың сөзі, яғни Құран аяттары салынады. Демек бұл бір Жаратушыға иман келтіріп, оның қасиетті сөздеріне құрмет көрсетудің белгісі. Дәл осындай ниеттегі адамдар үшін бұл сауапты. Сүйектен, жіптен немесе басқа да материалдан жасалған заттарды тағып, олардың бойында Құдайдың күшімен пара-пар құдірет бар екеніне илану бұл Ислам дінімен құпталмайтын әрекет саналады. Одан сақтанған абзал. Ал енді кімде-кім осындай бұйымдарды таратып, өзгелерді оның құдіретіне сендіретіндей көзқарас қалыптастырса, бұл адамдарды адастырғанмен тең. Мұн­­дай істерден барынша аулақ болған жөн», деді Қазақстан мұсылмандар ді­ни басқармасы Діни оңалту бөлімінің меңгерушісі Хасан Аманқұл.

Блогердің қызметі кәсіпкерлікке жата ма?

Заңгер Бек Маратұлы айтқандай, мейлі блогер немесе қарапайым интернет қолданушысы болсын ғаламторға, әлеуметтік желілердің платформасына кез келген тауарды сатуға қоймас бұрын оның сертификаттаудан өткеніне және белгілі бір стандарттарға сай болуына көз жеткізуге тиіс. Сонымен қатар осы қызметтен түсетін табыс расталып, тиісті салықтар төленуі қажет. Сол себепті жеке кәсіпкерлік немесе жауапкершілігі шектеулі серіктестігі секілді ұйымдық-құқықтық жағы ескерілсе игі дейді заң саласының өкілі. Өйткені бұл кәсіп­керлік қызметке жатады.

«Егер де блогер өз өнімін әлеуметтік желілерде сатып, өткізумен айналысса, ол оның сапалылығына сенімді бо­луы керек. Себебі тұтынушылар өз құқықтарын қорғау жөніндегі уәкі­летті органдарға жүгінуге құқылы. Тұты­нушының құқығы пайдаланылатын тауармен бұзылмауға тиіс. Шартты түрде блогер қандай да бір өнімді ойлап тапса, аталған өнімнің патенті немесе одан әрі сату үшін тиісті сертификаты болуы қажет. Мысалы, тұтынушылар тарапынан шағым түскен жағдайда тауар өндіруші сотта немесе сотқа дейінгі тәртіпте сатылатын тауарлардың сапасы мен күнделікті өмірде жарамдылығын дәлелдеуі керек», деді заңгер.

Әлеуметтік желіні пайдалану мәдениеті төмен

Цифрлы медианың маманы, журналист Алмас Тоқабаевтың айтуынша, әлеуметтік желі арқылы тауар сату, онлайн курс жүргізіп табыс табу бұрыннан бар үрдіс. Бірақ кейінгі уақытта оның танымалдылығын пандемия арттырды. Оффлайн кездесулер, оқыту процесі мен сауда-саттықтың дәстүрлі түрі шектеліп, қоғамдық өмір тұтастай онлайн форматқа ауысты.

«Онлайн өмір қалыпты дүниеге ай­налған соң әлбетте оның ішінде алаяқ­тардың да пайда болатыны белгілі. Әлем­желіде заңсыз ақша табудың бе­лең алуына халықтың әлеуметтік жағ­дайының төмендігі алып келді деп ойлаймын. Енді ойлап қараңыз, қарапайым орташа жалақы алатын адамның баспана алуға деген сенімі жоқ. Әртүрлі есептеулерге сәйкес күнделікті тұрмыста жұмсалатын қаражаттан қал­ған ақшаны жинағанның өзінде үй алуға шамамен 150-200 жыл қажет болады. Ипотекаға алса, оны 25 жыл өтеуі тиіс. Жалақымен күн көру қиын­дай түскен соң еріксіз жыл­дам ба­йып кетудің түрлі жолда­рын іздей бас­тайды. Нәтижесінде, кей­бірі алаяқтарға ұрынып, опық жейді. Десе де аталған мәселеде кінәлілерді іздейтін болсақ, біріншіден бұл жерде жауапкершілік сондай қаржылық пирамидаларға, алаяқтарға сенген адам­дардың мойнында. Себебі әр азамат өз қаражатын қайда салатынын, кім­дерге тапсырғалы тұрғанын бірінші ке­зек­те өзі тексеруі қажет. Өйткені құр жар­­­намалау арқылы оның ақшасын еш­кім де мәжбүрлеп иемдене алмайды. Көрген жарнамаға иланып, қаражатты өз қолы­мен апарып берді ме, демек жауап­кер­шілікті де өзі арқалайды. Яғни осы ба­ғыт­та сауаттылықты арттыру қажет деген сөз.

Танымал блогерлердің, әншілердің және әртістердің ұтыс ойындарын өткізіп, жарнама жасаудан қорықпайтыны, бізде бұл мәселені реттейтін заң жоқ. Олар белгілі бір тауарға немесе қызметке бай­ланысты жарнама жасап, ақша алғанымен іс-әрекеттері заң аясында дұ­рыс. Неге десеңіз, барлық кодекс түрі­мен олардың оны өткізуге толық құқы­ғы бар. Жарнама үшін ғана ақы төле­нетінін ескерсек, тапсырыс беруші компаниялардың жауапкершілігін олар өз мойнына алмайды. Сондықтан заң аясында жарнама жасамаңдар деп айту мүмкін емес. Ал енді моральдық жағы бөлек мәселе. Мұны әр блогер, әнші жеке арына қарай шешеді. «Ақпараттық сығандардың» арбауына түспеу үшін адам өзінің сауаттылығын үнемі арттырып отыруы керек. Олардың белгілерін білуге тиіс. Сақтанудың жолдарын біз үнемі айтып келеміз, бізге дейін де айтылды. Өкінішке қарай, халық ақпаратты оқып тексермейді. Көпшілігі көруге құмар. Көрген нәрсесіне қызы­ғып, сенеді. Ал оқитындардың саны көретіндерден артқан кезде бізде сауат пайда болып, алданатындардың қатары азаяр еді», деді А.Тоқабаев.

Естеріңізде болса, бір-екі ай бұрын алматылық блогерлер қаржылық пира­мидаға қатысы бар деген күдікпен қамауға алынған болатын. Осы орайда Ішкі істер министрлігіне әлеуметтік желіде қаржылық пирамидаларды жарнамалайтындарды қандай жаза күтіп тұрғанын анықтау үшін сауалхат жіберген едік. Министрліктің ресми жауабында еліміздегі қолданыстағы заң аясында қаржылық (инвестициялық) пирамидалардың қызметін жарна­малағаны үшін қылмыстық жауапкер­шілік көзделмегені айтылды.

«Аталған іс-әрекетті жасаған адам Қазақстан Республикасының Әкім­шілік құқық бұзушылық туралы ко­дексінің 150-бабына сәйкес әкімші­лік жауапкершілікке (қаржылық (инвес­тициялық) пирамиданың қызметін жарнамалау) тартылады», делінген.

Ведомствоның берген мәліметіне сен­сек, кейінгі 5 жылда республика ау­м­а­­­ғында азаматтарды әлеуметтік же­лі­­лер арқылы компанияларға (ұтыс ойын­­­дарына) ақша салуға шақыру фак­ті­леріне байланысты қылмыстық істер тіркелмеген.