Коллаждарды жасаған Амангелді Қияс, «ЕQ»
2021 жылдың тамыз айынан бастап, екі елдің монетарлық саясатындағы түйісу нүктелері жиі байқала бастады. Бұл үдеріс бүгінге дейін жалғасып келеді. AERC Beta LLP бас директоры Ғалымжан Айтқазин теңгенің Ресей валютасына немесе паритетіне қатысты бағамының жай-күйі долларға қатысты айырбас бағамдарына тікелей байланысты екенін айтады. Сарапшы айтқандай, Ресейдегі капитал қозғалысына және импорттың құлдырауына қатаң бақылау енгізілгеннен кейін рубль бағамы тұрақталып, нығайды. Сонымен бір мезгілде теңге-рубль жұбы баяу болса да күш ала бастады. Соңғы онкүндікте теңгенің рубльге шаққандағы бағамы 6,8-6,9 белгісінде саудаланады. Бұл – 1998 жылдан бергі ең жоғары көрсеткіш.
Ғ.Айтқазиннің түсіндіруінше, қазақ валютасының рубльге деген тәуелділігіне салмақ беріп тұрған фактор – Ресей импорты. 2022 жылдың алғашқы тоқсанының көрсеткіші бойынша Ресей импортының үлесі 35-40 пайызға дейін жеткен.
Теңгенің қатты құнсыздануы немесе кенеттен күш алып кетуінің түбегейлі себебі жоқ деген пікірді экономист Жарас Ахметов те құптайды. Теңгенің құнсыздануын һәм күш алуын Украина мен Ресей арасындағы жағдаймен салыстырып қарау дұрыс емес. Себебі Ресей өз экономикасын тығырықтан алып шығу үшін бір шешімге келеді. Теңгеге әсер ететін факторлар сол кезде нақтыланады.
«Қазір Ресей рублі қаржы саясатындағы ойын ережесін өзгерте алмайды. Себебі Ресей импортының түбі қай елден шығып жатқаны күмәнді. Одан бөлек, шетел технологиясы Ресейден кетіп жатыр. Ішкі жағдайын реттеу үшін оларға кемі 2-3 жыл керек екені белгілі. Бұл бізге берілген мүмкіндік», дейді Ж.Ахметов.
Экономист 2014 жылы теңгенің ерекше күшейгенін, екі ел арасындағы көлеңкелі сауда бақылаудан шығып кеткенін еске түсірді. Нәтижесінде, импорт көбейіп, экономикаға кері әсер еткен. Бұл теңгенің рубльге тәуелділігін тіптен арттырып жіберді. Ж.Ахметовтің айтуынша, рубль теңгеге қатысты әлсіреген жағдайда Ресей экономикасы өзін қалай ұстайтынын болжау қиын. Көрші ел тарапынан қант, бидай экспорты шектелді. Ендігі бағыт қай жаққа қарай ойысатыны белгісіз. «Теңге бағасы құлдырағанымен қазір қалпына келді. Бұл жағдайға жауап ретінде ештеңе істеудің қажеті жоқ. Рубль мен мұнайға тәуелді болуымыз – өз мәселеміз. Интервенция арқылы теңгені күшейте алмаймыз. Валюта бағамының экономикаға әсері аз. Ұлттық банк инфляцияны бақылауға алуы керек. Теңгеге қысым болғанына бір жылдан асты. Санкциясыз да бағам долларға шаққанда 500 теңгеге жетеді деген болжам расталды. Теңгенің қазіргі бағамы – уақытша құбылыс. Ақша-несие саясатын түбегейлі өзгерту керек», дейді Ж.Ахметов.
Экономист айтып өткендей, біздің проблема ЕАЭО-ға байланып тұрған жоқ. Одақтан шықсақ та Ресей мен Қазақстан арасындағы сауда тоқтамайды. Бізге басқа шешім қабылдап, жағдайды терең талдау керек. «Қазір ЕАЭО арасында қандай валютамен сауда жасау керек деген мәселе шешілген жоқ. Сауда-саттық теңге-рубльмен жүрсе де Ресей ұтады. Себебі ЕАЭО экономикасының басым бөлігі, импорт – Ресейдің үлесінде. Санкция салдарынан Ресей импорты еселеп өсуі де мүмкін. Бізге экономиканы әртараптандырып, ЕАЭО-дағы үлесті арттырудан өзге жол жоқ», деп түйіндеді Ж.Ахметов.
Экономист Шыңғыс Ергөбектің пайымдауынша, монетарлық саясат – ақша құнының өзгеруіне ықпал ететін бірден-бір фактор. Қазір елімізге рубль-теңге номиналды айырбас бағамының макропараметрін айқындап алу маңызды. «Рубль тұзағы» деп атауға болатын жаңа шарттар мен шектеулер не себептен пайда болды, оның Қазақстандағы монетарлық саясатқа әсерін қалай төмендетуге болады?» деген мәселелер Үкіметтің қаржылық блогын да, Ұлттық банкті де толғандыруға тиіс. Бұл сауалдарға тиісті орындар бүгінге дейін толық жауап берген жоқ. Монетарлық саясаттың өзгеруі тауардың құндық құрылымына тікелей ықпал ететінін білу үшін сол саланың маманы болудың да қажеті жоқ», дейді сарапшы.
Оның айтуынша, Ресей өзінің саясатын валюталық таргеттеумен шектеуге тырысады. «Бірінші жағдайда, тұтыну мен инфляция өсетін болса, екінші жағдайда, инфляция денгейі төмендеп, тұтыну мөлшері азаяды. Нарық – өзін-өзі реттейтін құрылым. Бірақ Ресей, Қазақстан секілді мемлекеттердің жағдайында бұл қағида жұмыс істеуі бірқатар шарт пен саяси қажеттілікке байланысты реттеледі. Мемлекеттік бюджетті толықтыру қажеттілігі туындайтын болса, ұлттық валютаның арзандауына мүдделілік ұлғаяды. Онда бюджеттің жиналу деңгейі өте жоғары нәтижелермен аяқталады. Себебі бюджеттің кіріс бөлігінің біраз мөлшері экспорттаушыларға байланысты, демек шетел валютасында келеді. Ресей – Қазақстан экономикасындағы ең ірі инвесторлардың бірі. Сондықтан бұл мемлекеттің монетарлық саясаты инвестициялар көлеміне ықпал ететіні сөзсіз. Қарыз алу мүмкіндігінің жоғары болуы инвестициялардың көп болуына, ал төмен болуы керісінше әсер етеді. Бұл Қазақстанға қалай ықпал етеді, ол – бөлек мәселе. Бірақ кез келген экономикалық процестің екі ұшы болады. Монетарлық саясаттың қатаюы қаржылық нарықтағы тәртіпті нығайтып, субъектілердің есептілігіне оң ықпал етсе, либералды монетарлы саясат инфляция мен экономиканың өсуіне мүмкіндік береді. Мәселе – «алтын ортаны» дұрыс таба білу», дейді Ш.Ергөбек.
Тәуелсіз қаржы сарапшысы Андрей Чеботарев теңгенің нығаюына әсер етіп жатқан факторлар уақытша құбылыс екенін айтады. Мұны түпкілікті нығаю немесе ревальвация деп қабылдауға болмайды. Біз импорттың жартысын Ресейден аламыз. Яғни біздің сөрелердегі әрбір екінші шетелдік өнім – Ресейдікі. Бұл ретте бір экономикалық одақта болғандықтан, бұл тауарлардың басым көпшілігін рубльмен төлейміз. Басқаша айтқанда, рубль – ішкі нарықта бәсі басым валюта. Бірақ дәл қазір рубльден іргені аулақ салуға мүмкіндік беретін жағдай туып тұр. Астық пен қант импорты шектелді. Тіпті көрші елдің автокөлік импорттау мүмкіндігі де шектеліп тұр. Демек ЕАЭО шеңберіндегі импорт-экспорт үлесін қазақтың пайдасына шешетін сәт келді.
Қаржы сарапшысы рубль бағасы жасанды болып көрінетінін де айтып өтті. Ресейде импорт айтарлықтай қысқарғандықтан, оларды жұмсайтын орын жоқ. Нәтижесінде, долларға деген сұраныс төмен. «Қазір «долларға тәуелдіміз» деген мәселе тренд емес. Нарық құлдыраған кезде доллардың құны өседі. Тіпті ел ішінде наурыз айының басында долларды 520 теңгеден сатып алып, енді қашан өседі деп күтіп жүрген адамдар көп. Сарапшының айтуына қарағанда, бұл экономикалық емес, психологиялық тәуелділік. Бұл тәуелділікке қарапайым халық емес, ең алдымен, шикі мұнай экспортының артында тұрған мүдделі топ кінәлі.
«Теңге доллардың да, рубльдің де қысымында тұр. Доллар қысымы – сырттан, рубль қысымы – ЕАЭО шеңберінде. Үкіметтің ендігі шешімі экономиканы әртараптандыруға, импорттан арылуға бағытталуы керек», деді А.Чеботарев.
АЛМАТЫ