18 Сәуір, 2014

Бизнесті қолдауға арналған миллиардтар

320 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
«Бәйтерек» Ұлттық басқарушы холдингі мен 13 отандық банк арасында келісімге қол қойылды, оған сәйкес Ұлттық қордан бөлінген триллион теңгенің 100 миллиарды шағын және орта бизнесті қолдауға жұмсалады. Екінші деңгейлі банктер ақшалай траншты 6 айда игеріп болуы тиіс. Бұл орайда әңгіме жаңа жобаларды ғана емес, сонымен бірге, ескілерді сауықтыру жөнінде де болып отыр. Жобаларды таңдауда тамақ өнеркәсібі кәсіпорындарына негізгі басымдық берілуі тиіс. Банктер ақшалай қаржыны «Бәйтерек» Ұлттық басқарушы холдингі мен «Даму» қорынан 20 жыл мерзімге алады. Банктер болса, осы ақшалай қаржыны алған соң жылдық 6 пайызбен 10 жыл мерзімге несиелер береді. Мәселені оған қатысушылар былайша түсіндіреді: Қуандық Бишимбаев, «Бәй­­терек» Ұлттық басқарушы хол­дин­­гі» АҚ-тың басқарма төрағасы: – Мемлекет басшысы Нұр­сұлтан Назарбаевтың көреген сая­сатының арқасында Қазақстанның Ұлттық қорының ресурстары отан­дық өнеркәсіпті, әсіресе, тамақ және сусындар өндірісіне, сондай-ақ тігін, металлургия саласы фармацевтика және басқаларды қолдауға бағытталады. Президент Ұлттық қор қаржылары ұзақ және жеткілікті дәрежеде арзан болуы тиіс деген міндет қойды. «Бәйтерек» холдингі мен оның еншілес құрылымы «Даму» қорына өңдеу өнеркәсібіндегі жобаларды жүзеге асырып жатқан шағын және орта бизнесті дамытуға бөлінген 100 миллиард теңгенің 50 миллиард теңгесі жаңа жобаларға, оның ішінде 25 миллиарды тамақ өнімдерін өндіруге бағытталады. Қалған бөлігі, яғни 50 миллиард теңге олардың одан әрі табысты өндірістік қызметпен айналысуы үшін қазіргі заемшыларды қайта қаржыландыруға жұмсалмақ. Кәсіпкерлер бұл қаржыны қазірдің өзінде екінші деңгейлі банктерден жылдық 6 пайызбен 10 жыл мер­зімге ала алады. Бұл біздің елімізде де, ТМД елдерінде де болып көр­меген өте тиімді жағдайлар. Отандық 13 банкпен келісімге қол қою – бұл Мемлекет басшы­сының экономикаға шұғыл кө­мек көрсету және оның 6-7 пайыз дең­­гейіндегі жылдық өсімін қамта­­масыз ету жөніндегі тап­сырмасын жүзеге асырудағы алғашқы қадам. Бұл бүтіндей алғанда, инвестициялық қызметті ынта­лан­дырып, түпкі нәтижеде Қазақ­станның әлемнің дамыған 30 елінің қатарына енуі үшін маңызды қадам болып табылады. Ләззат Ибрагимова, «Да­му» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ-тың басқарма төрайымы: – Банктерге осы бағдарлама шеңберінде қандай да бір комиссиялар, айыппұлдар, өсімпұлдар алуға тыйым салынады және бұлар Ұлттық қор ресурсы болғандықтан олар отандық өнеркәсіпті – тамақ, тігін, металлургия, машина жасау салаларына қолдау көрсетуге бағытталады. «Даму» шағын және орта бизнес өкілдері несиені қарастыру барысында артық комиссия тө­лемеуі үшін барлық процедура­ларды егжей-тегжейлі қадағалайтын болады. Сондай-ақ, біз банктерді ын­таландырып, оларды қоса қаржы­ландырамыз және жобаларға өзге де қосымша ресурстар тартатын боламыз. Мұрат Нұрғазин, «Цес­на­банк» АҚ басқарма төрағасының орынбасары: – Бұл бағдарлама бүгінгі күні ШОБ кәсіпорындары үшін уақ­тылы және пайдалы болып отыр, ол қазіргі жағдайда кәсіпорындардың бәсекеге қабілеттілігін арттыруға, тауар санын көбейтуге жағдай жасайды. Осындай қолдауы үшін Мемлекет басшысына рахмет. Шухрат Садыров, «Сбер­банк» АҚ басқарма төрағасы­ның орынбасары: – Сбербанк пен «Даму» кәсіп­кер­лікті дамыту қоры шағын және орта бизнес субъектілерін қаржы­ландыру үшін 6 млрд. теңгеге кредиттік келісімге қол қойды. Несиелеу шарттарына сәйкес, банк 6 ай ішінде бөлінген қаржыны өңдеу саласы кәсіпкерлерінің жо­баларын қаржыландыруға бағыт­тайды. Олардың бір бөлігі қазіргі бар заемдарды қайта қаржы­ландыруға жұмсалмақ. Сбербанк тамақ өнеркәсібін несиелеуге басымдық беруді жоспарлап отыр. Біздің клиенттік базамыз бен ағымдағы қоржынымыз бұл транш­ты айтарлықтай шапшаң игеруге мүмкіндік береді. Кәсіпкерлер мемлекет қолдауының тиімділігін мүмкіндігінше тезірек сезінуі тиіс. Өз тарапымыздан біз бизнес­мендерді өз өтініштерін белсен­дірек беруге шақырамыз. Біз бұл бағдарламаның ШОБ-тың дамуы­на жаңа серпін беретініне және елдегі кәсіпкерліктің жаңа сапалы деңгейге шығуына жағдай туғызатынына сенімдіміз. Қанат ЕСКЕНДІР, «Егемен Қазақстан».
Соңғы жаңалықтар