Конференция барысында облыстағы қазақ баспасөзінің өткені мен бүгіні, ақпарат бәсекесіндегі орны, өңірлік баспасөздегі ақпараттық жанрлардың ерекшелігі, Мұхаметжан Сералиннің өмірі мен қызметі, балаларға арналған өңірлік басылымдардың жай-күйі, тәжік және қарақалпақ баспасөзінің қалыптасуындағы ұлт ағартушыларының еңбегі сияқты өзекті мәселелер сөз болды. Жиынға қатысушыларды құттықтаған қоғамдық даму басқармасының өкілі Жанар Тас-
қайырқызының айтуынша, өңірде 118 БАҚ тіркелген екен, оның 42-сі қоғамдық-саяси бағыттағы ақпарат құралы болып табылады. Одан кейін «Қостанай таңы» газетінің бас редакторы Жанұзақ Аязбеков сөз алып, тәуелсіз ел, дербес мемлекет болу деген ұғымдарды халықтың ой-санасына ұялатуда қазақ баспасөзінің орны орасан зор болғанын ерекше атап өтті.
– Басқасын айтпағанда, оған куә – осыдан жүз жыл бұрын шыққан «Ауыл» газетінің сарғайған беттері. Тарихқа жүгінсек, «Ауыл» газетінің алғашқы саны 1922 жылдың 27 маусымында араб қарпімен шықты. Ол уақыт тұрмыс тауқыметімен қатар, ол әлеуметтік теңсіздік белең алып тұрған кезең еді. «Ауыл» газеті осы бір келеңсіз құбылыстарға қарсы күрес ашты. Бұл басылым алғашқы санынан-ақ, ел мен жер, тіл мен ділге назар аударып, ұлттық құндылықтарға қатысты түрлі мәселелерді көтере білді. «Ауылдың» ізбасары «Қостанай таңы» газеті де осы үрдістен айнымай ұлттық мүдде, мемлекетшілдік мәселелерін насихаттап келеді, – деді Жанұзақ Аязбеков.
Қостанай университетінің профессоры Қалқаман Жақып «Айқап» журналында кәсіби көсемсөзші М.Сералинмен қанаттаса ел руханиятына қызмет еткен қаламгерлер туралы тың деректерімен бөлісті. Қалқаман Хасенұлының бастауында Мұхаметжан Сералиндей алып тұлға тұрған «Қостанай таңы» газетінің жүз жылдығына орай, арнайы журналистер музейін ашу туралы ұсынысы көпшілік қолдауына ие болды.
Аталған конференцияда айтылған тағы бір ақжолтай жаңалықтың бірі Ахаң университетіндегі осыдан бірер жыл бұрын жабылып қалған «Білім жарысы» газетінің қайта шыға бастауы болды. Студент-жастарға арналған аталған басылым 1998 жылдан бері шығады.
– Кезінде «Білім жарысы» республикалық «Қазақ» газетінің қосымшасы ретінде шығып тұрды. Соңғы екі жыл ішінде белгілі себептерге байланысты газет жұмысы тоқтап қалған еді. Осыдан екі апта бұрын облыстық газеттің ұжымымен кездесу барысында біз «Білім жарысы» енді «Қостанай таңы» газетінің қосымшасы ретінде шықса деген ұсыныс айттық. Бұл ұсынысымыз облыстық газеттің бас редакторы мен университет басшылығы тарапынан қолдау тапты. Енді алдағы оқу жылынан бастап оқырмандарға облыстық газеттің қосымшасы ретінде жол тартады деген үмітіміз бар, – деді ғылыми конференцияның модераторы, журналистика кафедрасының меңгерушісі, PhD доктор Амангелді Шөрентаев.
Қостанай облысы