Референдум • 25 Мамыр, 2022

Жаңа Қазақстан: Ұлтаралық келісімнің негізі

1521 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

«Жаңа Қазақстан құрамыз десек, тарихи сананы жаңғыртуымыз қажет», дейді ғалымдар. Алматы, Тараз, Ақтөбе, Қостанай, Орал өңірлерінен келген зерттеушілер елордада бас қосып, тарих, саясаттану, философия, этнология, этнография, археология, әдебиеттің өзекті мәселелерін сөз етті.

Жаңа Қазақстан: Ұлтаралық келісімнің негізі

С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінде «Жаңа Қазақстан: тарихи сананы модернизациялау контекстіндегі Еура­зияның этностары мен мә­дениет­тері» тақырыбында рес­пуб­­ликалық ғылыми-тәжіри­бе­лік конференция өтті. Алқалы жиында этносаралық және ұлта­ра­лық келісім мәселелеріне, Еура­зия этностарының мәдени мұ­ра­­сын сақтау, этноәлеуметтік, этно­лин­г­вистикалық және діни үде­ріс­терге ерекше назар аударылды.

Этносаралық және конфессия­ара­лық келісім мәселелерін сөз еткен зерттеуші ғалымдар мен сарап­шылар елдегі этносара­лық тұ­рақтылық, түрлі ұлт өкіл­де­рі­нің қазақ жеріне қоныстануы, Ассамблеяның маңыздылығына және олардың Жаңа Қазақстан құрудағы рөліне тоқталды. Ға­лым­дар баяндаған деректерді са­раптайтын болсақ, бүгінгі күні Қазақстандағы этносаяси жағ­дай тұрақты және әртүрлі ұлт өкілдері арасындағы айқын және ашық дау-жанжал бай­қал­майды. Этносаралық келі­сім мәселесі жө­нін­де билік құры­лым­дарына деген қоғамдағы сенім­ділік деңгейі жо­ғары. Мұны жиынға қа­ты­су­шылар шетел сарап­шы­ла­ры­ның Қазақстан туралы айтқан пікірлерімен нақтылап өтті.

Мәселен, Ұлыбританияның қо­ғам қайраткері, жазушы Джо­натан Айткен «Казахстан. Сюрпризы и стереотипы» деген еңбегінде еліміздің бірнеше жетістіктерін атаған. Соның ішінде ол республика халқының толеранттылығын ерекше атап өтеді. «Қазақстанда 140 ұлт пен этностың өкілдері тұ­рады. Республика халқының жас­тары өте белсенді және бола­шаққа үмітпен қарайды. Елде ұлтаралық келісім, толеранттылық және адамдардың бір-біріне сенімі бар», деп жазды ағылшын жазушысы. Сондай-ақ, ресейлік танымал сарапшы Рой Медведев еліміз туралы: «Қазақстан – көп­ұлтты және ұлтаралық келісім тұрақтылығының негізін қалаған ел. Қазақстанда 11 тілде хабар таратылады. Билік органдарында және Президент Әкімшілігінде 64 ұлттың өкілі жұмыс істейді. ТМД-ның ешбір елінде нақ осындай жағдай туғызылмаған. Қазақтар «бетке ұстар ұлтқа» айналды және мұнымен санаспауға болмайды», деп пікір білдірді.

Конференцияның пленарлық отырысында сөз алған Мемлекет тари­хы институтының жетекші ғы­лы­ми қызметкері, тарих ғы­лым­­­­­дарының кандидаты Қанат Еңсенов: «Қазақстанда қо­ныс­­танған көпэтносты халқы­мыз­дың азаматтық, ашық, зайырлы, демократиялық саяси-эконо­микалық жағынан тәуелсіз қоғам орнатуға бір кісідей жұмылған. Біртұтас Қазақстан халының толеранттылығын, конфес­сия­аралық және ұлтаралық келі­сі­мін, туысқандық бірлігі мен достығын одан әрі дамытып, ны­ғайтуды көздеген Қазақстан хал­қы Ассамблеясы өз алдына қойған мақсаттарын абыройлы атқаруда. Оны біз бүгінгі таңдағы еліміздің экономикасының дамуы мен елдегі саяси тұрақтылықтан және Қазақстанды мекен ететін барлық ұлыстар мен ұлт­тар­дың бір кісідей жұ­мылып, оны әлемнің дамыған зайырлы мем­лекеттері қатарына қосуға деген ұмтылыстарынан бай­қай­мыз», деп атап өтті.

Ғылыми конференцияда өзге ұлт өкілдерінің елге ке­л­уі, қоныс­тану тарихын қоз­ға­ған ға­лым­дар қызықты деректермен бө­лісті. Педагогика ғылым­да­ры­ның кандидаттары Сейітқали Дүйсен мен Жабай Қалиев Ақмола өңі­рі­не жер аударылған поляктар, поляк балалар үйлерінің жағдайы және оларды еліне қайтару мә­се­лесіне тоқталды. Сарапшылар Қазақстанда қоныстанған поляк этнос туралы түрлі де­рек­терді салыстыра отырып, олардың басым бөлігі қазақ же­рі­не кеңестік дәуірде келген­дерін айтты.

Поляктар қазақ жеріне әр­түрлі жағдайлардың әсерімен келген. Патшалы Ресей кезінде Ақмола облысына қоныстанған поляктар саны туралы мәліметтер әртүрлі. Мұны ғалымдар Ресей империясы және Кеңес өкіметі кезінде Ақмола облысының әкімшілік-территориялық аума­ғы­ның бір­не­ше рет өзгеруімен байланыстырады. «Поляктардың Қазақстанға екінші рет келуі XX ғасырдың 30-жылдарынан бас­тау алады. Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде КСРО-да орын алған саяси қуғын-сүргін мен халықтар депортациясына поляктар да ұшырған. Сол жылдары Украинадан Алматы, Ақтөбе, Қостанай, Қарағанды, Оңтүстік, Шығыс Қазақстан облыстарына 15 мың поляк және неміс колхоз шаруашылығы жеткізіліп, қоныстандырылды. 1940 жылғы 18 қазандағы Кеңес үкі­метінің қаулысы бойын­ша Қа­зақ­станға Украинадан – 6478, Белоруссиядан 203 поляк отбасы көшірілген. Де­пор­тацияға ұшыраған поляк балаларының жағдайы ауыр болды. Қазақстанда арнайы поляк балалар үйлері ашылды. Ақмола облысының Атбасар қаласындағы балалар үйінде 97 поляк баласы білім алған. Поляк Республикасы елшілігінің 1941 жылы 15 желтоқсандағы өтініші бойынша Кеңес үкіметі негізінен Орта Азия республикаларында орналастырылған 500 поляк балаларын қайтаруға келісім берді. Осы келісімге сәйкес 1942 жылы мамырда Ақмола балалар үйінен Иран мен Үндістан елдері ар­қылы балалар жөнелту жү­зеге асырыл­ды», деген деректер кел­тірді Сейітқали Дүйсен.

Осындай тарихи деректер көп келтірілген ғылыми-тәжірибелік конференцияны қорытындылаған тарих ғылымдарының кандидаты, университеттің Қазақстан тарихы кафедрасының меңгерушісі Өмірбай Бекмағанбетов іс-ша­раның жоғары деңгейде өтке­нін атап өтті. Конференцияға қатысқан елі­міздің жоғары оқу орын­да­ры­ның магистрант­тары мен докторанттары, мектеп мұғалімдері, музей қыз­меткерлері зерттеу жұ­мыстарына арқау болар мәлімет жина­ғанын айтты. Конференция қоры­тындысы бойынша «Жаңа Қазақстан: тарихи сананы модернизация­лау контекстіндегі Еура­зия­ның этностары мен мәде­ниет­тері» тақырыбындағы ғылыми еңбектердің электронды жинағы жарық көрмек.