Сенат Төрағасының орынбасары Асқар Бейсенбаевтың жетекшілігімен кеше Парламент Сенатында бюджет саясатының нәтижелерге бағдарланған мемлекеттік жоспарлау жүйесін жетілдіру мәселелері бойынша үкімет сағаты болып өтті.
Елбасының «Қазақстан-2050 Стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауындағы макроэкономикалық саясатты жетілдірудегі бірқатар міндеттерді нақтылау барысында бірнеше бағыттың айқындалғанын палата Төрағасының орынбасары ерекше атап кетті. Сол бағыттардың бірі – бюджет саясаты. Бюджет ресурстарын мүмкіндіктер шегінде пайдалану және оның тапшылығын қысқарту жан-жақты ойластырылған және үнемді бюджеттік қаржылық үдерісті қамтамасыз ету болып табылады. Сондай-ақ, мемлекеттік жоспарлау жүйесін дамыту бойынша алға қойылған міндеттерді іске асыру мақсатында жаңа бюджет саясаты және нәтижелерге бағдарланған мемлекеттік жоспарлау жүйесін жетілдіру тұжырымдамалары әзірленіп, бекітілген-ді. Осы тұжырымдамаларды жүзеге асыру екі кезеңге жоспарланып отыр. «Бірінші кезеңде қажетті нормативтік-құқықтық актілер базасын қалыптастыру керек. Осыған байланысты өткен жылдың соңында Бюджет және Салық кодекстеріне заңнамалық өзгерістер енгізілді. Үкімет тарапынан қазіргі уақытта бюджет саласын жетілдіруге байланысты заңнамалық өзгерістердің қосымша топтамасы дайындалып, өткен аптада Парламентке жұмысқа алынды», деді Асқар Асанұлы.
Бұдан кейін Экономика және бюджеттік жоспарлау министрі Ерболат Досаев баяндама жасады. Министрдің сөзінен мәлім болғандай, мемлекеттік бюджет тапшылығын 2020 жылға қарай ішкі жалпы өнімге қатысты 1,4 пайызға төмендету жоспарланып отыр екен. Оның пікірінше, бұл мемлекеттік борышты 2020 жылға қарай ішкі жалпы өнімге қатысты 13,9 пайыздан аспайтын деңгейде ұстауға мүмкіндік беретін көрінеді. Тапшылықты азайту, мұнай емес сектордан түсетін кірістердің өсуі және Ұлттық қорды шектеулі түрде пайдалану мұнай емес тапшылықты 2020 жылға қарай ішкі жалпы өнімге қатысты 2,8 пайызға азайтуға мүмкіндік береді екен. Сонымен бірге, мемлекеттік борыш пен квазимемлекеттік сектор борышының деңгейі 2020 жылға қарай ішкі жалпы өнімге қатысты 22 пайыздан аспайтын болуы тиіс көрінеді. Бұл мемлекеттік сектордың борышын жинақтаумен салыстырғанда, ұлттық қорда қаражаттың бұрын жинақталуын қамтамасыз етеді. Ол сондай-ақ, бюджет қаражатын пайдаланудың тиімділігін арттыруға қатысты да пайымымен бөлісті. Бағдарламалар әкімшілерінің лимиттерін енгізу олардың қаржылық тәртіптілігін арттырып, мемлекеттік органдардың өз қызметін барынша тиімді ұйымдастыруын ынталандыратын болады. Жергілікті органдардың қаржылық дербестігі мен жауапкершілігін арттыру да назардан тыс қалмаған.
Қаржылық дербестікті кеңейту мақсатында 2014-2016 жылдарға арналған бюджеттік субвенциялар мен алып қоюлардың көлемін айқындау кезінде жергілікті бюджет шығыстарының базасына бұған дейін республикалық бюджеттен 40 нысаналы ағымдағы трансферт есебінен қаржыландырылған тұрақты сипаттағы шығындар берілген (жыл сайын 200 миллиард теңге). Нәтижесінде жергілікті бюджеттің шығыстары 2013 жылы (нысаналы трансферттерді есептемегенде) 1,9 триллион теңгеден 2014 жылы 2,2 триллион теңгеге дейін өскен. Елбасы тапсырмасына орай жергілікті өзін-өзі басқаруға шағын бизнес субъектілерінен, жеке тұлғалардың мүлкі мен көлігіне және жеріне салынатын салықтарды беру бойынша ұсыныстар дайындалған. Республикалық бюджет комиссиясында қараусыз 5 пайыздан аспайтын, ал 5-тен 10 пайызға дейінгі көлемдегі түзету арқылы бір мемлекеттік органның бюджеттік даму бағдарламалары арасында қаражатты қайта бөлу мүмкіндігі көзделген. Нысаналы даму трансферттері бойынша бір жергілікті бюджеттік бағдарлама ішінде 10 пайыздан аспайтын көлемде жергілікті бюджеттік инвестициялық жобалар арасындағы қаражатты әкімдердің өз бетінше қайта бөлуіне мүмкіндік беру ұсынылады. Министрлік мемлекеттік және салалық бағдарламаларға тексеріс жүргізгендігі белгілі болды. Қолданыстағы 5 бағдарлама (Өңірлерді дамыту бағдарламасы, Моноқалаларды дамыту бағдарламасы, Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты жаңғырту бағдарламасы, «Қолжетімді баспана-2020» бағдарламасы және «Ақ бұлақ» бағдарламасы) Өңірлерді дамытудың бірыңғай бағдарламасына интеграцияланады. Индустриялық-инновациялық саясаттың тиімділігін арттыру мақсатында 14 салалық бағдарлама жекелеген бағыттар ретінде ҮИИДМБ-ге интеграцияланыпты.
Е.Досаевтың айтуынша, нәтижесінде 2014 жылы салалық бағдарламалар саны 44-тен 14-ке дейін қысқарған. Бұдан бөлек, өткен жылы Бюджет кодексіне өзгерістер енгізу шеңберінде жергілікті деңгейде стратегиялық жоспарлау әзірлеу алып тасталып, бұл қосымша 366 құжатты қысқартуға мүмкіндік берген. Құжаттарды тексеру және оңтайландыру нәтижесінде Мемлекеттік жоспарлау жүйесі құжаттарының жалпы саны 954-тен 324-ке дейін 3 есе қысқарып отыр.
Артынан палатаның Қаржы және бюджет комитетінің төрағасы Рашит Ахметов өз ойын ортаға салды. «Стратегиялық жоспарлауды жетілдіру, бюджет жүйесіндегі сәйкессіздік, жергілікті жерлерде қаржыны игеру және басқа мәселелерде әкімшілерге мониторинг жүргізілмейтіні туралы сөз болды. Осы мәселелердің бәрі аталған тұжырымдамаларда көрініс тапты», деді комитет төрағасы. Сондай-ақ, сенатор жаңа бюджет саясатына және нәтижелерге бағдарланған мемлекеттік жоспарлау жүйесін жетілдіру тұжырымдамасын іске асыру бюджет қаржысын басқарудың тиімділігін арттыратыны туралы айта келіп, ең соңында, еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуында алға қойылған міндеттерді шешуге мүмкіндік беретінін жеткізді.
Бұдан кейін министр депутаттардың көптеген сұрақтарына жауап берді.
Отырысты қорытындылаған Сенат Төрағасының орынбасары А.Бейсенбаев бюджетаралық қатынастарға, бюджеттік несиелеу рәсімдерін жетілдіру жайына және басқа да мәселелерге қатысты талқылау жан-жақты болғандығын айта келіп, енді олардың Үкімет жұмысында ескерілетініне сенім білдірді.
Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан».