«Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» Қазақстан Республикасының Кодексіне (Салық кодексі) және «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» Қазақстан Республикасының Кодексін (Салық кодексі) қолданысқа енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы жөнінде Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров баяндама жасады.
Ведомство басшысының айтуынша, құжатты қабылдаудағы бірінші міндет – табиғи ресурстарды өндіруден түсетін кірісті күшейту. Осыған байланысты қатты пайдалы қазбалар бағасының динамикасы талданған. Мәселен, 2018-2022 жылдары биржалық металдар бағасы 40 пайызға өскен. Биржадан тыс пайдалы қазбалар (темір кені, хром кені, марганец және т.б.) орта есеппен 20 пайыздан 40 пайызға дейін өскен.
«Осыны ескере отырып, биржалық металдар бойынша пайдалы қазбаларды өндіру салығының мөлшерлемелерін 50 пайызға, ал қалған қатты пайдалы қазбалар бойынша 30 пайызға ұлғайту ұсынылады. Салық жүктемесін ұлғайтумен қатар, геологиялық барлауды және жаңа кен орындарын ашуды ынталандыру көзделеді.
Халықаралық тәжірибені ескере отырып, рентабельділік деңгейі 15 пайызға жеткенге дейін барлау және өндіру 2023 жылғы 1 қаңтардан кейін басталатын жаңа кен орындары бойынша пайдалы қазбаларды өндіру салығынан босату ұсынылады.
Келесі міндет – капиталды елден шығармауды ынталандыру. Қазіргі уақытта белгілі бір шарттарды сақтаған кезде дивидендтерді салық салудан босату көзделген. 10 пайыз мөлшерлемесін белгілей отырып, дивидендтерді салық салудан босату бойынша жеңілдіктерді алып тасталмақ. Сонымен қатар салық практикасы өзара байланысты тұлғаларға материалдық емес қызметтер үшін төлем түрінде ақшаны шетелге шығару жағдайлары бар екенін көрсетіп отыр», деді Ә.Қуантыров.
Министрдің сөзіне сүйенсек, осыған байланысты бейрезидент-үлескер тұлғалар көрсеткен материалдық емес қызметтер бойынша шегерімдерді қолдануды салық салынатын кірістің 3 пайызынан аспайтын мөлшерде шектеу ұсынылады.
«Келесі ұсынылып отырған өзгеріс – цифрлық майнингке салық салуды күшейту. Жыл басынан бері тұтынылған электр энергиясының 1 кВт-сағатына 1 теңге мөлшерінде цифрлық майнинг үшін төлем енгізілді. Электр энергиясының құны бойынша жүктемені теңестіру, сондай-ақ отандық электр энергиясын пайдаланбауды ынталандыру үшін сараланған мөлшерлемелер ұсынылады. Электр энергиясының құны неғұрлым төмен болса, төлем мөлшерлемесі соғұрлым жоғары болады. Бұл ретте, қайта қалпына келетін көздерден өзі өндірген электр энергиясы үшін қолданыстағы деңгейде төмендетілген мөлшерлемелер көзделген», деді Ә.Қуантыров.
Төртінші өзгеріс темекі өнімдеріне салық салуды қамтиды. Айта кетерлігі, Еуразиялық экономикалық одақ шеңберінде темекі өнімдеріне арналған акциздердің мөлшерлемелері үйлестірілуі тиіс. 2024 жылы темекіге акциз кемінде 28 еуро деңгейінде белгіленуі тиіс.
«Міндеттемелерді орындау үшін темекіге акциздер кезең-кезеңімен арттыру ұсынылады. Сонымен қатар темекі өнімдерінің басқа түрлері бойынша, оның ішінде қыздырылатын темекісі бар өнімдерге акциздерді кезең-кезеңімен ұлғайту ұсынылады.
Өздеріңізге белгілі, Мемлекет басшысы қаңтар оқиғасы кезінде келтірілген залалды өтеу туралы тапсырма берді. Аталған жұмыс барысында салық салу мәселелері туындайды. Сондықтан алынған өтеу сомасы бойынша кәсіпкерлерде салық міндеттемесі туындауын болдырмау мақсатында осы мәселені реттеу бойынша нормалар ұсынылады.
Интернетке қолжетімділікті кеңейту үшін жаңа технологиялар көбірек қолданылуда. Соның бірі – геостационарлық емес спутниктік байланыс жүйелері. Салық кодексінде осындай байланыс түрі үшін 1 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде төлем белгілеу ұсынылады.
Еуразиялық экономикалық одақ аумағынан жекелеген тауарларды импорттау кезінде бағаның ең төменгі деңгейі қолданылады. Норма әкелінетін тауарлардың құнын төмендету фактілерінің алдын алу үшін қабылданды. Үшінші елдерден импортталатын тауарларға да аталған құралды қолдану ұсынылады», деді министр.
Бұдан бөлек, салықты әкімшілендіру шеңберінде қосылған құн салығы бойынша, мүліктік табыс бойынша декларацияларды тапсыру бөлігінде нақтылаушы нормалар қарастырылған.
Жалпы отырыста «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне көлік мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы да қаралды. Құжат жөнінде Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев баяндама жасады.
Ведомство басшысының айтуынша, заң жобасын қабылдау арқылы бірқатар мәселе орындалмақ. Жолдарда көліктік бақылау автоматтандырылады. Теңіз көлігі саласындағы халықаралық шарттардың нормалары имплементацияланады. Сонда-ақ, теміржол көлігіндегі оқиғаларды және кемелермен болған апаттарды тергеу тәртібі жетілдірілмек. Қазақстан Республикасы заңнамасын Халықаралық Азаматтық авиация ұйымы стандарттарының талаптарына және Еуропалық одақтың авиациялық талаптарына сәйкестендіріледі. Әуежай маңындағы аумақта қызметті жүзеге асыруға рұқсат алу тетігі реттеледі.
«Жүкті автокөлікпен тасымалдаудың жоғары қарқыны, жол төсемінің мерзімінен бұрын бұзылу мәселесі түбегейлі шара қабылдауды талап етеді. Осы мақсатта 2020-2025 жылдарға арналған «Нұрлы жол» бағдарламасы бойынша жолда көлік құралдарының салмақтық және габариттік параметрлерін өлшейтін автоматтандырылған стансаларды орнату жоспарланған.
Заң жобасында автоматтандырылған өлшеу стансаларын орнату және олардың жұмыс тәртібін айқындайтын нормалар көзделген. Атап айтқанда, ұсынылып отырған нормаларда автомобиль жолдарын басқару жөніндегі ұлттық оператор және жергілікті атқарушы органдарға республикалық және жергілікті маңызы бар жолдарға автоматтандырылған өлшеу стансаларын орнату және олардың жұмыс істеуін қамтамасыз ету міндеті көзделген. Автобомиль көлігі саласынадғы уәкілетті органға автоматтандырылған өлшеу стансаларының жұмысын ұйымдастыру қағидатын беру өкілеттігі енгізіледі. Техникалық рұқсат етілген ең жоғары массасы 12 тоннадан асатын автокөлік құралдары иелері автоматтандырылған өлшеу стансалары қолданылатын аймақтан өткенде салмақтық және габариттік параметрлерін өлшеуі қамтамасыз етіледі. Бұл ретте стансалар адамның қатысуынсыз «Сергек» жүйесі бойынша жұмыс істейтінін атап өткім келеді. Ұсынылып отырған шаралар автожолдардың сақталуын қамтамасыз етуге және көліктік бақылау жүргізу кезінде адами факторды болдырмауға мүмкіндік береді», деді Қ.Өскенбаев.
Министрдің сөзіне сүйенсек, заң жобасы арқылы халықтың әлеуметтік осал топтарына қоғамдық көлікте жүруге жеңілдік беретін нормалар енгізіледі. Әлеуметтік маңызы бар, сондай-ақ қалалық (ауылдық), қала маңындағы қатынаста автомобильмен тұрақты тасымалдауда «Алтын алқа», «Күміс алқамен» наградталған немесе бұрын «Батыр ана» атағын алған, І және ІІ дәрежелі «Ана даңқы» орденімен наградталған көпбалалы аналар, бірінші топтағы мүгедектер тегін жол жүреді. 15 жастан 18 жасқа дейінгі жастар билет құнының 50 пайызын төлейді.
«2021 жылдың 31 наурызында Қазақстан Республикасы батып кеткен кемелерді шығару туралы 2007 жылғы Найроби халықаралық конвенциясын ратификациялады. Осыған байланысты, заң жобасында кеме иесінің суға батқан мүлікті көтеру жөніндегі өзінің азаматтық-құқықтық жауапкершілігін сақтандыру жөніндегі міндетін белгілейтін Конвенция талаптарын имплементациялау жөніндегі нормалар көзделген. Ұсынылып отырған нормалар Қазақстанға суға батқан кемені көтеру бойынша шығындарды өтеу туралы талаптарды тікелей сақтандыру компаниясына ұсынуға мүмкіндік береді.
Бірқатар түзету теміржол және су көлігіндегі қозғалыс қауіпсіздігін арттыруға бағытталған. Қазіргі уақытта теміржол көлігіндегі апаттар мен аварияларды тергеуді көлік саласындағы уәкілетті орган, ал оқиғалар мен инциденттерді тасымалдау процесіне қатысушылардың өздері жүргізеді.
Адамдардың өмірі мен денсаулығының құндылығын ескере отырып, заң жобасы шеңберінде жолаушылар пойыздарының жолдан шығуы немесе соқтығысуын тудырған оқиғаларды тексеруді уәкілетті органның құзыретіне беру ұсынылады. Сондай-ақ уәкілетті органның құзыретіне Каспий теңізінің аумақтық суларында Қазақстан Республикасы Мемлекеттік туы астында жүзетін кемелермен болған апаттық жағдайларды тергеуді қосу қарастырылған», деді Қ.Өскенбаев.
Азаматтық авиация саласында заңнамаға мынандай өзгерістер енгізілмек. Дрондарды пайдалану процесі реттеледі. Атап айтқанда сертификаттау рәсімі енгізіледі, қашықтан сәйкестендіруге қойылатын талаптар белгіленеді, оларды пайдалану аймақтарын айқындалады. Сондай-ақ «ұшқышсыз авиациялық жүйе» және «ұшқышсыз әуе кемесі» ұғымдары енгізіледі.
«Каспий теңізінің мәртебесін құқықтық реттеуге байланысты заң жобасына қазақстандық органдардың Каспий теңізі үстіндегі жауапкершілік аймағында ұшуды құқықтық реттеуге қатысты нормалар енгізілді.
Заң жобасында бірінші басшының азаматтық авиация саласындағы уәкілетті ұйымға жүктелген міндеттерді орындағаны үшін дербес жауапкершілігі және авиация инспекторларының өздерінің қызметтік міндеттерін орындамағаны немесе тиесілі орындамағаны үшін жауапкершілігі көзделеді.
Әуекомпанияларға әуе тасымалы шектелген адамдардың жеке тізілімін жүргізуге мүмкіндік беретін норма енгізіледі. Алайда азаматтар мұндай тізімге тек ұшақ бортындағы құқық бұзушылықтар үшін және оларды қылмыстық немесе әкімшілік жауапкершілікке тарту кінәсі дәлелденген жағдайда ғана енгізіледі», деді Қ.Өскенбаев.
Бұдан басқа, заң жобасында халықаралық стандарттарға сәйкес Халықаралық авиация ұжымының кезекті аудитінен өтуге дайындалуға бағытталған сала үшін маңызды және өзекті түзетулер бар.
Жалпы отырыста депутаттар «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын екінші оқылымда мақұлдады.
Бұдан бөлек, Мәжіліс бірнеше заң жобасын жұмысқа алды. Сондай-ақ бірқатар депутат тиісті мемлекеттік мекеме басшыларына депутаттық сауал жолдады.