Аймақтар • 26 Мамыр, 2022

Қонаев рухына құрмет

371 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Біртуар тұлға Дінмұхамед Қонаевтың туғанына 110 жыл толуына орай, Сарысу ауданы, Жаңатас қаласына қарасты «Дегерес» елді мекеніндегі қазақ орта мектебіне қайраткердің есімі берілді. Сондай-ақ білім ошағының алдында Дінмұхамед Қонаев ескерткішінің ашылу рәсімі өтті. Жиында аудан әкімі Марат Сұлтанғалиев белгілі тұлғаның мерейтойы қарсаңында бұл аудан халқы үшін қуанышты жаңалық болғанын жеткізді.

Қонаев рухына құрмет

«Бұл мектеп бұған дейін Сәкен Сейфуллиннің атымен аталып келген болатын. Алайда біздің ауданда Сейфуллин атындағы мектеп екеу болғандықтан, оның біріне Қонаевтың есімін беруге ұсыныс бердік. Бұл ойымызды аудан тұрғындары да мақұлдап, бастамамызға оң бағасын берді», деді аудан әкімі. Айтыскер ақын Есет Досалы арнау айтып, ауданның дамуы жолында еңбек еткен азаматтардың еңбегін жырға қосты. Ал өз сөзінде аудандық Алқа билер кеңесінің төрағасы Серік Аппазов пен Дінмұхамед Қонаев ескерткішінің бой көтеруіне демеушілік көрсеткен кәсіпкер, Сарысу ауданының Құрметті азаматы, еліміздің Құрметті құрылысшысы Дәулеталды Жанбаевқа, аудан әкімі Марат Сұлтанғалиевке және мүсінші Алтай Бейсеновке алғыс айтты. Сондай-ақ Дәулеталды Жанбаев биылғы жылы бұл ескерткішпен қатар, бірқатар ауыл азаматтары бірігіп, Жаңа­тас қала­сындағы «Ұрпақтар аллеясы» аума­ғына Дінмұхамед Қонаевтың биіктігі 5 метр­ден асатын еңселі ескерткішін орнату да жоспарда бар екенін жеткізді. Ал облыстық арнаулы әлеуметтік қыз­мет көрсету орта­лығының директоры Балабек Нар­баев, Сарысу ауданының Құрметті азаматтары Лесбек Шайменұлы мен Алтын Досжанова құттықтау сөз сөйлеп, ауданның құрылу тарихы жөнінен әңгі­меледі. Сондай-ақ осынау игі іске атса­лысқан барша азаматтарға ақ батасын берді. Еңселі ескерткішті Басие Абдрахманов, Совет Бейімбетов және Тыныштық Бектөреева сынды ауданның зиялы қауым өкілдері салтанатты түрде ашты. Білім ошағының алдынан бой көтерген ескерткіштің биіктігі 3 метр. Ал 784 оқушыға арналған бұл мектеп 1987 жылы пайдалануға берілген. Қа­зіргі таңда мұнда 756 оқушы білім алу­­да. Мектеп директоры Гүлмира Өмір­баеваның айтуынша, биылғы 34 түлектің үшеуі «Алтын белгіге» үміткер екен.

Бұдан кейін аудандық мәдениет үйінде Дінмұхамед Қонаевтың туғанына 110 жыл толуына орай форум өтті. Ғы­лыми кеңеске «Д.Қонаев атындағы Халық­аралық қоры» облыстық филиалы директорының орынбасары, журналист Жаңабай Миллионов, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, жазушы Көсемәлі Сәттібайұлы, Д.Қонаев атындағы облыстық балалар мен жас­өспірімдер кітапханасы дирек­торының орынбасары Сайлаубек Лесбаев және Талас ауданындағы Д.Қонаев атындағы музейдің қызметкері Ілес Нұрұлы қатысып, көрнекті қайраткердің өмірі мен қызмет жолы туралы баяндама жасады. Форум барысында аудан әкімі Марат Сұлтанғалиев жеке қаражатына Д.Қонаевтың ескерткішін салып берген кәсіпкер Дәулеталды Жанбаевқа Алғыс хат табыстап, құрмет көрсетті. Сон­дай-ақ жуырда ғана аудандық ішкі саясат бөлімінің ұйымдастырумен өткен «Шабытымның шынары – Димаш ата» атты аудандық жыр мүшәйрасының жеңімпаздарын марапаттады.

 

Жамбыл облысы