Спорт • 26 Мамыр, 2022

Суперфиналда 5 медаль жеңіп алды

171 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Грекия астанасы – Афинада әртістік жүзуден Әлем кубогының суперфиналы аяқталды. Жергілікті «Спирос Луис» су спорты орталығында өткен дүбірлі додада әлемнің 23 елінен келген ең мықты деген 137 спортшы шеберлік байқасты.

Суперфиналда 5 медаль жеңіп алды

Мәдениет және спорт министр­лігіне қарасты Спортты дамыту ди­рек­циясының мәліметі бойын­ша, жа­рыстың алғашқы күні тех­никалық бағ­дарламада өнер көрсеткен қазақ­стандық спортшылар 2 жүлдеге қол жеткізсе, келесі күнгі жарыста осы игі дәстүрді лайықты жал­ғас­тырып, тағы 3 рет тұ­ғыр биі­гіне көтерілді.

Байрақты бәсекенің бірінші жарыс күнінде техникалық бағ­дарламада үздік үштіктің қатарынан көрінген Қа­зақстанның қыздар командасы (8 спортшы) еркін жат­тығуда нәтижесін жақ­сарта түсті. Бұл жолы «Моана» анима­ция­лық фильміндегі Vaiana әніне өнер көрсетіп, күміс жүлдегер атан­ды (81,5333 балл). Израиль құра­масы 1-ші, Словакия 3-орынға жай­ғасты. Осы­дан біраз күн бұрын Аустралияда виртуалды форматта өткен жарыста төрешілер біздің спорт­шыларға дәл осы бағдарлама (ол кезде де жерлестеріміз Vaiana әніне билеген еді) үшін 79,6000 ұпай берген болатын.

Эдуард Ким мен Жаклин Якимова жұбы техникалық жаттығуына Chicago фильміндегі All that Jazz әнін таңдап, шеберліктерін паш етті. Нәтижесінде, төрешілерден 78,2740 ұпай алып, қола жүлдеге ие болды. Бұл сында испа­ниялық Эмма Гарсия мен Пау Рибес топ жарса (83,3138 балл), күміс жүлдеге америкалық Клаудия Колетти мен Кеннет Годе иелік етті.

Сонымен қатар ерлер арасындағы жекелей сында Эдуард Ким 2019 жылғы «Евровидения» жеңімпазы Дункан Лоуренстің Arcade әніне өнер көрсетіп, қола жүлдеге ие болды. Биыл алғаш рет ел намысын осындай үлкен жарыста қорғаған Эдуардтың «Махаббат тарихы» деп аталатын бағдарламасына төрешілер 74,8478 балл берді. Ал командалық сында Қазақстан құрамасы Олена Уутайдың «Табиғат үні» музыкасын таңдап, бар шеберлігін көрсете алды. Нәтижесінде, АҚШ пен Израильден кейінгі 3-орынға тұрақтады.

Финалдың соңғы күні аралас ко­мандалардың еркін комбинация сайы­сында Қазақстан (10 спортшы) «Испан биі» нөмерімен қола медаль­ға қол жеткізді (80,8000). Жарыс қо­жайыны Грекия құрамасы алтын, Израиль күміс медаль жеңіп алды.

Бұл суперфиналда 4 алтын, 1 күміс жүлдесі бар Испания спортшылары жеңіске жетсе, Аустрия құрамасы – екінші (4 алтын), АҚШ – үшінші (2 алтын, 3 күміс, 4 қола) саты­дан көрінді. Қазақстан құра­масы 1 күміс, 4 қола жүлдемен 8-орынға табан тіреді.