Қазақстан • 25 Мамыр, 2022

Үш буынды модель: Өзгерістердің мәні неде?

936 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Соңғы жылдары қылмыстық процесс саласындағы ұлттық заңнамалар елеулі өзгерістерге ұшырады. Кеңес үкіметінен қалып қойған қылмыстық процестің ескі жүйесі 2015 жылға дейін қолданыста болды. Ал осы жылдан бастап күшіне енген жаңа қылмыстық процестік заңнама түбегейлі өзгерді.

Үш буынды модель: Өзгерістердің мәні неде?

Коллажды жасаған Амангелді Қияс, «EQ»

Бұрын 2015 жылға дейін тергеу алды тексеру деген өз алдына бір институт болған. Яғни қылмыс туралы арыз, шағым немесе хабарламалар түскеннен кейін қылмыстық іс қозғалғанға дейін 2 ай бойы тергеу алды тексеру шаралары жүргізілетін. Барлық мүдделі адамдар тергеу органдарына бірнеше рет шақырылатын, олардан көрсетімдер алы­натын, сараптамалар мен аудиторлық немесе салық органдарымен тексеру­лер жүргізілетін, шектеулер қойылатын. Егер қылмыс белгілері байқалса, қыл­мыстық іс қозғалып, 2 ай бойы тергеу жүргізіліп, қайтадан жоғарыда атап өткен әрекеттер қайталап жасалатын. Соның салдарынан адам бірнеше ай бойы әуре-сарсаңға түсіп, қылмыстық процесс орбитасына тартылып, жүй­кесі тозып, оның конституциялық құқық­тарының бұзылуының және сыбайлас жемқорлықтың орын алуының бірден-бір себебі болатын.

2014 жылы қабылданған жаңа Қыл­мыстық процестік кодексте бұлардың барлығынан арылып, тергеу алды тексеру институты жойылды. Қабылданған кодекс қылмыстық процестегі азаматтардың құқықтарын қорғау бағытында елеулі әсерін тигізді.

Бұдан кейін қылмыстық процесті барынша оңтайландыру, жеделдету және процеске қатысушылардың құқықта­рын қорғау бағыттарында процестік заңнаманы жетілдіру мақсаттарында бірнеше рет өзгеріс енгізілді. Соңғы концептуалды өзгерістер ретінде осыдан екі жыл бұрын Мемлекет басшысы қылмыстық процесті жүргізудің жаңа моделін құру туралы тапсырма берген еді. Бүгінде елімізде бұл модельді қалыптастыру жұмысы қарқынмен жүр­гізілуде. Аталған модель бірінші кезекте, азаматтардың конституциялық құқық­тарын қорғауға және олардың қыл­мыстық процеске негізсіз тартылуын бол­дырмауға бағытталған. Мұндай тәр­тіп дамыған елдердің тәжірибесіне негіз­делген. Ал бұл өзгерістердің мәні неде?

Үш буынның бірінші буыны – тергеу органдары, екіншісі – прокуратура, үшіншісі – сот. Жаңа модель олар­дың өкілеттіктерін нақты ажыратып берді. Тергеу органы қылмысты аша­ды, дәлелдемелер жинайды. Прокуратура атқарылған жұмысқа баға береді, қыл­мыстық істі сотқа жолдау немесе қайта тергеуге жолдау мәселесін қарайды. Ал сот сол дәлелдемелерге баға бере отырып, үкім шығарады.

Үш буынды модельді енгізудің ал­ғашқы кезеңі 2020 жылдың соңында күшіне енді. Өзгерістерге дейін тергеуші қылмыстық іс қозғап, барлық шешімдер­ді өзі қабылдайтын. Ал прокурор тек олардың заңдылығын тексеретін. Қазір қылмыстық процестегі негізгі шешімдер прокурордың келісімінен кейін ғана заңды күшіне енеді. Бұл шешімдер қатарында адамды күдікті деп тану, күдіктінің іс-әрекетін саралау, қылмыстық құқық бұзушылықты саралау, тергеп-тексеру мерзімдерін үзу және қылмыстық істі не қылмыстық қудалауды тоқтату бар.

Яғни жаңа модельге сәйкес, прокурор қылмыстық процестегі қадағалауды ең бастапқы сатысынан бастап жүргізеді. Қандай да бір шешім қабылданардан бұрын прокурордың сүзгісінен өтіп, негізсіз деп танылғандары келісілмей, тергеушіге кері қайтарылады. Мысалы, адамды қылмыстық іс бойынша күдікті деп тану үшін тергеуші алдымен тиісті материалдар мен қаулы жобасын про­курорға ұсынады. Бұл уақытта адам әлі күдікті емес және қылмыстық процесс орбитасына тартылмаған болып есептеледі. Прокурор қаулыға келісім бергеннен кейін ғана адам күдікті болып танылады. Ал прокурор тиісті дәлелдер жеткіліксіз деп санаса, күдікті ретінде тану туралы қаулыны бекітуден бас тартады.

Жаңа модель жағдайында атқарған жұмыстардың жетістіктеріне оң баға беруге болады. Осы жылдың 1-тоқса­ның­да қылмыстық процестегі азамат­тар­дың конституциялық құқықтарын бұзу деректері 31%-ға (65-тен 45-ке) тө­мендегені байқалады. Өткен жылы ­про­курорлар 400 мыңнан астам шешім­нің заңдылығын тексерді. Сөйтіп, 366 мыңы­мен келісіп, бекітті. Қалған 53 мыңы бекітілмей, кері қайтарылды.

Бұдан бөлек прокурорлар күдікті деп тануға келіспегеннен кейін 47 адамға қатысты қылмыстық іс ақтау негізінде мүлдем тоқтатылды. Қарапайым тілмен айтқанда, орган бұл адамдарды күдікті деп танығысы келгенімен, прокурорлар шешімдерді мұқият қарап, олардың іске қатысы жоқ екенін анықтады. Яғни бұл азаматтардың конституциялық құқық­тары қорғалып, оларды заңсыз қыл­мыстық қудалауға, іске негізсіз тартылуға жол берілмеді. Сондай-ақ өткен жылдан бері прокурорлар 2 мыңға жуық істі өздері тоқтатты. Себебі бұл істер бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізу негізсіз болған. Осының бәрі прокурордың тергеу барысындағы қадағалаушы рөлінің артқандығын дәлелдейді.

Тағы бір айта кететін маңызды көр­­сет­кіш – прокурор органның тоқтату ше­шім­дерін бекітуден бас тартқаннан кейін, осы жылдың өзінде 90 қылмыстық іс сотқа жолданып, кінәлі адамдарға қатысты соттың айыптау үкімдері шыққан. Яғни осы арада, біз нақты кінәлі адамдардың қылмыстық жауаптылыққа тартылуын қамтамасыз еттік, жазадан бұлтартпас қағидасын іске асырдық.

Осылайша, істердегі барлық негізсіз шешімдер мен олқылықтар дер кезінде анықталып, уақтылы жойылды. Мұны біз прокурорлық сүзгі, яғни «фильтр» деп атаймыз. Мұндай «фильтр» үш буынды модельді енгізудің негізгі мақсаттарында қарастырылған.

Екінші кезеңде де прокурордың жауап­кершілігі біршама артады. Өйткені енді аса ауыр қылмыстық істер бойынша тергеу аяқталған кезде тергеуші іс бойын­ша, тек, есеп әзірлейді. Ал айыптау актісін прокурордың өзі жасайды.

Бұған дейін, айыптау актісін тергеуші өзі дайындап, дайын актіні істің мате­риалдарымен бірге прокурорға ұсына­тын. Прокурор оларды бекітіп, нәтижесі бойынша істі сотқа жолдайтын немесе бұ­зушылықтар анықтаған жағдайда ­тер­геушіге қайтаратын.

Енді прокурор қылмыстық іс материалдарын және тергеушінің есебін зерделеп, жиналған дәлелдерге баға бере отырып, айыптау актісін жасау немесе істі қайтару туралы шешім қабылдайды.

Бұл жаңашылдық, жоғарыда айтып өткендей, қылмыстық істердің санаттары бойынша кезең-кезеңімен енгізіледі. Биылдан бастап прокурорлар тек аса ауыр қылмыстар бойынша айыптау акті­лерін жасауды, келесі жылдан бастап – сыбайлас жемқорлық істері бойынша, ал 2024 жылдан бастап барлық санаттағы істер бойынша акті жасау құзыреті про­курорға өтеді.

Бұл өкілеттер біздің қолға билік қана емес, жауапкершілік те жүктеді. Егер, сот кезінде істе олқылық анықталса, жауапкершілік шешімдерді бекіткен, ­айыптау актісін жазған прокурордың ­мойнына артылады. Сондықтан, ең бірінші кезекте біз бұл өкілеттіктерді қыл­мыстық процесте азаматтардың консти­туциялық құқықтарының бұзылуына жол бермеу үшін пайдаланатын боламыз.

Енді, осылардан біз не түйеміз? Қылмыстық процестің үш буынды моде­лін енгізу оң өзгерістерге қол жет­кізуге мүмкіндік берді. Тергеу саты­сында прокурордың рөлі күшейді. Нәти­жесінде, жаңашылдық енгізілгелі соттар қылмыстық істерді қайта тергеуге сирек қайтара бастады. Яғни прокурордың қатысуымен, бекітуімен іс тергеуінің сапасы артты.

Сонымен қатар әрбір қылмыстық іс тіркелген сәттен бастап прокурор­лық қадағалаудың күшеюінің арқасында соттардың да, прокурорлардың да олар­ды қайта тергеуге кері қайтаруы азайды. Ал бұл, өз кезегінде, уақыт үнем­дейді, тергеу созбалаңға салынбайды және қылмыстық процеске тартылған адамдардың құқықтарын барынша қорғауды қамтамасыз етеді.

Жалпы қылмыстық процестік заң­на­маға сәйкес тергеу органда­рына, прокуратура және сотқа қойылатын негізгі міндеттер – заң талаптарын қатаң сақтай отырып, қылмыс жасаған адамды тиісті жауапқа тарту, тергеп-тексеруді жылдам әрі толық жүргізу, жәбірленушілерге ­кел­тірілген залалдың өтелуін қамтама­сыз ету.

Қылмыстық процестің үш буынды моделі осы жоғарыда айтылған қағи­даттарды барынша сақтауға және іске асыруға мүмкіндік беруде. Бұл ретте, кез келген өзгеріс заман талабына бейімделе отырып енгізілетіні белгілі. Жаңа модельде цифрлы технологияның, электронды форматта тергеп-тексерудің орның ерекше атап өту қажет.

Цифрландыру – үш буынды модель­дің ажырамас бөлігі. Сөз басында әр іс бойынша негізгі процестік шешімдер прокурормен келісіліп, бекітіледі деп айтқан болатынбыз. Қазір бұл үрдіс толығымен электронды форматта жасалады. Яғни тергеушіге қаулыны қағазға басып шығарып, оны прокурорға келісуге әкелудің қажеті жоқ. Бұл жұмыстардың барлығы арнайы ақпараттық жүйеде жүргізіледі. Іс қағаз жүзінде ме, әлде электронды форматта тергеліп жатыр ма – маңызды емес. Бастысы – шешім­дерді прокурормен келісу процедурасы толықтай онлайнға көшірілді.

Бұл форматтың пайдасы қандай? Жасы­ратыны жоқ, бұрын тәжірибеде процестік құжаттарды өзгерту, бұрма­лау, дәлелдемелерді алмастыру, оларды қаса­қана жою, істі әдейі жоғалтып алу сияқты фактілер кездесетін. Ал цифр­лы форматқа көшкелі мұндай заңға қайшы әрекеттерді жасау мүмкін емес. Электронды құжаттарға ешкім өзгеріс енгізе алмайды. Барлық істер, шешімдер, құжаттар базаға енгізілгеннен кейін сол қалпы сақталады. Оған ешкім кіріп, бір де бір әріпті өзгерте алмайды.

Электронды іс жүргізудің артық­шылығы көп. 2018 жылы республика аумағында небәрі 20 мыңнан астам іс электронды түрде тіркелген болатын. Бұл барлық тіркелген істердің 5% ғана. Ал 2021 жылдың қорытындысы бойынша барлық қылмыстық істердің 80%-ын, яғни, 174 мыңнан астам істі электронды форматта тергедік. Биылғы 3 айда бұл көрсеткіш 90%-ға жетті.

Бүгінде прокурорлар қылмыстық істерді қашықтан тексере алады. Бұл үшін тергеу органдарынан істің өзін сұратып, бума-бума құжаттардың арасында отырып, жұмыс істеудің қажеті жоқ. Органдарға тексеріспен барудың да қажеті шамалы. Бас прокуратурада отырып, шалғайдағы Маңғыстау өңіріндегі бір ауданның өңдірісінде қанша, қандай істер өндірісте бар екенін, олардың сапасы, қалай тергеліп жатқаның бәрін біз зерделеп, бағасын бере аламыз.

Осыған орай, Мемлекет басшысының цифирландыру мәселесіне, қылмыстық процестің жаңа моделіне көшу жөніндегі тапсырмалары кезең-кезеңімен орындалуда деп толық айтуымызға болады.

 

Асхат ТӘЖЕНОВ,

Бас прокуратураның Қылмыстық қудалау қызметінің аға прокуроры