Аймақтар • 25 Мамыр, 2022

Маңғыстаулық дәрігерлер темір жұтып қойған науқасқа тіліксіз ота жасады

374 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Маңғыстау облыстық ауруханасында эндоскопист-дәрігерлер темір жұтып қойған науқасқа тіліксіз ота жасады, деп хабарлайды Egemen.kz облыстық аурухананың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Маңғыстаулық дәрігерлер темір жұтып қойған науқасқа тіліксіз ота жасады

Эндоскопист-дәрігер Бауыржан Танауовтың айтуынша, 29 жастағы науқас 18 мамыр күні жедел түрде ауруханаға келді. Науқаста іштің жоғарғы бөлімі ауырсынған. Алдымен дәрігерлер жедел түрде лабораторлы-инструментальді зерттеу жүргізді. Іш қуысының рентгенографиясы нәтижесінде асқазаннан бірнеше бөгде дене анықталды.

«Науқасқа шұғыл түрде жансыздандыру арқылы эндоскопиялық әдіспен ота жасадық. Яғни, ауыз арқылы видеоэзофагогастродуоденоскопия аппараттың көмегімен денедегі артық затты сыртқа шығардық. Науқас ішінен ұзындығы 15, 16, 18 см темір, басы жоқ қасық алынды», деді Маңғыстау облыстық ауруханасының эндоскопист-хирургы Б. Жоламанұлы.

Бөтен денелерді эндоскопиялық жолмен алып тастау отасы сәтті өтті. Науқаста ешқандай ауырсыну болған жоқ. Ота шамамен жарты сағатқа созылған. Қазіргі таңда науқас амбулаторлы емге жіберілді.

Айта кетсек, аталған операцияға хирург-эндоскопист Б. Танауов, М. Тайшыбай және анестезиолог К. Шадиева қатысты. Мұндай операциялар МӘМС бағдарламасы аясында тегін жүргізіледі.