18 Сәуір, 2014

Қауіпсіздік Кеңесі хатшыларының кездесуі

294 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін
Кеше Президенттің көмекшісі – Қауіпсіздік Кеңесінің Хатшысы Қайрат Қожамжаров Душанбеде болған Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше елдер Қауіпсіздік кеңестері хатшыларының тоғызыншы кездесуіне қатысты, деп хабарлады Қазақстан Республикасы Президентінің баспасөз қызметі. Күн тәртібіне сәйкес, кездесуде ШЫҰ кеңістігіндегі қауіпсіздік саласындағы ахуал, терроризммен, сепаратизммен және экстремизммен, есірткінің заңсыз айналымымен, трансшекаралық ұйымдасқан қылмыспен күресте өзара іс-қимылды тереңдету туралы пікір алмасулар өтті. Қазақстан делегациясының бас­шысы Қ.Қожамжаров кезде­су­ге қатысушыларды біздің мемле­кетіміздің ШЫҰ желісі бойынша аталған бағыттарда қабылдап жат­қан шаралары туралы хабардар етті. Делегациялар басшыларын Тәжікстан Республикасының Президенті Э.Рахмон қабылдады. Душанбеде, сондай-ақ, Қ.Қо­жамжаровтың ҚХР Мем­ле­кет­тік кеңесінің мүшесі – Қы­тай­дың Қо­ғамдық қауіпсіздік ми­нис­трі Го Шэн­кунмен келіссөзі өтті. Келіссөздер барысында қауіп­сіздікті қамтамасыз ету сала­сындағы екіжақты ынтымақ­тас­тықты дамыту бағыты атап көрсе­тіліп, тиісті мемлекеттік органдар желісі бойынша өзара іс-қимылды дамыту жайы қуатталды.