18 Сәуір, 2014

Тұңғыш Достық үйі

1543 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін
Төле би бабамыз «Төбедегі кісі төрт жағын, етектегі кісі екі жағын, жердегі кісі алдын көреді», деген екен. Ден қойсаңыз, Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың ұлтаралық келісім моделі төрт тараптың тілін тапқан білгір бастама болғанын бағамдайсыз. DSC_2589 Теперіш көрсе де тарих тезінен, уақыт уысынан есен шыққан Қазақ елі аз жылда жаңа тұрпатты мемлекет құрды. Бейбітшілік пен келісімнің тұрақты мекеніне айналды. Бір шаңырақ астында тату-тәтті тұрудың жаһандық үлгісін қалыптастырды. Шығыстан бас­тау алған достық бағдарламасы алауыздыққа толы ғаламда өзінің өміршең әрі қажет идея екенін дәлелдеді. Әсілі, шығыстан бастау алған деуіміз бекер емес. Елбасының енді қаз тұрған Қазақстанның ұлттық құрамын ескере келіп, елді бірлікке жетелеген берік саяса­тының алғашқы нақты қадамдары шығыс өңірінен өркен жайды. Айта­лық, еліміздегі тұңғыш Достық үйі Өскеменде ашылды. Бей­біт­шіл де берекешіл идеяны бесігіне бөлеген Достық үйлері бүгінде барлық өңірлерде құрылған. Шығыс өңірінің өзінде тоғыз Достық үйі жұмыс істейді. Жуырда Өскемендегі этноауылда түрлі этнос өкілдерімен өткен басқосуда өңір басшысы Бердібек Сапарбаев жыл соңына дейін аймақта тағы он Достық үйі ашылатынын жеткізді. Яғни облыстың барлық қалалары мен аудандарында Достық үйі жұмыс істейтін болады. Әрине, бүгіннің биігінен көз салғанда, бәрі оңай болған секілді көрінетіні бар. Алайда, кешегі «арық атқа қамшы, жыртық үйге тамшы ауыр» өтпелі кезеңде бұл істің де қатпары қырық қабат еді. Қалтарыста қалмасын деп жадымыздың талшықтарына жан бітіріп алғанды жөн санап отырмыз. Біреуді найқалтып, біреуді шайқалтып жіберген нарықтық қоғамға бет бұрған жылдар еді ғой. Ең басты құндылық – тәуелсіздікке қол жеткен, көңіл тоқ болғанымен, қарын тоқ емес. Әлеуметтік мәселе, ұлтаралық қатынастар – оттың қозында. Алайда отты үрлемей, шоқтың өзіне таба нан пісіріп алған жөн. Өзге ұлыс өкілдері молынан шоғырланған, кеңестік «ұлттар лабороториясының» мұрагері болып қалған жас мемлекетте Достық үйлерін құру идея­сы осыған саятын. Әрине, ағаштың тамырында көктем бар. Үздіксіз бүрлеген бірлік-берекенің нәтижесі – тұ­рақтылық. Қиын жылдары қа­был­данған шешімнің дұрыс болғанына қазіргі таңда төрт тараптың да, төрткүл дүниенің де көзі жетіп отыр. Қазақстан халқы Ассам­блея­сының мүшесі, өңірдің белсенді ардагерлерінің бірі Лео Шикпен әңгімелескенімізде, қария өткенге көз жіберіп, облыстық Достық үйінің құрылу тарихындағы орны бар адамдарды ерекше ілти­патпен атады. Олардың қата­рында Мұхамет және Бағдат Шаяхметовтер, Төлеухан Қоға­баев, Орал Малдыбаев және басқа да белгілі тұлғалар бар. Бұл азаматтар – еліміздегі ең алғашқы Достық үйінің құрылуына жан дүниесімен беріле атсалысқан, әлем картасында пайда болған тәуелсіз Қазақ елінде бірлік пен тұрақтылықтың салтанат құруына, мемлекеттің өсіп-өркендеуіне өзіндік үлес қосуға ықыласты болған бірегей қайраткерлер. Лео Богдановичтің айтуынша, Достық үйі алғаш рет қаладағы киноландыру басқармасының бейнеқор ғимаратында қалып­тасты. 1992 жылдың күзі бола­тын. Елдегі экономикалық ауырт­палықтарға қарамастан, адам­дардың ұлттық сана-сезімі оянып, этномәдени бірлестіктер құрыла бастады. Достық үйі қанатының астына алғашқылардың бірі болып «Видергебурт» неміс мәдени орталығы, Шығыс Қазақстан корейлер ассоциациясы, «Вайнах» чешен мәдени орталығы, славян мәдени қоғамы, «Қазақ тілі» облыстық және қалалық қоға­мы, қытай және ұйғыр мәдени орта­лықтары енді. Кейінірек армян, орыс, татар, украин, белорус, әзербайжан, поляк, еврей этно­мәдени бірлестіктері  ашылды. 1995 жылы наурыз айында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен Қазақстан халқы Ассамблеясы құрылғаны белгілі. Ұлтаралық келісімнің жаңа институты қалыптаса бастаған кезеңде Достық үйі ғимаратының этномәдени бірлестіктердің жан-жақты дамуына толық мүмкіндігі жетпейтіні байқалды. Жаңа ғимарат іздеп, оның материалдық-техникалық базасын нығайту қажет еді. Оның үстіне екінші мәсе­ле бой көтерді. Облыста да, жалпы ел аумағында да демокра­тияның дүмпуімен қатар діни бір­лестіктердің де күрт көбейгені белгілі болды. – Міне, нағыз парадокс! Тәуел­сіздік жылдарына дейін Өскемен шаһарында бірде-бір мешіт болмапты, – деді Лео Богданович. – Ақсақалдар кеңесінің төрағасы Төлеухан Қоғабаев көптеген емен есіктерді қағып, мешіт құ­рылысын жүргізу ұсынысымен табан тоздырды. Алайда Төлеухан Құсайынұлының әрекеті нәтижесіз болды. Ақсақалдар кеңесі жә­не этномәдени бірлестіктер жетек­шілерінің ұсынысымен осы мәселе бойынша сол кездегі облыс басшысы Қажымұрат Нағымановтың қабыл­дауына сұрандым. Жағдай­ды түсіндіре келе, сол кезде Дос­тық үйінің қарауында болған, Ушанов көшесіндегі №63 екі қа­батты ғимаратты мешіт ретінде пайдалануға беруді сұрадым. Алайда біз сұраған Достық үйіне ауқымды күрделі жөндеу жүргі­зу керек екен. Әңгіме соңын­да Қ.Нағыманов күтпеген жерден: «Жақсы, бірақ жөндеу жұмыс­тарының қаржысын елу де елу қылып бөлейік», деді. Яғни күрделі жөндеуге кететін жарты қаржыны біз демеушілерден жинауымыз керек. Экономиканың шайқалып, еңбекақы мен зейнетақының айлап төленбей жатқан кезінде бұл мүмкін емес еді. – Алаң болма, Бағдат кө­мек­­теседі, – деді Төлеухан Құ­сайын­­ұлы. Содан соң Төлеухан Қо­ға­­баев, Орал Малдыбаев, Арсен Гевор­кян бар, бәріміз Титан-магний ком­бинатына қарай бет ал­дық. Кәсіп­орынның басшысы Бағ­дат Мұха­метұлы күтіп алды. Бағдат Шаях­метов бізді мұқият тыңда­ған­нан кейін Достық үйін кеңей­ту идеясына қолдау білдіріп, кө­мектесуге уәде берді. – «Бағдат көмектеседі» деп айт­тым емес пе – деп Төкең де риза болды. Осылайша, сең қозғалды. Бағ­дат­тан кейін көмек қолын созушы­лар табыла бастады. Кәсіп­кер Шорманов, Өскемен жиһаз мекемесінің директоры Вознюк және басқалар қосылды. Облысқа келген әкім В.Метте жөндеу жұ­мыстары шығынын көтеріп алды. Иә, Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың қаты­суымен ашылған, достық пен бір­ліктің, тұрақтылықтың тұтқасына айналған алғашқы Достық үйінің іргетасы осылай қаланған еді. Оған өткен жылы өмірден озған Бағдат Шаяхметовтің қосқан үлесі айрықша екенін айтқым келеді. Облысымызда республикалық І Достық үйлері конгресі өткен кезде де Бағдат Мұхаметұлына жүгіндік. Соңғы рет ол Достық үйінің ашылғанына 20 жыл тол­ғанда жарты миллион теңге қара­жат бөлді. Достық үйінде өткен іс-шараларға, конференция, баспа өнімдерін шығаруға көмектесті. Бұл – оның айрықша азаматтығы. Достық үйі – 22 жыл бойы үздіксіз қызмет етіп, адамзаттың жарқын қасиеті – мейірім, достық пен тұрақтылық мекені болып келеді. Лео Шик әңгімесін әрі қарай жалғады. – Біз Достық үйінің мүмкіндігін арттырған жаңа ғимаратқа ие болған соң бұрынғы ғимаратты Өскемендегі алғашқы мешітті ашуға бердік. Төлеухан Қоғабаев ақсақал екеуміздің арқамыздан ауыр жүк түскендей болды. Алай­да, өңір басшылығы біздің алдымызға тағы бір тапсырма қойды. Достық үйін жөндеуден өткізу үшін 6 миллион теңгеден астам демеушілер қаржысын табу керек. Бұл ретте Надежда Аверьячкинамен кеңестім. На­дежда Максимовнамен ертеден аралас-құралас дос едік. Мен Ле­ниногорск қаласында насихат бөлімінің меңгерушісі болғанда, ол Зырянскіде жұмыс істеді. – Тоқанға өтініш айтып көрдің бе?, – деп сұрады Надежда. Ол Үлбі ауданының партия ұйымын басқарғанда Тоқан Шайжүнісов бірінші көмекшісі болған екен. – Міндетті түрде көмектеседі. Ол – қайырымдылық жасау үшін жаратылған адам, – деді. – Надежда қателеспеген екен. Содан бері Тоқан Шайжүнісов біз­ге жиі көмек көрсетіп келеді. Оның әкесі – Көкпекті балалар үйін 40 жылдан астам уақыт басқарған, Социалистік Еңбек Ері, «Қазақстанның еңбек сіңір­ген мұғалімі» атанған Жақия Шай­жүнісов. Әкеден дарыған текті­лік қой. Көптеген жылдар бойы Шығыс Қазақстан өңір­лік әлеуметтік жағынан аз қам­тыл­ған отбасыларды қолдау қорына жетекшілік етті. Мен балалар үйінің тәрбиеленушілерімен қатар өскен Тоқанның болмысын жақсы түсінемін. Өйткені, өзім де еңбек жолымды балалар үйінен бастаған едім. Біз Достық үйінің 20 жылдық мерекесін атап өткен кезде Тоқан Жақияұлы шығыс өңірінде басталған «Бейбітшілік пен тұрақтылықтың жол картасы» акциясына үлкен қолдау көрсетті, – деді Лео Шик. Қазақстан халқы Ассам­блея­сының ардагері тарқатып айтқан әңгімеден әр бастаманың нәтижелі бағыт алуы да түсіністіктің, дос­тықтың, тіл табысудың арқасы екен­дігін аңғаруға болады. Бүгінде Елбасы, Қазақстан халқы Ассамблеясының Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың ұйытқы болуымен республикамызда бірінші болып құрылған Достық үйі баяндылық пен берекелі қо­ғамның бастауына айналды. Думан АНАШ, «Егемен Қазақстан». ӨСКЕМЕН.