Аймақтар • 25 Мамыр, 2022

Қазанғап би атауы әбден лайық

586 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Қазақстан тарихының ажырамас бөлігі саналатын әр аймақтың тарихын зерттеп-зерделеудің маңызы зор. Бұл ретте жастар туған еліне, жеріне адал қызмет еткен тұлғалардың өмірін үлгі тұтуға міндетті. Сондай тұлғалардың бірі – Қазанғап би Сатыбалдыұлы.

Қазанғап би атауы әбден лайық

Қазанғап Сатыбалдыұлы (1771-1856 жж.) – қазақтың атақты батыры Малайсарының үзеңгілес досы Байдәулет батырдың шөбересі (кейбір деректер бойынша – немересі), Бәсентиін елінің төбе биі. Атақонысы – Павлодар облысына қарасты осы күнгі Жолқұдық ауылының маңындағы Ребровка деген елді мекен, қыстауы Ертіс пен Ақсу өзені бойындағы жерлер, ал жаз жайлауы Екібастұз-Қалқаман алқабындағы қыр мен «Ақкөл-Жайылмаға» жақын «Шұрық», «Сарықамыс» деген өзендердің бойында.

Қазанғап Сатыбалдыұлының шешен, саяси қайраткер ғана емес, сонымен қатар мал шаруашылығы мен егін шаруашылығымен де айналысқан ірі кәсіпкер һәм халыққа жанашыр, демеуші болғанын тарихи деректер айғақтайды. Қазанғап Сатыбалдыұлы қазіргі Павлодар облысының Ленин кентінде медресе салғызып, қазақ жастарының білім алуына қолғабыс тигізген екен.

Айтпағым, Қазанғап бидің Кереку-Баянауыл өңірінің дамуы­на, көркеюіне еңбегі сіңгенін ескеріп, халқына адал қызмет еткен азаматтың есімін халық жадында мәңгілікке сақтап қалу үшін, атақонысы Ертіс өзенінің сол жағындағы Павлодар облысының Ақсу ауданына қарасты жерлер (соның ішінде Ленин кенті) болғанын ескере отырып, Ленин кентіне Қазанғап би Сатыбалдыұлының есімі берілсе, бүгінгі ұрпақтарының бабалары алдындағы бір парызы орындалған болар еді.

 

Махмет ДЕМЕСІНОВ,

Павлодар қаласының Құрметті азаматы