Білім • 26 Мамыр, 2022

Түлектері жұмыссыз қалмайтын университет

563 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Тарыдай болып кіріп, таудай болып шыққан түлектер үшін өміріндегі жауапты сәт, міне. Жауапты сәт деп отырғаным, жандарына жақын мамандық таңдауы керек. Бәлкім, инженер, бәлкім, дәнекерлеуші... Ең бастысы – нағыз маман болып шықсын. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев айтқандай, бүгінгі таңда елі­міз­дің дамуы үшін техникалық саланы меңгерген мамандар ауадай қажет. Осы орайда ойға оралар университеттердің бірі және біре­гейі – Өскемендегі Д.Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университеті.

Түлектері жұмыссыз қалмайтын университет

Оқыту базасы толық қам­тылған бұл жоғары оқу орны сту­дентке тәжі­ри­белік бағыт-бағ­дар бере отырып, болашақ ма­ман­дардың білімін шың­дай түседі. Әуелі айта кетерлігі, уни­вер­ситет әлемдік деңгейдегі же­текші кә­сіп­орындармен тығыз байланыста, бір алаңда жұмыс істейді.

– Президенттің техникалық білім беруге көңіл бөлгені бізді қуантады. Университетіміздің бұл бағытта атқар­ған шаруасы қыруар. Біздің түлектеріміз еліміздің ғана емес, әлемнің үлкен кәсіпорындарында қыз­мет етіп жүр. Оқытушылар да тәжірибелі, білімді, – дейді ШҚТУ ректорының міндетін атқарушы Сәуле Жәдігерқызы.

Өскемен өндірісті қала бол­ған­дықтан, техникалық маман­дардың біліктілігі мен білімін арттыруға мүм­кіндік мол. Мәсе­лен, «ТМК» – әлемдегі ең ірі титан өндіруші кәсіпорын. Ти­тан­ның әлемдік нарығындағы үлесі – 17 пайыз. Бұл – аз көрсет­кіш емес. Сонымен қатар университет оқыту­шылары мен сту­денттері «Каз­цинк» ЖШС-мен де иық тірестіре жұмыс істейді. Аталған компания мырыш өндіру және оны өткі­зу нарығында 30 пайыздық үлеске ие. Яғни әлемдегі ең ірі жеткізуші. «ҮМЗ» – байытылған уран, сирек кездесетін бериллий, тантал сынды металдарды жеткізумен айналысатын ең ірі компаниялардың бірі. Тағы бір ірі де бірегей компания – «Kazminerals» ЖШС. Бұл кәсіпорын мыс, қорғасын, алтын өндіру мен қайта өңдеуге бейінделген.

Алтын қайнатып, мыс сапыратын кәсіпорынның қай­науында шыныққан студент­тердің болашағы зор. Диплом қолға тиген соң, жұмыс іздеп сандалмасы рас. Тех­ни­калық университетті тәмам­даған мамандарға еңбек нары­ғында сұраныс жоғары. Нақ­ты айтсақ, жұмыспен қам­ту көрсеткіші 94 пайызды құрай­ды. Университеттің біл­ім беру бағдарламаларын жұ­мыс берушілер, сарапшылар жоға­ры бағалайды. «Ата­мекен» ұлт­тық кәсіпкерлік палатасы ұсын­ған өлшемшарттар бо­йын­­ша жоғары оқу орны бағ­­дар­­ла­маларының 62 пайызы еліміз­дегі ең үздік бестікке кі­реді. Білім бағдарламасының сапасын халықаралық тәуелсіз агенттіктер растаған. Бағдарлама еуропалық лейбл­ге ие. Яғни ШҚТУ дипломдары Еуропада да мойындалады.

Осындай жетістіктерді бір деп қойыңыз. Екіншіден, университет­те жоғары деңгейде зерттеулер жүр­гізу­ге мүмкіндік беретін үш деңгейлі ин­­новациялық ғылыми-зерттеу эко­жүйе­­сі қалыптасқан. Тарқата айтсақ, бі­рін­ші деңгей – білім және зерттеу міндеттері, базалық факультеттер мен мек­теп­тердің оқу зертханасы. Екінші дең­гей – қолданбалы ғылыми-зерттеу міндеттері және келісімшарттық зерт­теу. Үшінші деңгей – тау-кен ме­тал­­лургия саласындағы ака­демиялық ар­тық­­шылық орта­лығы. Оның базасында металлургия, пайдалы қазбаларды өң­деу және байыту, материалтану саласында іргелі және қолданбалы ғылыми-зерттеулер жүргізіледі.

Университетте жалпы құны 3 млрд теңгеге жуық 5 мың­нан астам ғы­лыми-зерттеу және зертханалық жаб­дықтармен қамтылған ғылыми-зерттеу базасы құрылған.

Қазір жүргізіліп жатқан зерт­теу­лердің негізгі бағыттары – пайда­лы қазбалар кен орындарын іздеу және болжаудың жаңа технологиялары, дәстүрлі емес зеңбірек түрлерінің перспективаларын бағалау. Бұл бағыт-
­тағы серіктестер – Колорадо тау-кен мектебі (АҚШ), Акита уни­верситеті (Жа­пония), Геология және минералогия институты (Ресей), «Қазгеоақпарат» рес­пуб­ликалық геологиялық ақпарат орталығы. Медицинаға арналған заманауи материалдар мен материалтану зерттеу жұмыстары бойынша серіктестер – академик Н.Батпенов атындағы травматология және ортопедия ұлттық ғылыми орталығы, Се­мей медицина университеті, Ук­раи­наның жақ-бет хирургиясы қауымдастығы, «Казмедбиотех» ЖШС.

Университеттің үшінші ар­тық­шылығы – әлемнің түкпір-түкпірінен келген жоғары санатты мамандар дәріс оқиды, практикалық зерттеулер жүр­гізеді. Жыл сайын 60-тан аса ше­телдік ғалымды шақыра оты­­­рып, сту­денттердің жұмыс істеу қабілеттерін арттырады. Бел­гілі бағыттарда Еуропа, Ұлы­британия, Аустралия, АҚШ, Жа­пония, ТМД елдерінен келген ғалымдар дәріс оқиды. Олар­дың 20 пайыздан астамы – серіктес кәсіпорындардың жетек­ші мамандары.

ШҚТУ әлемнің жетекші тех­никалық жоғары оқу орындарымен бірлесіп қосдипломды бағдарламаны да іске асырып жатыр. Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні – техникалық университетке түскен түлектер ертеңгі күні жұмыссыз қалмайды.

 

Шығыс Қазақстан облысы