Аймақтар • 25 Мамыр, 2022

Мәшһүр Жүсіп оқуларының мәртебесі биік

685 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Жақында Екібастұз қаласында ІІ республикалық Мәшһүр Жүсіп оқулары өтті. Еліміздің түкпір-түкпірінен талантымен танылған талаптылар топқа кіріп, босқа келмегендерін дәлелдеп бақты. Қатысушыларға Мәшһүр Жүсіп кесенесіне барып, бабаға тәу ету бақыты бұйырды.

Мәшһүр Жүсіп оқуларының мәртебесі биік

Айта кетерлігі, бұрын Мәшһүр Жүсіп оқулары тек облыстық деңгейде, яғни біздің аймақта ғана өткізіліп келген болатын. Республикалық дең­гей­де ұйымдастыру алғаш рет 2019 жылы қолға алынып, Павлодар қаласын­да елеусіздеу өткені бар. «Бұл ән бұ­рын­ғы әннен өзгерек» демекші, бұл шараның ауқымы кең, мазмұны бөлек. Шығармашыл жас өрендер дода­сын Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі және «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығының қолдауымен ұйымдастырушы – Павлодар облысы білім беру басқармасының «Ертіс дарыны» өңірлік қосымша білім беру оқу-әдістемелік орталығы.

Сайысқа 10 облыстан, Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларынан және 2 республикалық білім беру ұйымынан 58 үміткер қатысты. Павлодар облысы білім беру басқармасы тарапынан жүлдегерлерге тігілген жүлделер де осал болмады: бас жүлде иегерлеріне – ноутбук, І орынға – ұялы телефон, ІІ орынға – сымсыз құлаққап, ІІІ орынға – Power Bank қуаттау құрылғысы.

Республикалық Мәшһүр Жүсіп оқу­ларының Естай атындағы балалар музыка мектебінде өтуі, мектептің өнерлі балаларының қонақтарды күм­бірлеген күймен қарсы алуы, ша­раға бастан-аяқ облыстық білім басқар­масы басшысының міндетін атқарушы Ә.Әбенованың бас-көз болуы, Павлодар қаласындағы «Мәшһүр Жүсіп» қоры (президенті – Ертай Жүсіпов) тарапынан Мәшһүр Жүсіп шығармалары топтастырылған «Жетпіс бап» кітабының меймандарға сыйға тартылуы ғұлама бабамыздың мұрасын насихаттауды мақсат тұтқан шараның мән-маңызын асыра түскендей.

Шығармашыл өрендердің жұмысын саралаған қазылар алқасының құрамы төмендегідей: Қарлығаш Сарекенова (Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті, ф.ғ.к.), ақын Серікзат Дүйсенғазы (Л.Н.Гумилев атындағы Еу­разия ұлттық университеті, ф.ғ.к.), Мақсат Алпысбес (Л.Н.Гумилев атын­дағы Еуразия ұлттық университеті, т.ғ.д.), Ертай Жүсіпов (Торайғыров уни­вер­ситеті, ф.ғ.к.), Айтмұхамет Тұ­ры­шев (То­райғыров университеті, ф. ғ.ф.к., профессор), Бақытгүл Қапасо­ва (Торайғыров университеті, ф.ғ.к.), Майгүл Оразханова (Павлодар педагогикалық университеті, ф.ғ.к.), ақын Айбек Оралхан (Павлодар қаласының орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің қызметкері, Қазақстан Республикасы Жазушылар одағының мүшесі), Ботакөз Құралқанова (Павлодар педагогикалық университеті, ф.ғ.к.), ақын-жазушы Серік Елікбай (То­р­айғыров университеті, ф.ғ.к.), Баянгүл Қожахметова (Торайғыров университеті, гуманитарлық ғылымдар магистрі).

– Мүшәйрада 15 жас дарынның өлеңдерін тыңдадық, олардың бәрі қазақ поэзиясының келешек өкілдері деп білемін. Сайыстың мақсаты – жас таланттардың талабын ұштау, жастарды тарихқа, шығармашылыққа, әдебиетке тәрбиелеу. Талантты балалар өсіп келе жатқанына көзіміз жетті. Алматыдан келген Дарын Бексұлтан деген өлең жазып қана қоймай, оны оқуы да ерекше екен. Қатысушылар арасында ұстаз көрген жас ақындар бар. Өлең дегеннің бәрі бірдей шыға бермейді. Орын алмай қалған баладан да мықты ақын шығады. Кей ақындардың өлеңдері кәсіби деңгейге көтерілген. Біз тіпті өздеріне өлең жазғызып та тексеріп көрдік, – ақын Серікзат Дүйсенғазы.

Айта кетерлігі, Мәшһүр Жүсіп оқу­лары аясында қазақ тілі мен әде­биеті пәні мұғалімдері үшін «Мәш­һүр­тану мәселелері және оқушы­лар­ды әдеби оқуға дайындау әдісте­месі» тақырыбында семинар ұйымдас­тырылып, қатысушыларға Л.Н.Гуми­лев атындағы Еуразия ұлттық универси­тетінің оқы­тушысы, филология ғылым­да­рының кандидаты Қарлығаш Сарекенова және Торайғыров университетінің гуманитарлық ғылымдар магистрі Баянгүл Қожахметова әдістемелік дәріс оқыды.

Байқау соңында қатысушылар, жетекшілер және қазылар алқасының мүшелері Ескеліге сапар шегіп, Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының рухына тәу етті.

 

Павлодар облысы,

Екібастұз қаласы